“Креативті матрица” әдісін жазылым дағдысын дамытуға қолданудың тиімділігі
“Жазылым төрт дағдының ішінде оқушының нәтиже көрсететін, мұғалімнің өнім алатын дағдысы болып табылады”. Әдетте, біз оқушының жазылым жұмысынан ерекше ой мен идеялардың көрініс табуын күтеміз. Ондай нәтиженің көрініс табуы тікелей жазылымға дейінгі орындалған жұмыстардың қорытындысынан шығатынын естен шығармауымыз керек. Себебі, оқушы жазылым жұмысын осыған дейінгі жинаған ақпараттары мен сөздік қорды қолданып жазады.
Мұғалім өз тарапынан оқушының жазылым тапсырмасын белгіленген талаптар негізінде жазып шығуы үшін ұсынылған тақырыпқа қатысты ақпаратты, деректі саралап қолдануға дағдыландыруы қажет. Жазылым жұмысының сәтті шығуы ең алдымен сөздік қордың мол болуына тікелей байланысты. Сөздік қор-оқылым арқылы келеді. Оқылым – жазылым жұмысына дайындық кезеңі. Оқылым арқылы жазылым жұмысына қажетті ақпараттарды ұсынып, оның мазмұнын түсініп, тақырыпқа қатысты маңыздылығын талқылау, саралау, оқушының есінде сол ақпарат қалатындай қажетті сөздер мен сөз тіркестерін сабақ барысында қолдануға бағыттаудың маңызы зор.
Бұл дегеніміз-жазылым дағдысын дамыту үшін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдап, қолдану мұғалімнен ерекше жігер мен шеберлікті талап етеді. Аталған жұмысты жүзеге асыру мақсатында жыл бойындағы сабақтар барысында оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолданған болатынмын. Атап айтатын болсам, оқушыға нақты ақпаратты іріктеу мақсатында «Оқылым стратегияларын», сұрақ қою, сұрақ қоя білуге үйрету мақсатында “Үш қадамды сұрақ”, “Бес саусақ”, “ДЖИГСО”, “Барлық факторларды ескеру”, ”Әткешек” әдістерімен қатар, кейіпкерлерге мінездеме беруде, іс-әрекетін бағалауға қатысты көзқарастарды анықтату үшін “Ар-ождан аллеясы” әдісін қолдануға болады.
Ұсынылған мәтіннен негізгі, қосымша ақпараттарды анықтауда, мәселенің маңыздылығын көрсетуде, өз ойын дәлелдеуде “Гауһартастар иерархиясы”әдісін, автор бейнесін ашуға қатысты, ашық сұрақтарды талқылаған уақытта “Ыстық орындықты”, көлемді шығармаларды (роман) оқытуда мазмұнын талқылауға және талқыланған ақпараттың ұзақ уақытта ойда сақталуына, қолданылуына себеп болатын “Шеңберге жиналу уақыты”, тақырыпты, мәселені талқылауда, бір-бірін толықтыруда топтық жұмыста “Елшілер” әдісін, кейіпкерлерге мінездеме беруде, оларды жағымды, жағымсыз деп талдауда, сабақта айтылған ой-пікірлерді есте сақтап жазылым жұмысында тиімді қолдануда “Ақылдың алты қалпағын”, «Креативті матрица» әдістерін қолданып, олардың оқу мақсатына қол жеткізудегі тиімділігін көрдім.
Осы әдістердің ішінде «Креативті матрица» әдісін қолдану тәжірибеме тоқталмақпын. Аталған әдіс көлемді шығармаларды (роман) оқытып, оқушыны жазылым жұмысына дайындап бағыттауда өз тиімділігін көрсетті. Бұл әдіс арқылы оқушы: көркем шығармадағы образдың сомдалуы мен кейіпкерге мінездеме беруде (тура және жанама мінездеуді анықтауға), шығармаға қатысты ойын дәлелдеп, пікір білдіруге, нақты дәлелді іріктеуге дағдыланады. «Креативті матрица» әдісі тапсырманы орындаушы оқушыға нақты бағыт беруге көмек етеді. Мысалы, сабақ барысында төмендегі кестені толтыру тапсырмасы берілген болатын.
Шығармадағы құндылықтар |
Достық |
Махаб бат |
Адалдық |
Қарапайым дылық |
Еңбек қор лық |
Жана Шыр лық |
Арамдық |
Қулық |
Басқа қандай құндылықтарды байқадың? |
Кейіпкерлер |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
Кейіпкерлердің әрекеттері |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
Орны |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
Нәтижесі |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
Оқушы тапсырманы орындау барысында шығармадағы кейіпкерлер мен олардың әрекеттерін мысалға келтіріп, әрекеттерінен құндылықтарды оңай анықтай алады. Сол арқылы кейіпкерлерге беріліп тұрған тура және жанама мінездемелерді тез тауып, өздері іріктеген ақпаратты кейіпкерге қатысты көзқарасын білдіруде тиімді қолдана алды. Кесте бойынша орындалған жұмыс түрі, оқушыны жазылым жұмысына дайындауда, оқушы қажеттілігін өтеуде тиімді. Себебі, оқушының ойында өзі іріктеп, талдап, саралаған ақпараты ұзаққа сақталып, оны жазылым жұмысында міндетті түрде қолданатынын көрсетті. Өйткені, жазылым жұмысының жемісті болуы үшін оқушының өз тарапынан іздене отырып, алған ақпараттарын орынды дәлел ретінде қолдана білуі маңызды.
Кестені толтыру барысында оқушының іздемпаздық қабілетінің қандай деңгейде екенін анықтауға болады. Оны құндылықтарға қатысты бағандарды толтыру барысында оқушының кестеде көрсетілген құндылықтарды кейіпкер бойынан көре алуы, байқауы, оны дәлелдеуі үшін сай келетін кейіпкер әрекеті бар үзіндіні таңдауы, мұғалімге оқушының іздемпаздық деңгейін анықтауға көмектеседі. Мұғалім өз тарапынан оқушының жазылым жұмысын барлық талаптарға сай жазуы үшін басқа үш дағды бойынша барынша ақпараттануы, оларды жетілдіруге бағытталған жұмыс түрлерін жүйелі орындату қажет.
Кесте арқылы берілетін тапсырма жазылым жұмысына нақты бағыттайтындай құрылғаны шарт. Өйткені, осы құрылған тізбек оның жазылым жұмысына деген дайындық кезеңі болып табылады. Тәжірибемдегі сабақта қолданылған «Креативті матрица» оқушының тек жазылым дағдысын жетілдіруге бағытталған біржақты әдіс емес, басқа да дағдыларды дамытуға бағыттап түрлендіру пән мұғалімінің кәсіби шеберлігі мен құзырында.
Эльмира Сейсенқызы МАМЫРБАЕВА,
Семей қаласындағы физика-математикалық
бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ
тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысы