Ізгілік мейрамы

Наурыз – айналаға ізгілік нұрын төгетін, табиғат пен жан-дүниені жандандыратын айрықша мейрам. Күн мен түн теңелетін бұл шақты қазақ Жыл басы деп те бағалаған. Біз бұл орайда, тарих ғылымдарының докторы, этнограф ғалым Жамбыл Артықбаевтың Ұлыстың ұлы күні туралы ой-пайымын білген едік.  

– Жамбыл Омарұлы, «Наурыз» сөзінің шығу төркіні турасында не айтасыз? Көп адам бұл сөзді парсы тілімен байланыстырып жатады…

– Иә, адамдардың басым көпшілігі «Наурыз» сөзін парсы тілімен байланыстырады. Менің ойымша, бұл біржақты пікір. Неге? Себебі, наурыз сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни жаңа деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда, жылдың басы. Осыған қарағанда, бұл сөз Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым. Мен наурыз сөзі қазаққа сырттан (парсыдан т.б.) келіп сіңіп кетті деген пікірлердің бәрі негізсіз деп санаймын. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазықұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи мұраны сақтап келген қазақтың Наурызын өзіміз келіп өзгеге телігеніміз дұрыс па? Жарайды, біз бұл сөз парсыдан келді дейік. Алайда, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «ноурас-ойахе» дейтін себебін түсіндіріп бере аласыз ба, олардың парсыға қатысы шамалы емес пе?

Ал наурыз сөзін парсы тілімен байланыстырудың себебі, парсылардың өзі біздің жерімізден қоныс аударған ариандар. Арий тайпасынан шығып, парсы қыраттарын жаулап алған. Содан ариан, иран аталып кетті. Бірақ, негізінен олардың этногенезі бізге бөтен емес.

Жалпы, «Наурыз» сөзі тілдік жүйелер бөлінбей, ажырамай тұрған кезде пайда болды. Бізде бұл сөз «Науа + ырыс» мағынасында сақталған. Ал ирандықтар мен еуропалықтар бұл сөзді «жаңа», «нау», «нью» мағынасында түсіндіріп отыр. Қарасаңыз, мұның да түбі неолит дәуіріне барады, ол кезде тілдердің арасы ажырамаған еді. Ал бізде Наурыз мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл – ғажап ұғым.  

– Жалпы, наурыз қай уақыттан бері тойланып келеді? Тарихи шежірелерде бұған қатысты қандай деректер бар?

– Наурыз – өте ерте замандарда пайда болған мейрам. Неолит деген дәуірдің болғанын екенін тарихтан білесіз. Оны жаңа тас дәуірі деп те атаймыз. Ол біздің эрамызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтарды қамтиды. Мен Наурыз мейрамы сол дәуірде пайда болды деп ойлаймын. Себебі, неолит дәуірінде адамзат өмірінде үлкен өзгерістер болды: малды қолға үйретті, егіншілік дамыды. Бұл – адамзаттың өзінің маңайындағы жаратылысты тани түсуіне мүмкіндік берген революциялық жаңалықтар еді. Әрине, бұл жаңалықтар да оңайлықпен келген жоқ, оны миллион жылдық палеолит дәуіріндегі дамудың нәтижесі деп түсінген жөн.

Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде, Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты, дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе, «Кемe Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Сондықтан, қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамал» дегеннен шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды. Қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады. Ендеше, біз Наурызды Қазығұрт сияқты қасиетті жерлерден қарсы алып, содан бастап тойлауымыз керек. Мұндай пікірді жалғыз мен емес, басқа да этнографтар, тарихшы ғалымдар  айтып жүр.

– Демек, Батыс аймақтарында тойланатын «Көрісу» мерекесі Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі болып есептеледі ғой…

– Иә, Көрісу – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, бүгінде қайта жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі, қыс қытымыр болып жатса, мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып, жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы –жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып, бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола, қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайынадамайтыны белгілі. Міне, осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі.

– Наурыз мейрамы кезіндегі дастарханның, арнайы әзірленетін тағамдардың ерекшелігі неде?

– Қазіргі күні Наурыз күні көже дайындауды халық үйренген сияқты, бірақ Наурыздың тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі бәйбішелер Наурызға дайындықты бір жыл бұрын бастайтын болған. Ең алдымен, Наурыздың басты тағамы жент дайындалған. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер «Самарқанның көк тасы жібіген күні біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға қояды. Сары май, қазы-қарта да Наурыз дастарханының басты белгілері. Наурыз мейрамының дастарханын байлар көтереді, олар семіртіп мүйізі шаңырақтай нән өгіз сояды. Наурызға өгіз союдың өзі көне дәстүр, яғни бұл мейрам жылқыны қолға үйретпей тұрған уақытта қалыптасқан дегенді білдіреді. Жылқыны Еуразия даласында біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын үйретті десек, сиыр малын қолға үйрету одан да ертеректегі заманның жемісі.
Жалпы, жағдайы келсін-келмесін әр қазақ Наурыз мейрамында қазан көтереді. Көрші-қолаңды шақырады. Жолаушы жүрген халыққа таратады. Әр қазанда бас болуы шарт, сол себепті тым кедей деген адамның өзі қыста сойылған қойдың басы болса, соны алып қалып, Наурыз көже пісіретін қазанға салған. Қазіргі уақытта қой сойса, оның басын шек-қарнымен қоса лақтырып жіберу орын алып отыр. Наурыз мейрамы басты қадірлеудан басталады, сол арқылы біз қазақы құндылықтарымызға қайта ораламыз. Яғни, біз Наурыз мейрамын жандандыру арқылы әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді де тірілтетінімізді ұмытпауымыз керек.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

Ләйла НАУАН

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Читайте также:

Добавить комментарий