Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың маңыздылығы

“Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл”, – демекші, көп тіл білу – жаһанданудың бір кепілі. Шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де маңызды мәселелердің бірі. Ағылшын тілі – әлемдік бизнес тілі, оны жетік меңгеру – біздің жастарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.

Заманға сай еліміздің дамуындағы барлық салаға жаңашылдық өзгерістер жедел енгізілуде. Соңғы жылдары жиі айтылған үштілділік – бәсекеге қабілетті елдердің сапынан көрінуге негіз қалайтын баспалдақтардың бірі. Осы мақсатта мектеп қабырғасынан бастап жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Білім саласындағы ұтымды үдерістерді алдыңғылардың бірі ретінде тәжірибеде қолдануға мүдделі мектебімізде өткен оқу жылынан бастап үлгі ретінде арнайы сынып жасақталып, оқушылар биология, химия және информатика пәндерін үш тілде қатар меңгере бастады.

Жасыратыны жоқ,  пән мен тілді қатар алып жүрудің қиындығымен қатар қызығда барын байқадық. Үш тілде білім алудың алғашқы жылында оқушыларға жаратылыстану ғылымы пәндерін біртіндеп ағылшын тілінде оқыту арқылы сөздік қорларын көбейтіп, ойлау қабілеттерін жетілдіруіне жол ашылды. Үш тілде сыныптан тыс жұмыстар мен ашық сабақтар жүргізіліп, пәнді ағылшын тілінде меңгеру деңгейлері жыл сайын жоғарылай бастағаны көрінуде. Соның бір мысалы ретінде былтырғы жылдың желтоқсан айындағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында білім ордасында аудандық деңгейдегі ауқымды семинарды алғаш рет ұйымдастыруға мүмкіндік алдық.

Осы басқосу аясында биология пәнінің мұғалімі Қашкынова Нәзипа Жақсылыққызы 9 «А» сынып оқушыларымен «Brain-computer interfaces» тақырыбында үш тілде пікір талас өрбітті. Сабақтың негізгі мақсаты – нейрокомпьютерлік интерфейстің бізге берер мүмкіндіктері мен  кемшіліктерін салыстыруға бағытталған. Білімгерлер тың технология туралы мол мағлұматтарды зерделеп, артықшылықтары мен кемшін тұстарын сарапқа салды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ақпарат тарды жиналғандарға еркін де сауатты жеткізуі арқылы шығармашылық қабілеттері мен ізденісті білім деңгейлерін көрсете білді.

Тіл – қай ұлтқа да қай мемлекетте болмасын қастерлі де қымбат қазына. Бүгінгі заман баршаның бәсекеге қабілетті болуын талап етіп, ұстаздар қауымына жан-жақты тұлға тәрбиелеудің ауыр салмағын жүктеп отыр. Халықаралық қауымдастықтың құрамындағы өркениетті жұрттың алғашқы легіне орнығу үшін білімі мен білігі жағынан кәсіби сауатты мамандардың үздік шоғыры даралануы тиіс. Бұл бағыттағы қатаң қағида көп тілділік. Әсіресе ағылшын тіліндегі жүйріктердің шашасына шаң жұқпайды. 

“Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте”, – деп арқалы ақынымыз жырлағандай, ең алдымен мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміз – қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазу парасатты парызымыз және мерейлі міндет. Содан соң басқа ұлттың тілдерін үйрену арқылы біліктілігімізді жетілдірсек ғылымның кез-келген саласы бойынша биік белестерді бағындыра алатындығымыз айдан анық.

Гульвира Рахымқызы РАЕВА, 
№179 жалпы білім беретін мектеп 
директорының оқу  тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Алматы қаласының Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий