«Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан…»

Ұлы ақын Абайға 175 жыл, ақын шәкірті Төлеу Көбдіковтің туғанына 145 жыл

Тобыкбаева Г.М., Семей қаласы, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның кітапхана меңгерушісі
Жумабекова Г.Б., Семей қаласы, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның тарих пәні мұғалімі

Мақсаты: Кемеңгер Абайдың дидарын көріп, аузынан ұлағатты сөзін естіп, қолынан дәм татқан адамдардың бірі – халық ақыны, Жазушылар Одағының мүшесі Төлеу Көбдіковтің ұрпағымен кездесу өткізіп, ақындығы арқасында кезінде Абай көріп, одан үлкен әсер алған әлеммен танысу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Төлеу Көбдіковтің шығармашылығын насихаттау.

Күтілетін нәтиже: Осындай өмір жолы бар адамдардың бірі – халық ақыны, Жазушылар Одағының мүшесі Төлеу Көбдіковтің ұрпағымен кездесудің нәтижесінде оқушыларымыз Абай әлемінің тағы бір қырымен танысады және көп мағлұмат алады.

Көрнекілігі: Кітап көрмесі, слайд – суреттер

Мектеп кітапхана меңгерушісі Тобықбаева Г.М:

– Армысыздар, құрметті оқушылар, мұғалімдер және қонақтар! Бүгін Рухани жаңғыру орталығында тағы да бір үлкен кездесу өткелі отыр. Біздің бүгінгі кездесуімізге арқау болған бұл Абай атамыздың 175 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған тәрбие істерінің бірі, кемеңгер бабамыздың дидарын көріп, аузынан ұлағатты сөзін естіп, қолынан дәм татқан адамдардың бірі – халық ақыны, Жазушылар Одағының мүшесі Төлеу Көбдіковтің ұрпағымен кездесу өткізіп, ақындығы арқасында кезінде Абай көріп, одан үлкен әсер алған әлеммен танысу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Баршаңызға бүгінгі «Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан…» атты пікір алысу, кездесу кешіне қош келдіңіздер демекпін!

Бізде бүгін қонақта Төлеу Көбдіковтың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізіп жүрген ұрпағының бірі, Төлеу Көбдіковтей ақын аталарыңның немересі Семей қаласы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми хатшысы Төлеуова Шынар Мұратқызымен таныстырғым келеді. Шынар Мұратқызы Ұлы Абайдың ақындық үлгісін жалғастырған дарынды шәкірті Төлеу Көбдіковтің таңғажайып туындылары бұрын жарияланбаған өлеңдерімен, дастандарымен толықтырылып, елу жылдан асқанда тұңғыш рет толық түрде оқырман қауымға ұсынылуына көмектесіп, атсалысты.

1-жүргізуші:

Әділет пен ақылға Сынатып көрген-білгенін, Білдірсе алыс, жақынға Солардың сөйле дегенін, – деп ұлы Абай жырлағандай, Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан асыл сөздің, шешендіктің небір маржандарынан қорытып, саралап, бойына сіңіріп, бүгінгі күнге жеткізген халық ауыз әдебиеті екені белгілі. Ал сол мол мұраны бірден-бірге, ұрпақтан-ұрпаққа сары алтындай сақтап, шаң жуытпай, кірлетпей алып келушілер халық ақындары мен жыраулары. Сонау өткен тар, қапас заманда халық мұңын жырлаған, елдің, жалпының жоғын жоқтаған, халқымен бірге қуанып, бірге қайғырған, әділін айтып, шындық ақиқат үшін күрескен осындай дәуір үніне ақындық дауыс қосқан, халқының қасиетін жанымен ұққан, ойы – өрелі, шешен, жүйріктердің бірі – халық ақыны Төлеу Көбдіков.

2-жүргізуші:

Әркiмдi заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманды жаман күйлемек, Замана оны илемек.

Шығыс өңірі – көркем сөзден зерделі кілем тоқыған танымал тұлғалардың өмір мен өнер есігін ашқан ортасы. Осы топырақтың тумаларының бірі – халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, төкпе айтыскер Төлеу Көбдіков. Ол 1874 жылы Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты ІІ ауыл, Мұзбел жерінде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас аулында) дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған, Төлеу жасөспірімдік шағында сол өлкеге ақындардың толғау-дастандарын нақышына келтіре отырып жат орындау шеберлігімен танылған.

Ендеше Төлеу Көбдіков атамыздың немересі Шынар Мұратқызына сөз кезегін берейік.

Шынар Мұратқызының сөзі:

…………………………………………………………………………………………………………………….

2-жүргізуші:

Ақындық өнеріне ол туған ұяда қанаттанды. Халық «ер жігіттің үш жұрты бар» десе, Төлеудің өнерлісі де, үлгілісі де нағашы жұрты болған. Анасы көпке әйгілі Қуандық Абайдың замандасы, ұлы ақынмен айтыста сөз қағыстырған… Нағашы атасы Сабырбай, оның інісі Түбек, олардың әкесі Ақтайлақ би қалың Найман ішінде он жеті ақын шыққан Сыбан руынан тарайтын, шешендіктен алдына жан салмаған, әйгілі адамдар болған.

Кенжегазина Гүлім: Абайға


Төлеу ақын ауыл молдасынан сауатын ашып, мұсылманша хат таныған соң, он бес жасынан былай ойын-тойларда айтыс, жырларымен, әсіресе ескі ақындардың толғау, дастандарын жатқа айтумен таныла бастаған. Төлеудің інісі Мұқаш та ақындық қуып, екеуі үнемі айтысып отырады екен. Баласының қабілетін бірден байқаған анасы Қуандық сөз өнерінің құдіретін ерте кезден ұғын-дырып, үлкен үміт артқан. Баласы Төлеуді Абайға әлденеше апарып кейіннен сәлем айтып өзін жіберіп отырған. Ондағы ойы ұлының ғажайып өнер –
поэзияға жақын болып, содан нәр алғанын қалаған. Абайдың әңгімесін, ақыл кеңесін, өсиет сөзін естіп өскен Төлеу ақын ұлы ақын жайында естеліктер жазған. Абай бойынан өзі аңдаған мінезбен қасиеттің терең адамгершіліктің кесек сипаттарына ұқсап бақсам деген ізгі ниет ұстанған.

– Абай сөзі бар ма алмайтұғын,
Бекер деп мына жері нанбайтұғын.
Нұр төгіп шам-шырақтай жарық қылар
Қайдағы қараңғыны жанбайтұғын.
Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан
Қарыны ашып, өзегі талмайтұғын.
Бір көрген қайта-қайта көргісі кеп,
Сұлудай сүйсе, мейір қанбайтұғын.
Саф алтын Абай сөзі меруерт-маржан,
Теңіздің тереңінен теріп жазған.
Білгенге бұдан қымбат зат болмайды,
Әрине, ұқпағанға судан да арзан.
Жарыққа шығарған соң Абай сөзін,
Оянып көп адамға берген сезім.
«Іші алтын, сырты күміс» қымбатты өлең,
Үлгі боп ақындардың ашқан көзін.

2-жүргізуші:

Абайдың алдын көру, жүздесу, оның ақылды сөзін тыңдау Төлеу үшін үлкен мектеп болды. Жас кезінде көбіне суырып-салмалыққа ден қойса, кейіннен Абай дәстүріне ауысып, домбырадан гөрі қаламды жақын тартады. Т.Көбдіков ғұмырының тең жартысы қоғамдық өмірдегі, жеке өз басындағы небір қиын-қыстау жағдайлармен, қайғы-қасіретпен өткен. 1916 жылы 25-маусымда Ресей патшасы Николай ІІ-шінің қазақ өлкесінің 19 бен 43 жас арасындағы 500 мың адамды майданға қара жұмысқа алу туралы жарлығы шығады. Мұны естіген Шұбартау халқы дүр көтеріліп, Қытай кетуге қам жасайды. Алайда, ата-бабаларының сүйектері жатқан туған өлкені қиып, бөтен жерге қашқан елді тоқтатуға ақсақалдар басшыларды емес, сөзі уытты Төлеу ақынды жұмсаған. Осы көтеріліске арналған ақынның «1916 жыл» деген ұзақ толғауы елді үдере көшіп, Қытай асып кетуден тоқтатқан.

1-жүргізуші:

Арада біраз жыл өткен соң 37-нің зобалаңы басталады. Осы жылы қыркүйек айының бір күнінде Құлжанбек деген мұғалім баласы мектептен оралмаған. Бірнеше күннен соң белгілі мекемеден белгісіз адамдар келіп, «адамдарыңызды іздемей-ақ қойыңыздар» деп кетіпті. Тағы да қауіптің төнгенін сезген ақын бір түнде ат-арбамен Барнаул қаласынан бір-ақ шыққан. Жан-жақтан жан сауғалап, қашып барған қазақтармен бірге үш жыл өмір өткізген. Тұрмыстан көрген бейнет ақынның рухани серігі – қаламды әрірек қойып, жан бағу қамымен мал соңына салады. Кім біледі, мүмкін қалған өмірін сол жақта өткізер ме еді, егер ақын тағдырына күрт бетбұрыс әкелген «Сарыарқа» толғауы болмаса. Жинақты оқыған І.Жансүгіров М.Әуезовтен «Мына жырдың иесі кім, өлеңі жақсы екен» деген екен. М.Әуезов Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтан ақын жайында дерек сұрайды. Әрхам Ысқақов «бұл баяғы Сабырбай ақынның жиені, Қуандықтың баласы – Төлеу. Қазір Батыс Сібір жақта бір колхозда қойшы», – деген. М.Әуезов Жазушылар одағынан тиісті қаражат бергізіп, Әрхам Ысқақовты ақынға жөнелтеді. Әрхам Ысқақұлы ақынның үйінде бір апта жатып, ақыры елге көшіріп әкеледі. Туған жеріне баруға әлі де сескенген ақын жолшыбай Шар станциясын мекендеп қалады. Қалуының тағы бір себебі – оның Құлжанбек деген мұғалім баласы Шарда дүние салған. 1941 жылы ел басына күн туып, соғыс басталған кезде Төлеу ақын жалынды жырларымен майдандағы жауынгерлерге отты, рухы биік өлеңдерін арнады.

Кенжегалиева Алтынай: Т. Көбдіков «Ахрамға айтқаны»

2-Жүргізуші:

Ұлы Отан соғысындағы кеңес жауынгерлерінің жеңісі – жетпістен асқан қарт ақын үшін ерекше қуаныш болды. Ақын соғыстан қамкөңіл болып отырған ауыл адамдарының рухын көтеріп, ел аралап, өлеңмен үгіт-насихат жүргізеді. 1942 жылы Т.Көбдіков, С.Әлімбетов, Қ.Алтынбаев Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің (жауапты хатшысы ҚайымМұхамедханов) жолдамасымен Аягөз, Шұбартау аудандарына шыққан. Сонау 1929 жылдан бері көрмеген ел-жұртын сағынып, жолдаманы әдейі Шұбартауға сұрапты. «Шұбартау» толғау өлеңі сол сапарында туған. Елін он үш жылдай көрмей жүріп, жерді сағынып келгендегі ақынның ақтарыла айтқаны.

Шұбартау – туысқан ел, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Жалаңаш, жалаң аяқ жарға ойнаған
Көйлек желпіп көбелек қуған жерім…
Қызбын ғой мен бір кәрі төркіндеген,
Келдім ғой көрсем деген сертімменен.
Бұйырып басқа жердің дәм мен суы
Уақыт мезгілінде келтірмеген.
Қойтастан жердің шеті көрінгенде,
Жас келді екі көзге мөлтілдеген.

1-жүргізуші:

Ақын Төлеу Көбдіков өнерінің бір қыры – айтыскер ақын екендігі. Айтысқа жас кезінен араласады. Ақын республикалық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 1943 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына Семей ақындарын бастап апарған да, ең алдыңғы қатардағы жүлде алған ақынның да бірі – Төлеу Көбдіков. Шынар Мұратқызы, Сізге біздің оқушыларымыздың қоятын сұрақтары бар еді. Енді соған кезек берсек.

1-сұрақ: Төлеу Көбдіков өз ақындық өнерінде қандай тақырыптарды қозғады?

2-сұрақ: Ақынның Абайға, оның шығармашылығына деген қызығушылығы неше жасында, қай оқиғадан, не себепкерліктен пайда болды?

3-сұрақ: Атаңыз Абайдың қандай туыстарымен қарым-қатынаста болды?

4-сұрақ: Жыр алыбы Жамбылдың мерейтойында қай ақынмен айтысты және сол айтыс сақталған ба?

Төлеуғазы Жанел. Т.Көбдіков «Ақылыммен кездесу»

2-жүргізуші:

1954 жылы Т.Көбдіковтің 80 жылдығы Қазақстан көлемінде кеңінен аталып өтті. Осы жылы 18 қазандағы Жарлық бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы оған «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген атақ берді.

Ақын 81-ге қараған шағында 1954 жылы 23-қараша күні Шар қаласында ұзаққа созылған жүрек ауруынан қайтыс болды.

1-жүргізуші:

Ендігі кезекте осы рухани жаңғыру орталығының «Құрмет кітабыны» өз қолтаңбаңызды қалдыруыңыз сұралады.

5 «А» сынып оқушысы Құрманғазы Ботагөздің орындауында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні

2-жүргізуші: Міне бүгінгі кездесуіміз де өз мәресіне жетті. Шынар Мұратқызы сізге көптен-көп рахмет. Қазір естелік суретке түссек.. Сау-саламат болыңыздар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Читайте также:

Добавить комментарий