“Әліппе” оқулығын 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланған

Балалардың күнделікті өмірде қолданатын сөздерін ғалымдардың зерделеп, соған қарай әріптерді оқыту реттілігін жасауы – Ахмет Байтұрсынұлының жүйесіне ұқсас болып шықты. Бұл туралы Sputnik.kz жазады.

Жаңа жылдан бастап мектеп оқушылары “Әліппені” оқып көреді. Әзірше, оны бірнеше мектепте сынақтан өткізеді. Ал келесі оқу жылында барлық оқушы көптен бері күткен кітабын қолға алады. 

Әліппені қалай алып тастады?

Осыдан бес жыл бұрын елімізде “100 нақты қадам” ұлт жоспары қабылданған болатын. Оған сәйкес, 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары басталды. Сол кездегі реформа “Әліппені” де айналып өтпеді. Оның орнына “Сауат ашу” оқулығы енгізілді. Оған қоса, бастауыш сыныптарға ағылшын тілін оқытамыз деді. Жаңа кітаптар қосылды. Соның нәтижесінде оқушылардың сөмкесі ауырлай түсті. Бұның барлығы халықтың шамына тиді. 

Әсіресе, бір ғасырдан астам уақыт бойы мектептің бойтұмары болған “Әліппені” алып тастауына қатысты наразылық күшейді. Министрлікке  талай рет сұрақ қойылды. Бірақ шенеуніктер “Әліппе” де, “Сауат ашу” да жазуға, оқуға үйретеді, айырмашылығы жоқ” деп қысқа ғана қайырып отырды. Содан үкімет пен парламентке арыз-шағымдар көп түсе бастады. Депутаттық сауалдар жолданды. Ал бір топ қоғам белсенділері сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті орнынан алып тастауды талап етті. Артынан Сағадиев мырза “Әліппенің” қайтарылатынын мәлімдеді. Бірақ оны мектепке дейінгі даярлық сатысында, яғни, 0-ші сыныптарда оқытуға шешім қабылданды. Ал бірінші сыныпта “Сауат ашудың” орнына “Ана тілі” оқытылады деген.

Әліппенің қайта оралуы

Ерлан Сағадиевтен кейін министр қызметіне келген Күләш Шәмшидинова “Әліппенің” 2020 жылдан бастап бірінші сыныптарда енгзілетінін айтқан. Алайда ол осы қызметте небәрі төрт ай отырды. Оның орнына Асхат Аймағамбетов келгеннен кейін жоспар өзгерді ме, “Әліппені” қайтару жұмысы тағы бір жылға шегерілді.

Осы айдың басында білім және ғылым министрлігі жаңадан құрастырылған “Әліппе” оқулығының бекітілгенін жариялады.

“Бүгінде “Әліппе” оқу бағдарламасын жасау жұмысы аяқталып бекітілді. Жұмыс тобы ауқымды жобаны ойдағыдай жүзеге асырып шықты. 20-дан артық отырыс өтті. “Әліппе” оқулығының ғылыми негізіне және практикалық қолданысына байланысты бірнеше ұсыныс түскен. Соның барлығы зерделенді”, – деді вице-министр Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, жылдың аяғына дейін оқулықтың алғашқа партиясы шығарылады. Ал 2021 жылдың қаңтар айында оны апробациядан өткізеді. Ол үшін пилоттық мектептердің тізімі бекітілді.

Осылайша, сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында мектептерге енгізілетін болады. Жалпы, “Әліппе” оқулығын 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланған, – деп атап өтті Каринова.

Қазіргі жоспарға сәйкес, “Әліппеге” 96-98 сағат беріледі. Оқушылар оны жарты жыл, яғни, үшінші тоқсанға дейін оқиды. Одан кейін “Ана тілі” оқулығы бойынша білім алады.  

Әліппе латын графикасымен шыға ма?

Жақында президентке латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің тағы бір нұсқасы таныстырылды. Ол – бұған дейін бекітілген нұсқаның жетілдірілген жобасы.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, осы әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан “бір дыбыс – бір әріп” принципіне толық сәйкес келеді. Онда диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Жобада қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Алайда оны әлі ұлттық комиссияның қарауына шығару қажет. Содан кейін ғана үкімет жетілдірілген әліпбиді бекіту туралы жарлықтың жобасын президент әкімшілігіне енгізуі тиіс. Әрине, оған уақыт қажет. Содан болар, “Әліппе” оқулығын алдымен кириллицамен шығаруға шешім қабылданды. Дегенмен, латын графикасымен жасалған жобасы да бар екен. 

“Қазір біз кириллица әліпбиіне негізделген әріптерді пайдаланатын болғандықтан, сол 42 әріпке негізделген “Әліппенің” оқу бағдарламасы дайындалды. Бірақ алдымызда латын графикасына көшу мақсаты тұр. Олай болған жағдайда біз ол бағдарламаны латын әліпбиіне ауыстырамыз. Ол қатар жасалды, бағарламаның жобасы бар”, – дейді оқулық әзірлеген мамандардың бірі Манара Адамова.

Әліппеге дейінгі дайындық кезеңі не үшін керек?

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген “Әліппенің” негізгі мақсаты өзгермеген. Ол – баланы оқуға және жазуға үйрету. Ал жаңа бағдарламаға сәйкес, “Әліппеге” дейінгі дайындық кезеңі де болады.

Абай атындағы ҚазҰПУ кафедра меңгерушісі Азия Жұмабаеваның айтуынша, “Әліппеге” дейінгі кезеңде дыбыспен жаттығу шаралары қарастырылған. Осы жұмыстың маңыздылығын Ахмет Байтұрсынұлы да айтып кеткен.

– Ахмет Байтұрсынұлы балаларға әріптерді көрсетпей тұрып, дыбыспен жаттықтыру қажет дейді. Себебі оқуға келген балалар сөйлеуді білгенімен сөздің дыбыстан тұратынын білмейді. Ал дыбыстарды білмей тұрып, оқу-жазуға үйрету қиын, – дейді Жұмабаева.

Ғалымдар балалардың күнделікті өмірде қолданатын сөздерін де зерделеп шықты. Соған қарай әріптерді оқыту реттілігін жасады. Ол да Ахмет Байтұрсынұлының жүйесіне ұқсас болып шықты. Осыдан кейін ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, әріптерді үйрету жолдары пысықталды. Халық ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің ұтымды мәтіндері таңдалды.

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін “Әліппе” ауыл балаларына лайықталып жасалған. Ал қазіргі кезде қаладағы қазақ мектептерінің сұранысын да ескеру керек.

– Осы тұрғыда қаланың баласына ұлттық әліпбиімізді қалай үйретеміз деген мәселе туындайды. Сондықтан балалар әдебиетін пайдаланғанда архаизмге тым беріліп кетуге болмайды. Қазіргі балалардың талғамымен, қазіргі балаларың ұғым-түсінігімен санасуға тура келеді. Сол себепті әлемдік әдебиеттің жаңа үлгілерін де пайдалану керек. Бұның барлығы жаңа бағдарламада ескерілді, – дейді Матыжанов.






Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий