Абай әлемге танылған тұлға
Тарихи тұлғаның мерейтойына орай біздің білім ордасында жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қазақ тілі мен әдебиет кабинетінен ұлы ақынымыз Абай ақынның жұмыс орны іспеттес бір орын бөлініп, ақыннның өмірбаяндық деректері мен туындылар жинағына қоса жылжымалы кітапшалар құрастырылды.
Абай Құнанбайұлы туралы көрнекті сөздер жазылып, қабырғаға ілінген. Ұлы ақынның өнегелі өмірі мен өлеңдерін, әндерін оқушылар бойына сіңіре түсу мақсатында «Әлем таныған ұлы Абай» атты сынып сағатын өткіздім. Оқушыларға ақынның өмірі жайында видео ролик көрсетіліп, ақын туралы айтылған танымал тұлғалар мен мемлекет басшыларының пайымды пікірлері ортаға салынды.
Бастауыш сынып оқушылары өршіл өлеңдерді мәнерлей оқып берсе, ортаншы сынып шәкірттері әуезді әндерін әдемі орындап берді. Жоғары сынып оқушыларының арасындағы жас ақын, аудандық байқауларда шығармашылыө талантымен топ жарып жүрген Төлеш Бекжанның Абай атасына арнаған жыр шумақтарына тыңдармандар қошамет көрсетті. Тоғызыншы сынып оқушылары Абайдың қара сөздерінің мәні мен мағынасына назар аударды.
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп Абай атамыз айтқандай сабақтың соңында көпшілік қауым сүйіп тыңдайтын «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындадық. Қорытынды кезеңде тақырыпты талдауға белсене араласқан ұл-қыздар түрлі мадақтамалармен марапатталды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!» деп аяқтағым келеді сөзімнің соңын.
Айнагүл АЙТМАГАНБЕТОВА,
Ынтымақ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Павлодар облысы, Ертіс ауданы,
Төменде 8-сынып оқушысы Төлеш Бекжанның ақын Абайға арнаған өлеңдерін ұсынып отырмыз:
Сыйға тартам жырларымды
Абай ата жырларын,
Құйып өстім жадыма.
Қадіріңді біледі ел,
Жаралғансыз бағына.
Мен дағы бала ақын.
Жырға жақын жүретін.
Осы өлеңді сізге арнадым,
Сыйым осы беретін.
Сыйға тартам жырларымды,
Жүректегі сырларымды.
Рухың мәңгі жебесін,
Өнерлі ұл-қыздарыңды.
Ғибраттық қара сөздері
Сөнбес сәуле болдың болашаққа,
Паш еттің қазақ елін шартарапқа.
Жаныма жақын тиер әр өлеңің,
Жүректі жарып шыққан әр сөздерің.
Үлгі тұтып, сабақта ден қоямыз,
Өзіңіз жазып кеткен қара сөзге.
Өмірдің ыңғайына салып келем.
Өзіңіз салып кеткен дара жолда.
Ғибрат алып, біз пенде, сөздеріңнен.
Көңілге құйып алып, керек-дерек.
Мағынасына терең бойлап көз сүземіз.
Ғақлиялық даналық сілтемеден.
Қасиетінен қара сөздің айналайын
Абайдың дәл өзіндей қарапайым.
Келешекке жол сілтеп жырларымен,
Жастарға өнеге ғып, жазып кеткен.
Абай хакім
Ақынның өлеңдерін оқып келем,
Әрқашан көңіліме тоқып келем.
Өнерімен баураған жас буынды,
Үздік ақын бір өзің, Абай хакім.
Сенің әрбір өлеңің қымбат маған,
Оқығанда әр сөзден шабыт алам.
Шабытпенен қолыма қалам алып,
Жүрек жарды сырларды тағы жазам.
Данасың сен, данышпандар ішінде.
Сен ұлысың, ұлылығың ісіңде,
Мойындайды өзіңді бар ғаламның,
Ақындары үлкені де, кіші де.
Біздер жүрміз сізді оқуға машық болып,
Сіз жазған өлеңдерге ғашық болып,
Сіз айтқан бес нәрседен қащық болып,
Сіз айтқан бес асылға асық болып.
Абайша
Абай – дана,
Абай – дара.
Абай мұра ұрпаққа.
Абай үні,
Салған ізі.
Жетелейді тек алға.
Білім, еңбек,
Бәрін жеңбек.
Деген еді-ау, ақыным.
Құлаш сермеп,
Желеп-жебеп,
Жүрші мені аруағым.
Сіздей мәңгі.
Жүректердің.
Түкпірінде қалайын.