Патриот болу – парызың
Патриот – ұлтын сүйетін, өз тарихын, туған тілін құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт – дәстүрін дәріптейтін, ұлттық қадір – қасиетімізді арттыруға үлес қосатын саналы тұлға. Туған елі үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білетін асыл тұлға. Патриоттық тәрбие, ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның ата – анасын, туған – туыстарын жақсы көруден басталады емес пе?! Абай атамыз айтқандай, бүгінгі жастардың дүниенің кетігін тауып, қалануды көздеу, өз елін сүюге, өз елінің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеу – нарықтық кезеңде маңызы жоғары тұрған зор міндеттердің бірі деп ойлаймын. Осы тәрбиенің ең маңыздысы – балаға патриоттық тәрбие беру.
Бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі маманы. Оның балалық шағы – ұмытылмас бал күндерге толы болып, тәтті қылықтарымен есте қалуы маңызды. Осы кезде бойға ұялаған тәрбиенің есейген шақта нәтижесін берері сөзсіз. Адам өмірінің қайталанбас сәттерінің есте қалар жарқын күндері болуы тиіс оларға сапалы білім берумен қатар, сыни шығармашылық ойлауға, топ ішінде жұмыс жасауға үйретуіміз керек. Балалар бойында білімқұмарлық, ынталық, табандылық, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени сапарларды сіңіруіміз қажет. Осындай талаптар биігінен шығу жолында «Балдәурен-Балқаш» республикалық оқу-сауықтыру орталығы талмай еңбек етуде. Оқушы балаларды жыл бойы үздіксіз оқу-сауықтырумен қамтамасыз етуші, өзінің бірегей жұмыс жүйесімен ерекшеленеді.
Орталық – патриотизмнің қайнар көзі. Жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, елі мен жерінің тарихына қайта үңілуіне мүмкүндік беретін тәлім-тәрбиенің озық үлгілерін жаңа форматта жүзеге асыруда адами құндылықтар басты бағдарда. Орталықта балалармен жұмысты ұйымдастырушы-ұстаздар, педагогтер, қосымша білім беру мамандары, спорт нұсқаушылар және медицина қызметкерлерінің бірлескен нәтижесінде жүзеге асады.
Әрине, елімізде осыған байланысты көптеген іс-шаралар қолға алынуда. «Балдәурен-Балқаш» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 2020 жылдың «Мен патриотпын» Қазақстандағы еріктілер жылына арналған ауысымы өтіп жатыр. 2-ауысым ақпанның 1 мен 21 аралығында өткен болатын. Ауысым барысында балалар өз белсенділігімен ерекше көзге түсті. Осы орайда, оқу кешені «Мен елімнің патриотымын» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Кеш жаңа форматта өтті. Қатысушылар қазақ халқының осы күнге дейінгі бастан кешкен оқиғаларын қызықты қойылымдарымен көрсетіп шықты. Әрине, патриоттарымыз тек тарихты біліп қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды да білуі тиіс. Осы орайда «Салт дәстүр» атты бекет бойынша ойыны ұйымдасырылды. Балалар әр бекетте салт-дәстүрімізге байланысты сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмалар орындады. Сонымен қоса, «Тапқыр достар» атты интеллектуалды ойыны барлық баланың жанарын жаулаған қызықты ойын ретінде есте қалды.
Бұл іс-шаралардың балаларға берер пайдасы бар ма?! Әрине бар.
– Біріншіден, еліміздің әр өңірінен жиналған балалар өздері секілді жас жеткіншектердің көп екендігін көзбен көріп, сезінеді. Тәжірибе алмасады.
– Екіншіден, білім тек ақпараттарды қабылдау емес. Нағыз білім – білгеніңді өмірде пайдалана білу. Орталық осы бағытқа да, баса назар аударады.
– Үшіншіден, балалар өздеріне жақсы, ойлары бір арнада тоғысатын достар табады. Бұл да менің ойымша өте маңызды.
Жұмыс формасы әр ауысым сайын жаңарып отырады. Әр ауысым өзінің тақырыбына сай демалушы балаларды жинайды.
Қорытындылай келе, еліміз елін сүйген өрендерді ешқашан ұмыт қалдырмайды. Әрқашан өз еңбегіне лайық жемісін көреді. Біз жас ұрпақтың еліне деген махаббатын оята білуіміз керек. Неге?! Өйткені еліміздің келешегі осы жас ұрпақтың қолында.
Думан РУСТЕМОВ,
«Балдәурен»-Балқаш РОСО
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі