ҚызПУ ғалымы: Қашықтан оқыту – уақыт талабы
Жас Қазақстан үшін зиялы қауым өкілдерінің артуы, жоғары интелектуалды әрі шығармашылықпен айналысатын адамдар шоғырының молаюы ауадай қажет. Болашағы жарқын әрі жасампаз елімізге қажетті ортаны қалыптастыратын саналы тәрбие мен сапалы білім беретін мұғалімдер екені даусыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда білім беру жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Ақпараттық технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдалану кеңейтіліп келеді. Білім беру жүйесінде жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың маңызды факторлары білімнің негізгі принциптері арқылы іске асырылуы тиіс.
Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқытуда екі компонент бар: оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Қашықтан оқыту дәрістері – дәстүрлі дәрісханалықтан айырмашылығы, оқытушымен бетпе-бет қатынасуды болғызбайды. Дегенмен, бірнеше артықшылық жақтары да бар. Дәрістерді жазу үшін аудио және бейне-кассеталар, CD-ROM дискілерді және т.б. қолданады. Жаңа ақпараттық технологияларды (гипермәтін, мультимедиа, ГИС-технологиясын және т.б.) қолдану дәрістерді көрнекі және мазмұнды түрде береді. Мұндай дәрістерді кез келген уақытта, кез келген қашықтықта оқуға болады.
Қашықтан оқыту семинарлары – оқу сабақтарының белсенді түрі болып табылады. Қашықтан оқыту семинарлары бейнеконференциялардың көмегімен жүргізіледі. Олар пікірталасқа оның дамуының кез келген жерінде кіруіне мүмкіндік береді және бұдан бұрынғы айтылған сөздерді оқып, бірнеше қадам артқа қайта оралады. Оқытушы материалдың меңгерілуін пікірталасқа қатысушының белсенділік дәрежесі бойынша бағалай алады. Студенттердің арасында өзара іс-әрекет ету саны артады, ал оқытушы тең құқылы әріптес ретінде көрінеді.
Қашықтан оқыту кеңестері – пәнді өз бетімен оқып үйренуде білім алушыларға жетекшілік жұмысын жасау және оларға көмек көрсету түрлерінің бірі болып табылады. Телефон және электронды пошта, сонымен бірге телеконференциялар қолданылады. Қашықтан оқытуды бақылау – бұл білім алушының оқу материалын теориялық және практикалық меңгеруі нәтижелерін тексеру. Қашықтан оқыту өзін дәлелдете білді және тестік бақылаудың лайықтылығын құптайды. Тест ережесі, пән бойынша кеңейтілген сұрақтар тізімін қамтиды, олардың әрбіреуіне бірнеше жауаптар нұсқасы ұсынылады. Студент осы нұсқалардан дұрыс жауапты таңдауы керек.
Қашықтан оқытудың жаңа технологиясына көшу бүгінгі күн талабы. Компьютерлік технология білім ортасына ене отырып, оқыту процесін жақсарту үшін құралдар мен әдістерді қолдануға әкеп соқтырады. Негізгі базалық білім беру аймағында қызмет көрсету жағынан да қашықтан оқыту мүмкіндіктері үкімет тарапынан қолдау тауып жатыр. Осы технологияны пайдалану ауылдық жерлерді де жылдам ақпараттандыруға көмектесуде. Оқыту процесінде қолданылатын жаңа әдістердің бірі қашықтан оқыту әдісі болып табылады.
Қашықтан оқыту технологиясы – оқу үрдісі кезінде білім алушылар мен оқытушылар арасында интерактивті өзара іс-әрекетте оқытылып, материалдың негізгі көлемін білім алушыларға жеткізуді қамтамасыз ететін, оқылған материалдарды меңгеру бойынша, сонымен бірге оқу үрдісі барысындағы білім алушылардың өз бетімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ақпараттық технология.
Қашықтан оқыту кезіндегі білім беру үрдісінің негізін жеке кесте бойынша өзіне ыңғайлы жерде оқуға мүмкіндігі болатын, оқытудың арнайы құралдары жиынтығы өзінде бола отырып, электронды және қарапайым пошта, телефон арқылы оқытушылармен келісілген байланыс жасауына, сонымен қатар, білім алушының мақсатқа бағытталған және бақыланатын қарқынды өзіндік жұмысы құрайды. Білім беру жүйесін ақпараттандырудың негізгі бағыты XXІ ғасырдың талаптарына сәйкес қоғамды дамытудың жоғары тиімділікті технологияларына сүйенген жаңа білім стратегиясына көшу болып табылады.
Қазір көптеген ЖОО-да қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялық жүйелер негізінде қашықтан оқытудың элементтері енгізілген. Қашықтан оқыту технологиялары ҚР білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігімен табысты біріктірілуіне, білім беру нарығында ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Осы себептерге байланысты Қазақстанның көптеген ЖОО-дары қашықтан оқыту технологиясын таңдап, құрылымын жетілдіруде ұйымдастырушылық жұмыстарын жасауда.
Қашықтықтан оқыту кезінде оқу процесіндегі білім беру формасы шығармашылық түрде оқу процесінде келесі түрде беріледі: дәрістер, семинарлық және практикалық сабақтар, лабораториялық практикум, бақылау жүйесі, студенттің зерттеушілік және өзіндік жұмысы. Қазақстан Республикасында дүниежүзінің дамыған елдері сияқты бірыңғай білімдік-ақпараттық кеңістік қалыптасып келеді. Ал білім беру саласын ақпараттандыру тек қана оқытуды ұйымдастыру формалары мен əдістерін жетілдіріп, өзгертіп қана қоймайды, сонымен қатар бүкіл оқыту процесін басқарудың жəне бақылаудың жаңа əдістерінің пайда болуына жағдай жасайды.
Қазір еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты қашықтан оқытуға бағытталған Интернет тəсілімен білім алуды дамыту қажеттілігі туып отыр. Қашықтан оқытудың мақсаты – ақпараттандыру ісін дамыту мен оның даму бағыттарын анықтау, жаңа ақпараттық жəне коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, білім беру жүйесін жетілдіру ісіне біртұтас жүйелік көзқарасты қалыптастыру.
Қашықтан оқытудағы тиімді платформалар: Қашықтан оқытудың тиімді платформалары әрбір ЖОО-ның универ жүйесіне қашықтық курстары негізінде енгізілген. Сол бойынша университеттің оқытушы-профессорлары өздеріне қолайлы, тиімді бағдарламалардың нұсқаулықтарымен жете танысып, ол бағдарламаларды сабақ беру үдерісінде тиімді қолданады. Университет оқытушылары қашықтан оқытудың бірнеше платформаларын тиімді қолдану арқылы сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, көптеген оқытушылар Zoom платформасы арқылы дәріс сабақтарын өтсе, универ жүйесіндегі DL қашықтан оқытуға практикалық сабақтардың тапсырмаларын жүктеп, студенттерден жазбаша өзіндік жұмыстарды қабылдап бағалайды.
Бүгінгі уақыт талабына сəйкес мемлекетіміздегі білім беруді дамыту бағдарламасына байланысты болып жатқан жаңа өзгерістер қоғам мен мемлекетіміздің алдына жаңадан туындап жатқан құндылықтарды ескере отырып, білім беру жүйесінде қашықтан оқытудың маңыздылығын айқындап, нақты қадамдар жасауға ықпал етеді. Қашықтан оқыту формасы бүгінде, уақыт және кеңістік белдеулерінен тәуелсіз, көпшіліктің өз бетінше үздіксіз жалпы білім алу жүйесін, өзара ақпарат алмасуын қалыптастырады және жүзеге асырады. Одан басқа, қашықтан оқыту жүйесі әлеуметтік жағдайына (оқушыға, студентке, азаматтар т.б.) қарамастан және еліміз бен шет елдің кез-келген ауданында тұрса да адамның білім және ақпарат алу құқығын қамтамасыз етеді.
Қорыта келе айтарымыз, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы оқытушыларымыз бен білім алушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады.
Болатхан САРБАСОВ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты