Қазақша үйрететін кәріс маман

Ұлты – корей, кіндік қаны тамған жері – Өзбекстан, мамандығы – дәрігер 38 жастағы Владислав Тен қазіргі таңда елордасында тұрады. «Мәміле Тен» атты тіл клубында қазақ тілінен сабақ беріп танымал болған азамат, көкейіміздегі көптеген сұрақтарға нақты жауап берді.   

Владислав, туып өскен жеріңіз Өзбекстан болғанымен тұрып жатқан жеріңіз Қазақстан. Көшіп келуге не себеп болды? – Шынын айтсақ, біріншіден ата-анам бұл қалаға 2003 жылы көшіп келген соң мені арнайы шақырған болатын. Алайда мен қоныс аударуға асықпадым. Сіздердің астанаға мен тек осыдан он жыл бұрын біржолата келдім. Екіншіден сол кезде ала шапанды ағайындардың мемлекетіндегі қаржылық жағдай нашарлағандықтан тұрмыс тіршілік ауырлай түсті. Ендігі мақсатым осы қалаға тұрақты сіңісіп, азаматтық алу. Себебі бұл елде өмір сүру маған ұнады.

Әлеуметтік желіде мені тәнті еткен ол өзге елдің азаматы қазақтарға қазақ тілін үйреткенінде. – Оныңыз рас. Жалпы мен тұрғындармен барлық жағдайда мемлекеттік тілде сөйлесу үшін қазақ тілін игеру маған да ең алғашында қиынға соқты. Неге десеңіз, өкінішке орай қазақтардың көбіе орысша сөйлейді. Әлі күнге дейін бұл келеңсіз құбылыстан құтыла алмай келеміз. Ал, қазір мен сіздердің ана тілдеріңізде таза сөйлей аламын, тек екпінім ғана болмаса. Мені ешкім арнайы үйреткен жоқ. Жеке талпынысым мен ізденісімнің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын.

Естуім бойынша сіз әлемнің бірнеше тілінде сөйлей аласыз. Бұл ақпарат қаншалықты рас? – Негізі мен әлемнің отызға  жуық тілінде оқи аламын. Нақты білетінім – ағылшын, орыс, корей, өзбек және қазақ тілдері. Өзбекстанда оқып жүргенде маған Кореяда тағылымдамадан өтуге ұсыныс түсті. Ал онда баруым үшін ағылшын тілін білуім керек болды. Осылайша тілдерге деген қызығушылығым оянды.

Сіз үшін ең күрделі тіл? – Қазақ тілі! Әлемнің басқа тілдерімен салыстырғанда қазақ тілінің мазмұны бай. Бір сөз көптеген мағынаны білдіреді немесе бір мағынаны бірнеше сөзбен жеткізуге болады. Алайда мен қазақ тілін әлі толық меңгеріп біткен жоқпын. Уақыт өте келе тіл үйренудің өзіндік әдістемем қалыптаса бастағанын түсіндім. Бірінші әдісім – грамматика мен дыбыстық үндестік, екіншісі кітап оқу, үшіншісі қоғаммен араласу. Бертін келе осы тәсілдер арқылы ынта ықыласы бар талапкерлерге білгенімді үйрету туралы шешім қабылдап, былтыр арнайы орталықты аштым.

Тіл меңгеру үшін жас ерекшелігі маңызды ма? – Жоқ. Ең бастысы ниет қажет. Талаптанған адам мұратына жететіндігі баршаға белгілі.

Сіздің ойыңызша қазіргі қаптаған қазақ тілі курстарында не жетіспейді? – Кез-келген адам бірінші өзінен бастау керек. Мұғалімнің де атқаратын қызметі зор әрине. Өкінішке орай көп ұстаздар тілді тек оқытқызады. Ал мен әрбір сөздің мағынасын толыққанды түсіндіруге барымды саламын. Егер де, оқып отырып сөздердің мағынасына зейін қоймасаң онда мұның бәрі бос уақыт өткізгендік саналады. Дей тұрғанымен де мен бұл мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселеге жай көзбен бей-жай қарамай, болашақта қазақ тілінің әдістемесіне бағытталған арнайы зерттеу еңбегімді жариялауды ойлап жүрмін.

Қазақ елінің болашағын сол елдің бір саласының дамуына үлесін қосып жүрген Владиславтың көзімен қалай көреміз? – Жалпы тәуелсіз елдеріңіздің жетістіктері өте көп. Тарихы бай, жерінің көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынға ие. Ұлт мақтанышына айналған тарихи тұлғалар жетерлік. Тізбелей берсем айтатын әңгіме ұзақ. Саяси бағыттағы кейбір тақырыптарда терең тақылауда түсінбейтін тұстарым барын екендігін жасырмаймын. Бірақ тұрмыс тіршілікті түзетудегі ілкімді аз емес. Әрбір мемлекеттің даму қарқыны экономикадағы өзгерістермен өлшенеді. Ал ол жағы өзге көршілес елдермен салыстырғанда көш ілгері. Сондықтан, мен қазақ жұртының болашағы баянды болатынына кәміл сенемін.

Алтын уақытыңызды бөліп, еркін әңгімелескеніңізге ризашылық білдіремін. Қазақ тілін дамыту арқылы кеңінен насихаттатуға бағытталған алдағы биік мақсатыңызға жете беруіңізге тілектеспін!

Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий