Қашықтан оқыту жүйесіне feed back
Қашықтан оқыту деген қазіргі таңда білім саласындағы өте маңызды ұғым. Оны білім алушы мен оқытушы алыстан өзара ақпараттық – коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, жүзеге асырылатын оқыту түрі ретінде түсінеміз. Нақтырақ айтсақ, мұғалім мен оқушы арасында қашықтан интернет ресурстарының көмегі арқылы өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір ара қашықтықта оқыту.
Бүгінгі күні әлемде болып жатқан эпидемиялық жағдайлардың алдын алу шараларына байланысты барлық жерде оқу процесі қашықтан өткізіліп жатыр. Қашықтан білім беру технологиясы сабақтарды “online”, “offline” режимінде жүзеге аыруға негізделген. Онлайн оқыту кезінде білім алушы мен оқытушы арнайы келісілген программалар арқылы байланысқа шығады. Елімізде онлайн сабақ өту үшін “Skype”, “Zoom”, “Microsoft teams” және “What’s up” көп сұранысқа ие. Онлайн сабақтар келісілген уақыт бойынша жоғарыда көрсетілген программалар көмегімен жүзеге асуда. Офлайн оқыту сабақтары студенттердің өзіндік жұмысы деп айтсақ болады. Оқытушылар электронды пошта арқылы немесе электронды порталдар “Platonus”, “Univer” арқылы тапсырмалар жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Студенттердің қашықтан білім алу жайлы ойларын білу үшін онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға жоғары оқу орындарының 96 студенті қатысты. Өткізілген сауалнаманың басты мақсаты студенттердің қазіргі уақыттағы еліміздегі қашықтан білім алу жайлы ойларын білу.
Бірінші сұрақ.
Жоғарыда келтірілген диаграммада мынадай нәтижелер көрсетілген. Сұраққа 90 студент (93.75%) сабақтарын “Zoom” бағдарламасы арқылы өтеміз деп белгіледі. Оған қоса қалған 6 студент “What’s up”, “Microsoft teams”, “Platonus”, “Univer” бағдарламаларын қолданатындығын көрсетті. Қашықтықтан оқыту барысында тыңдаушы немесе студент тапсырмалар және тестпен өзіне ыңғайлы уақытты пайдалана алады. Ал оқытушы материал мазмұнын жедел түрде өзгерте алады. Қашықтықтан оқудың басты кемшіліктерінің бірі – уақыт тапшылығы.
Екінші сұрақ. «Сабақтарыңыз қанша уақыт өтіледі?» сұрағына бірнеше жауаптар берілді. Студенттердің берген жауаптары бойынша сабақ 10-15 минут (6 адам – 6.25%), 15-20 минут (40 студент – 41.75%), және 20-50 минут (50 студент – 52%) аралығында өтіледі. Келесі диаграммада жауаптар суреттелген:
Алынған нәтижелер бойынша сабақтың өтілуінде уақыттың дұрыс қадағаланбауын байқауға болады. Бүл мәселе көп сұрақ тудырады және негіздерін ашып алуын қажет етеді.Қашықтықтан оқытудағы сабақ уақытының тұрақсыздығы интернет платформаларына байланысты ма, әлде оқытушының дайындаған бағдарламаларына байланысты ма? Тілдік коммуникация көп қажет ететін сабақтарға (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және т.б.) 15-20 минутқа созылуы оқушыларға көп мүмкіншілік тудыра ала ма? Және бұдан өзге маңызды сұрақтар ашық қалып тұр.
Үшінші сұрақ. «Қолданып жатқан программа көңіліңізден шығады ма?» деген сұраққа сан түрлі жауаптар берілді. Олар «Ия», «Аса толмайды», «Жоқ» деген үш түрін таңдады. Жауаптардың жалпы көрінісі келесі диаграммада:
53 студент (55,2%) «Иә, көңілім толады» жауабын белгілеп, келесідей себептерін жазды: «иә, көңілден шығады, себебі ыңғайлы, үйде отырып сабақ оқи аламыз», «эпидемияға байланысты сақтық шараларын сақтап, үйде білім аламыз», «қолайлы, жылдам», «мұғалімнің айтқанын толық ести аламыз», «уақытқа және ақшаға тиімді» және т.б. позитивті жауаптарды қалдырды.
20 студент (20,8%) көңілдері аса толмайтындығын білдірді. Берілген жауаптарға тоқталсақ, студенттердің басым көпшілігі«интернет жылдамдығы төмен» деп жауап берді. Алайда, 23 студент (24%) «Жоқ, көңілім толмайды, себебі сабақ небәрі 30 минут өтіледі», «мұғалімнің дауысы естілмейді», «бағдарлама жұмысы тоқтап қала береді», «ыңғайсыз, кемшіліктері көп», «мен ауылдық жерде тұрамын, сол себепті тапсырмаларды уақытылы жіберу қиындыққа соғады»секілді кертартпа жауаптар берді.
Жоғарыдағы жауаптарға қарап отырып, қашықтықтан оқуға жылдам жұмыс істейтін ғаламтор міндетті түрде керек екендігін айта аламыз. Әдетте оқу материалын баяндау және талқылау бір мезгілде жүргізіледі. Жаңа тақырып бойынша берілетін материал баспаға шығарылған түрде қашықтықтан оқыту курсында электрондық нұсқада немесе электрондық оқулық ретінде беріледі. Қашықтықтан оқу барысында студент өзі көбірек ізденіп жұмыс жасайтыны анық.
Төртінші сұрақ. «Берілген үй тапсырмасын қалай орындайсыз?» деген сұраққа 52 студент (54,1%) оқытушы жіберген материалдар арқылы орындайтындығын белгілесе, 44 студент (45,9%) тапсырманы өздігінен ғаламтор арқылы ізденіп орындайтынын айтты. Жауаптардың жалпы көрінісі келесі диаграммада:
Бұл жерде тапсырмалардың әр-түрлі болатынын ескеру керек. Қашықтықтан оқыту технологиясының дамуы – біздің білім беру жүйесінің болашағы болып табылады. Ал басты талап қашанда сапалы білім беру. Осы келтірілген сауалнаманың нәтижелері мұғалімдер қауымына қашықтықтан оқу жүйесінің сапасын арттыруға көмек көрсетеді деп сенеміз.
А.БИЖКЕНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ шетел филологиясы
кафедрасының меңгерушісі;
М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ шетел филологиясы
кафедрасының докторанты.