Физика пәні бойынша зерттеу жұмыстарын қалай жоспарлау керек?

Физика пәнінен алынатын білімдер лабораториялық жұмыс жасау барысында пысықталады. Егер маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң үйренемін деп Конфуций айтпақшы, мектеп қабырғасындағы лабораториялық жұмыстар оқушылардың білімді толық түсінуіне көмектеседі. Кей кездері оқушылар жасаған жұмыстарын рәсімдеуді білмей жатады. Осы мақалада лабораториялық жұмыстарды қалай рәсімдеу керек деген сұрақтарға жауап беріледі.

Кез келген жұмыстың біріншіден тақырыбы болуы керек.Тақырып жұмыстың не жөнінде болатыны туралы қысқаша мағлұмат береді.Тақырып пен зерттеу сұрағы бөлек нәрсе. Шатастырмау қажет.

Зерттеу сұрағы: Бұл бөлімде оқушы тәуелді және тәуелсіз айнымалыларды қоса отырып зерттеу сұрағын құрастыруы керек. Мысалы: Серіппенің ұзаруы оған ілінген массадан қалай тәуелді. Бұл жерде ұзару тәуелді айнымалы , масса тәуелсіз айнымалы. Жұмыс соңында алынған нәтижелерге сүйене отырып оқушы осы сұраққа жауап беруі керек. Қысқаша айтқанда, зерттеу сұрағы жұмыс барысында жауабын іздейтін сұрақ болуы керек. Егер өзің оның жауабын білетін болсаң немесе интернеттен көре салатын болсаң ондай эксперимент қызықты болмайды.

Гипотеза: Бұл бөлімде оқушы өзінің тәуелсіз айнымалысын өзгертсе тәуелді айнымалы қалай өзгеретіні туралы ойын (болжамын) және неліктен олай ойлайтынын, қандай заңға, формулаға, кітап, ақпарат көздеріне сүйенетінін көрсетеді.Мысал: Егер мен серіппеге ілінген жүкті (1,2,3,4,5… кг) арттырып отырсам онда осы серіппенің ұзаруы да артады, себебі Гук заңына сәйкес (F=kx) әсер ететін күш пен серіппе ұзаруы тура пропорционал. Бұл жерде күш масса мен еркін түсу үдеуінің көбейтіндісіне тең. Бұл заң техникада көп қолданылады және оны білу мен үшін өте маңызды.

          Атауы                    Түрі Мен оларды қалай басқарамын?
Тәуелсіз айнымалы Біздің мысалда ол: масса (кг) Бұл айнымалы зерттеушінің өзі өзгертіп отырады. Қандай аралықтарда өзгертетінін жазу керек. Мысалы:1 кг-7 кг
Тәуелді айнымалы Ұзару (метр) Бұл айнымалыны қалай және немен өлшейтіндігі жазылуы керек.

Бақыланатын
айнымалылар

1. Еркін түсу үдеуі 2. Серіппенің қатаңдығы Осы айнымалыны жұмыс барысында өзгермес үшін қалай қадағалап отыратындығы жазылады. Олар бірнеше болуы мүмкін.

Материалдар: Бұл бөлімде барлық керекті материалдар жазылуы керек. Әрбір материалдардың сипаттамасы жазылуы міндетті:Мысалы: Динамометр 2±0.1 N (2 дана), серіппе k= 20 N/m (1 дана).

Әдіс: Бұл бөлім маңыздырақ, себебі осы бөлім арқылы зерттеушінің жұмысының дұрыс немесе бұрыс екендігін көруге болады. Бұл бөлім әрбір қадамдарға бөлініп, түсінікті жазылуы керек. Егер басқа бір зерттеуші келіп осы әдісті оқып сол жұмысты қайталап жасаса , бірінші зерттеушінің результатына жақын результат ала алатындай болуы керек. Жасалатын эксперимент қоршаған ортаға және зерттеушінің өзіне қауіпсіз болуы маңызды,яғни әдіс қауіпсіздік ережесін еске ала отырып құрастырылуы керек.

Бейбит АЛИЕВ,
Назарбаев Зияткерлік метебінің физика пәні мұғалімі,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий