Бәсекеге қабілеттілік – білім деңгейінің өлшемі
Ұстаз – ұлағатты есім. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі, Павлодар облысы, Аққулы ауданындағы Малыбай жалпы орта білім беретін мектептің биология және химия пәнінің мұғалімі – Айтмұқан Бекболатұлы. Дарынды ұстаз қыркүйек айының аяғында өткізілген облыстық «Жыл мұғалімі-2019» байқауының нәтижесінде бас жүлдені жеңіп алды. Ол өзінің көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін, ұстаздық жолға келуіне де отбасы ықпал еткенін айтады.
-Отбасымызда бес бала бар. Әкем, анам – қарапайым адамдар. Мұғалімдікке қызығушылығым да отбасыммен тікелей байланысты десем, артық айтқандық болмас. Өйткені, ағам да, әпкем де, жеңгелерім де ұстаздық жолды таңдаған. Ұстаздық – ұлы жол. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Қазіргі таңда елімізді әлемге танытып жатқан кезде ұлтымыздың болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Жаһандану заманында бәсекеге қабілеттілік – білім деңгейінің өлшемі. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында,-дейді білікті маман.
-Айтмұқан Бекболатұлы, облыстың ең үздік мұғалімі атану оңай емес, бұл үлкен тәжірибені талап етеді. Қайда білім алдыңыз? «Жыл мұғалімі» байқауы қалай өтті?
-Білімнің қара шаңырағы – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында оқыдым. 2009-2013 оқу жылдардағы студенттік жылдарым әлі есімде. Сол кезде дәріс берген билология ғылымдарының докторы Қайырбай Базарбековтен көп нәрсе үйрендім, санама құйдым.
Бүгінде талапты да талантты, шығармашылықпен айналысатын ұстаздардың білім-білігін бағалау мақсатында түрлі сайыстар мен байқаулар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Осы орайда, әрбір ұстаздың шеберлігін анықтау мақсатында әдістеме кабинеті тарапынан жыл сайын «Жыл мұғалімі» байқауы ұйымдастырылады. Бұл дәстүрлі байқаудың аудандық кезеңі 2019 жылдың 13 қыркүйегінде Лебяжі жалпы орта білім беретін мектептің базасында өткізілді. Байқауға ауданның 12 пән мұғалімі қатысты. Осы жарыста бас жүлдені жеңіп алып, облыстық байқауға өттім. Өңіріміздегі байқау екі кезеңнен тұрды. Нәтижесінде, мен бас жүлде иегері болдым. Осы орайда, сайыс ұйымдастырушыларына өз алғысымды білдіргім келеді.
-Күні бүгінге дейін қандай жетістіктерге жеттіңіз? Жалпы сабақ өту барысында нені басшылыққа аласыз?
-2016 жылы аудандық ұстаздар арасындағы пән олимпиадасына, аудандық, облыстық «АКТ білім беруде», «Жас маман – 2015», «Жыл мұғалімі-2018» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншіледім.
Мектепте биология және химия пәндерінен сабақ беремін. Сабағымды ағылшын тілінде де өтетін кездер болады. Оқушыларымның білімге, үйренуге деген ынтасы зор. Оқу барысында мейлінше, ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдануға тырысамын. Бұл – өте маңызды. Өйткені, заманауи технологиялар барлық салада кеңінен қолданылуда. Бұл бағытта ұстаздар үшін де қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Облысымызда IT-сыныптар, мұғалімдерге арналған «Тeacher office» кабинеттері ашылып жатыр. Мұның барлығы – мұғалімдерге үлкен қолдау.
-Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
-Биология мен химиядан сабақ берсем де, жастайымнан әдебиетке деген қызығушылығым бар. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған І.Есенберлин, А.Құнанбаев кітаптарын оқимын. Одан бөлек, волейбол, шахмат ойындары қызықтырады. Мәселен, қазір оқушыларды шахматқа баулып жүрмін.
-Соңғы сұрағым, мұғалім болу оңай ма?
-Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.
Біз өз кезегімізде, заман ағымына сай, жаңаша ойлайтын, биіктерді бағындыруда мақсат қоя білетін білікті маман Айтмұқан Бекболатұлына ұстаздықтың сара жолында қажымас қайрат, күш-жігер тілейміз.
Бақдәулет НҰРМАТ,
Павлодар облысы Білім беру басқармасының баспасөз хатшысы
Загрузка...