Абай дана әрі дара қазақта
Абайды дәріптеу мақсатында орталығымызда Абайдың 175 жылдығына орай ауысым сайын түрлі іс-шаралар мен тәрбие сағаттары өткізілуде. Солардың қатарында “Абай дана, Абай дара қазақта” тақырыба да бар. Басты мақсат: Оқушыларды ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев шығармаларымен таныстыру. Міндеттері: ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу; білімге құштарлықты арттыру; оқушылардың сөйлеу, мәнерлеп оқу қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыту; мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу.
Тәсілдері: ой қозғау, сұрақ-жауап. Көрнекілігі: Абай Құнанбаев портреттері, интерактивті тақта, кітаптар көрмесі. Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, ән. Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылар назарын аудару. «Ата толғау» күйі қосылып тұрады.
Біреулерге болғанмен айдала,
Басын иіп тәу етеді бар дана.
Ұлы Абайды дүниеге әкелген,
Құдіретіңнен айналайын, сардала.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: – Балалар, бүгінгі сабақта біз қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз туралы ой бөлісеміз. Әрбір жас ұрпақ кішкентай кезінен бастап Абай атаның әнімен сусындап, жырларынан нәр алып келеді. Мырзагелді Кемел: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі – Абайды оқығандар, екіншісі – Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер – Абайды оқымағандар».
Балалар, сендер осының қайсысына жатасындар? – Біз бірінші топқа жатамыз. Ұлылығы әлемге танылған Абай атаның шығармаларымен танысып жатырмыз. Бүгінгі заман адамы «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуі керек. Оның бастысы, біздер үшін – әдептілік.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан, – деп Абай атамыз айтқандай, кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата- анаңның, Отаныңның мақтаны боласың.
«Ата толғау» күйі қосылып тұрады. Бастаушы. Ой қозғау.
Парасатты болып туған,
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра қылған,
Сарыарқаның Абайы.
Нақылымен сана құйған,
Қазағымның Абайы.
Ақылымен дана болған,
Бүкіл әлем Абайы, – деп ақын Жұмағазы Алмабаев жырлағандай, Абай есімін естігенде есімізге не түседі? Соны мына күннің әрбір шапағына жазып көрсетейік. Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбылдан «Абайдың ақындығы туралы не айтасыз?» дегенде: «Абай ақын ғана емес, ол ғұлама» деп жауап берген екен.
Өлең сөздің ұқсаған құдретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне? – деп жырлапты жыр алыбы Жамбыл. Абай 1845 жылы 10 тамызда Семей облысы Жидебай жерінде Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим болса да, әжесі Зере еркелетіп «Абай» деп атап кеткендіктен, біз де солай айтып жүрміз. Абайдың атасы Өскенбай дала халқының әділ биі болған. Абайдың әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ- даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып сайланған. Шешесі Ұлжан шешендікпен, тапқырлықпен аты шыққан.
Абай 10-12 жас аралығында мұсылманша оқып, хат таныған. Ал 12 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. 14 жасында үш ай орыстың Приходская школасында орысша сабақ оқиды. 15 жасынан бастап, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел- жұрты Абайды би етіп сайлайды. Абай – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек,- дейді Абай атамыз.
Мұғалімнің түсіндірмесі. «Ой-толғаныс». Абайдың 1890-1898 жылдар арасында жазған шығармалары «қарасөз» деп аталады. Жалпы саны қырық бес бөлек шығарма. Абайдың қарасөздері адамды адам болуға, ізгі ниетті адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаман дағдыларын аулақ болуға үйретеді. Олай болса, Абай қарасөздерімен танысайық.
Қара сөз: Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ емес. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық. (Он сегізінші қара сөз) (бейне көрсетілім). Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат көрсетер ме? (Жиырма бірінші қара сөз). Оқушылар сіздер Абайдың қандай қара сөздерін білесіздер. Өздеріңіздің жандарыңызға жақын біреуін айтып беріңіздерші?
Видеокөрсетілім: (ҚР Президентінің эстафетасы). Мұғалім өзі Абайдың бір өлеңін оқып оқушыларға эстафета жолдайды, бір оқушы екінші бір оқушыға солай жалғасады.
Ойды түйіндеу. Бүгінгі сабағымызды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңімен аяқтағым келеді.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.
Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсақ:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…
Қасиетті қара сөздерден ғибрат алып қана қоймай, өмірлік нұсқау алдық. Қазақ сөзінің киесі қонған бұл қара сөздер кез келгенімізге өмірлік бағыт-бағдар, ақыл қосушы. Сондықтан, балалар, біз Абай атаны жадымызда ұстаймыз. Оқушылар хормен «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін орындайды.
Жұмакүл Сейтжапбарқызы ЖАНДАРОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығы филиалының химия пәні мұғалімі,
педагог-сарапшы, Түркістан облысының
Төлеби ауданына қарасты Нысанбек ауылы
Загрузка...