Қазақ тілі мен география пәндері арасындағы көлденең жоспарлаудың маңызы

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ұтымды әдістердің бірі – пән ішіндегі көлденең жоспарлау. Параллель сынып мұғалімдері бірлесіп, келесі сабақты жоспарлайды, яғни, өткен сабақтың нәтижесі бойынша келесі дағдыны қарастырған кезде неге аса мән беру керектігі, нені зерттеуге көңіл аудару қажеттігі қарастырылады. Бұл Зияткерлік мектептерде жолға қойылып, оң нәтижесін көрсетіп келе жатқан жосарлаудың түрі болып табылады.

Көлденең жоспарлаудың келесі түрі – пәндер арасындағы деңгейлес жоспарлау. Әртүрлі пән мұғалімдері алдын ала оқу жоспарын бірге қарап, бөлімдерде, оқу мақсаттарында, дағдыларда ұқсастық бар ма, қай жерден бір пәннің мүмкіндігін екінші пәнді оқытуда қолдануға болады, соны қарастырады. Пән арасындағы көлденең жоспарлау оқушыны қызықтыруға, олардың бір пәннен алған білімдерін келесі пәндерде сол пәннің ерекшелігіне сай қолданып, қажетті дағдыны дамытуларына мүмкіндік туызады. Әртүрлі пәндерден мол жүктеме қабылдап, шаршауларына тосқауыл болады. Осы бағытта қазақ тілі мен география пәндерінің арасында да кейбір сабақтар көлденең жоспарлауға негізделіп өткізілді.

Сегізінші сыныптың қазақ тілінде «Отбасы және демографиялық өзгеріс» деп аталатын бөлім бар. Осы бөлімнің «8.Ж3.Мәтін құрылымын (кіріспе бөлім, жалпы мәлімет беру, детальді мәлімет беру) сақтай отырып, графиктік мәтін (шартты белгі, сурет, сызба) түрінде берілген процесті сипаттап жазу» деп аталатын оқу мақсатын жүзеге асыруда қазақ отбасы және ондағы демографиялық өзгерістерге байланысты шартты белгілер, сызбалар немесе суреттер қарастырылуы мүмкін еді. Ал бірақ география пәнінде де осы бөлім бар болғандықтан, екі пән мұғалімі ақылдасып, география пәнінің бөлімінің мазмұнын қамтитындай, қазақ тілінің оқу мақсатын жүзеге асыратындай сурет таңдауға келісті. География пәнінің мұғалімі Жапония, Германия сияқты дамыған елдердің және Нигерия, Пәкістан сынды дамушы елдердің тұрмысын бейнелейтіндей сурет ұсынды.

Суреттерде Жапония мен Германия азаматтарының жарқын өмірі, Нигерияның аш-жалаңаш балаларының тұрмысы, келесі суретте қолдарында бос ыдыстары бар, ұзын-сонар кезекте тұрған Пәкістан қыздарының абыржулы түрлері бейнеленген. Оқушылар суреттердегі адамдарды сипаттап жазады: әртүрлі елдердегі отбасылық тұрмыс жағдайларға тоқталады, демографиялық өзгерістерді анықтайды. Сынып оқушыларына мынадай сұрақтар ұсынылды. Жапонияда туу саны төмен, бірақ адамдардың өмір сүру жасы жоғары. Бұған қандай факторлар әсер етуі мүмкін? Суретпен байланыстырып сипаттап жазыңыздар. Нигерияда туу саны жоғары болғанмен, адамдардың өмір сүру жасы төмен. Мұның себебі неде деп ойлайсыздар? Суретпен байланыстырып, сипаттап жазыңыздар.

Пәкістандық қыздардың сыртқы түрін – киім киісін, көңіл-күйін, әрекетін сипаттаңыздар. Суреттерге қарай отырып, «Демографиялық өзгерістердің өсуіне және кемуіне әкелетін жағдайлар» деген тақырыпта сипаттама мәтін жазыңыздар. Қосымша – Жапонияда адамдардың өмір сүру ұзақтығы: 80-90 жас, Нигерияда: 37 жастың шамасын құрайды. Сынып оқушылары қабырғаға ілінген сұрақтарды аралап оқып шықты, өзін қызықтыратын сұрақты таңдап, топта, жұпта немесе жеке сипаттама мәтінін жазды. Бұл сабақты көлденең жоспарлауда келесі пәннің мазмұнын пайдалана отырып, қазақ тілінің жазылым дағдысын қалыптастыру жүзеге асырылды.

География пәнінен 8-сыныпта «Гидрология. Құрлық сулары» бөлімінің «8.3.3.5 құрлық суларының экологиялық проблемаларын жіктеу, шешу жолдарын ұсыну (жергілікті компонентті қосымша қамту негізінде)» оқу мақсатын жүзеге асыруда «Эссе. Арал проблемасы» деген тақырып ұсынылған. География және қазақ тілі пәнінің мұғалімдері кездесіп, эссенің тақырыптарын шығарды, бағалау критерийін анықтап, дескриптор құрастырды. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі эссе туралы қосымша деректер ұсынды. Екі пән мұғалімі бірлесіп, оқушылардың таңдауына мына тақырыптарды ұсынды.

Арал теңізінің экологиялық апатты аймаққа айналуына анторпогендік фактор қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз? Арал теңізінің тартылуы жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қалай әсер етті? Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының өзгерісін қалай сипаттаған болар едіңіз? Арал теңізінің тартылуы сол өңірдің флорасы мен фаунасына әсер етті деп ойлайсыз ба? Неліктен олай ойлайсыз? Арал теңізі проблемасын шешудің жолдары бар деп ойлайсыз ба? Бұл тұрғыда дүниежүзілік ғалымдардың қандай болжамдары бар?

Пәндер арасындағы көлденең жоспарлауда бір пән мазмұны екінші пәнді қолдай алады, екінші пәннің оқу мақсатын, дағдысын, бағалауын жүзеге асырады, білім алуда мол мүмкіндікке жетелейді. Пән мұғалімдері қандай бөлімде, оқу мақсатында, дағдыда, бағалауда сәйкес келетінін анықтап алып, бірі материал ұсынып, екіншісі екі пәнді қолдайтындай түрде жүзеге асырса, оқушылардың тиімді білім алуына әсері болады.

Ақмарал Тілекқабылқызы КАМЕНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің модератор-мұғалімі,
Зарипа Әлібекқызы АЙШУАҚОВА,
география пәнінің модератор-мұғалімі, Атырау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий