Жүрегімде жатталған ұстазға тән тұлғасы

Білімнің даңғыл жолында инемен құдық қазғандай жан кешті тірлік кешкен ұстаздар өмірі қашан да болсын ұрпаққа үлгі болып, өнегесі басқалардың өміріне әсер ететіні анық. Сондықтан шәкірттерінің өмірінде елеулі із қалдырған, санаңды сағындырған, балалық шағыңдағы жылы сөзі мен есейген шағыңда өмірлік жолыңды қараңғы түнде де адастырмай табуға жол сілтеген ұстазың жайлы сыр шертіп, ой қозғамау мүмкін де емес шығар?!

Тегінде әр адамның өз ұстазы жайлы жүрегінен жарып шыққан ойын айтуы, ой толғауы, сол ұстазына деген сағыныш санаңды жаулап алатын сияқты.   Әрбір жеке тұлғаның тағдыры ұстаздардың қолында десек, артық айтпағандық. Ұлағатты ұстазға жолыққан талантты шәкірттердің бағы жанып, жарқырай түсетіні, биікке шырқайтыны айтпаса да түсінікті емес пе?! Бұл айтылған сөз – менің ардақты ұстазым, (жаны жаннатта болсын) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қасымбекова Бақыткүл Базарқұлқызына тән. Олай дейтін себебім, мен бұл күнде осы гуманитарлық білім саласының кәсіби маманымын. Саналы ұғмырымды білім беруге арнағандықтан тәжірибелі тәлімгер ретінде танылдым. Демек ұлағаты ұмытылмайтын жаны жайсаң жанның тағылымды тәрбиесінің нәтижесінде таңдаған мамандығымды кие тұтқан, ұстаздардың ұстазы болған, бағы жанған шәкіттерінің бірімін. Менің жүрегіме ізгіліктің, білімнің мәңгілік ізін қалдырған ұстазым жайлы қолыма қалам алып, тұла бойы жақсылыққа тұнған ұстазым туралы және шәкірттік естен кетпес балалық шақтарым жайлы жазуға бел будым…

Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты, Новотроицк (қазір Төле би) ауылында орналасқан мектеп-интернатта оқимыз. 1974 жылдың қыркүйек айы. Бастауыш сыныптан орта буынға қадам басқан сәтіміз. Бастауыш сыныпта барлық пәннен сабақ берген бір мұғалімге бауыр басқан бізге 5-сыныпта әр пәннен сабақ беретін мұғалімдерге қызықтай да жатырқай қараймыз. Сол күндердің бірінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін апайымыз келді. Сыныпқа кіргеннен-ақ өзімен бірге жылы шуақ пен мейірімді ала кірді. Жылы жүзді бөлекше болмыс бітім бейнесі еріксіз бізді өзіне баурап алып еді…

Ұстаздың алғашқыда сыр-сымбаты, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері өзіне тартса, бірте-бірте терең біліміне, суырып салма шешендігіне, қай ақын-жазушының шығармасын талдау, түсіндіру барысында кез-келген жерінен жатқа оқи беретін керемет қасиеттеріне де тәнті болдық. Мейірімі мол, сырт келбеті қандай әдемі болса, ішкі жан дүниесі де ілім-білімге толы ұстазымыз бізді өзіне осылай бірден баурап әкетті. Әдебиет сабағын барлық сыныптастарым тағатсыздана күтетін еді. Ұстазымыздың әр сабағы бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі шығармашылық деңгейде өтетін. Сондай тартымды сабақтан кейін, мен ғана емес, барлығымыз келесі сабақтарға баруға құлықсыз едік. Өзім қиялданатынмын, «балалар өздері сүйетін сабақтарға ғана қатысса ғой» деп.

Ұстазымның алдында отырған әрбір сәт көз алдымнан кетер емес. Әр балаға шуағын аямай, анасындай аялай білді. Әр сабағы бірін-бірі қайталамайтын, қызығы арта түскен сабақтың қалай басталып, қалай тез аяқталғанын өзімізде байқамай қалушы едік. Сабақ барысында қоңырау үнін күту, тыныш отырмай ескерту алу деген мүлдем жоқ десем артық айтқандық болмас. Балалардың бойында болатын жат қылықтарды бір сәтке болса да ұмыттырған ұстазымның балаға деген жүрек жылуынан шығар. Шәкіртіне арнаған ыстық ықыласының тазалығын әр қайсымыз сөзсіз-ақ сезетінбіз. Оқушыларының қарымы мен қабілетін бірден байқап, дарынын танып, бұлақтың көзін ашуды да ұлық ұстазымыз әсте назардан тыс қалдырмайтын.

Апайдың сабаққа киініп келгенінің өзі әр адамға үлгі боларлықтай. Парасатты педагогтың өнегеге толы іс-әрекеттері білім мен өнерге ұмтылуымызға, келешекте білімді де ізетті, мәдениетті маман ретінде қалыптасуымызға бағыт бағдар берген болатын. Тәжірибелі тәлімгердің көркем шығарманы нақышына келтіріп, оқыған шеберлігіне бәріміз тәнті едік. Сабақ біткеннен кейін кешке бәріміз жиналып, апайдың дауыс мәнеріне салып, қолдан түспейтін құнды кітаптарды оқитынбыз. Төрелігін тәрбиеші апайымыз өзі айтатын. Бақыткүл апай мен сияқты талай баланың жүрегіне ерекше сезім мен арман отын ұялатып қоймай, мәртебелі мұғалім мамандығын таңдаудағы құштарлығымызды оятты.

Әдебиетке қызығушылық пен ынтамды ұштаған аяулы апайымыздың жолын жалғастару үшін жоғары оқу орнында білімімді жетілдіруге асықтым. Енді міне сол асқақ арманыма да жеттім. Бүгінде ұстаздардың алдыңғы легінде көшбастап жүруім де, мектепте киім кию үлгім де, ұжымға, шәкірттеріме сыйлы болуым, оларды жақсы көріп, жүрегіне жол табуым да барлық жеткен жетістіктерім – Бақыткүл апайымнан алған тәлім-тәрбием. Әр сөзі қайрат пен жігер, сенім беретін, биік мақсаттарға жетелейтін, алтыннан да бағалы ойларынан, тұлғасынан, болмысынан даналық есіп тұратын ұстаздың кезігуі менің бүкіл өмірімнің таусылмас алтын арқауына айналды.

Дана ұстазым туралы жүрегімді жарып шыққан ойларымнан көп нәрсені түсінуге болады деп ойлаймын. Қазір ойласам, шынында да, Сіздей қамқор, Сіздей мейірімді, Сіздей кешірімді, баламен балаша ойлап, бала жанын түсінетін адамдар аз-ау!  Өмірімнің барлық кезеңдерінде Сіз көз алдымда тұрасыз. Мектеп бітіргелі де  ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Мен сіздің шәкіртіңізбін. Дегенмен… дегенмен… Қазір де көзіме жас үйіріліп, бәрі еске түсіп, бойымды жинай алмай отырған жай бар… Кейде бала құсап, қиялға кетемін… «Өзің жақсы көрген адамдармен өмір бойы бірге жүрсең ғой…» Өмір заңы қатал-ақ! Сағыныш, кездесу, қоштасу, пенденің пешенесіне соғылған мөрдей екенін өмір көші көрсетіп отыр емес пе?!

Сіз бізді әдемілікке, сұлулыққа деген сезімімізді ояттыңыз, өнер кеңістігіне жетеледіңіз. Ұстазымыз, жанашырымыз, қамқорымыз болдыңыз. Сіздей ұстаздың алдын көргенімізге бақыттымыз. Сіз өзіңіздің тынымсыз еңбегіңізбен зор құрметке бөлендіңіз. Менің жаным, рухым, жүрегім Сізбен бірге жаралғандай. Тұжырымдап айтсам, Сіз менің мәңгі жүрегімдесіз. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, Сіздің ұстазға тән тұлғаңыз жүрегімде мәңгі жатталған. Өз басым ана тілімді анам деп, ана тілімді арым деп, ана тілімді бүкіл болашағымның шамшырағы деп білуіме жол салған – Бақыткүл ұстазыма қандай мақтау айтсам да аздық етеді. Ұстазымның әр сабағын сүйіспеншілікпен оқып, Ұстазымның тілді кие тұтқан ұлылығына, рухына басымды иемін.

Ұстазым Сіздің ақыл-кеңесіңіз әлі де керек еді, бірақ сұм ажал арамыздан ерте алып кетті… Ұлы данышпан Абай атамыздың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»  деген өлең жолдары Сізге арналған сияқты, менің сүйікті Ұстазым! Ұлағатты да ұлық Ұстазым, өзіңіз тәлім-тәрбие мен білім берген шәкірттеріңіз бар да Сіз мәңгі тірісіз!

Күлзипа Әуесқызы ҚЫЛЫШБАЕВА,
№ 5 гимназияның қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі
, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің
иегері, ҚР білім  беру ісінің Құрметті қызметкері,
Нұр-Сұлтан қаласы

                                                 

                                                    

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий