“Бастауышқа – Бастамамен”: Ауыл мектебіне көмектесетін жаңашыл жоба

Облыстық білім беруді дамыту орталығы мен Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі бірлесіп аймақтағы шағын жинақталған бастауыш білім беру мектептерінің мұғалімдеріне арналған «Бастауышқа-Бастамамен» жаңашыл жобаны бастады. Мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында мектеп мұғалімдерінің әдістемелік білім деңгейін жетілдіруге көмек беру.

Инфо в СМИ

Жобаның алғашқы шымылдығын облыстық білім беруді дамыту орталығының директоры  Гулмира Кубашева  ашып, басқосу барысында оқыту семинарында таныстырылатын жобаның маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталып, ұзақ мерзімді жобаның жұмысына сәттілік тіледі. Оқыту семинарының бірінші бөлімі қаладағы мектептің бастауыш сынып мұғалімдерінің шеберлік сағаттарына арналды. Екінші бөлім «Әдістемелік дайджест» тақырыбымен біздің арнаулы кәсіби білім беретін оқу орнының тәжірибесіне арналды. Колледж директоры Алтынкүл Кайрлиева аталмыш жобаның  әрі өзекті, әрі  мамандарды сапалы дайындаудағы рөліне тоқталып, бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын дамытуда ізгілікті ізденіс жұмысының оңды екенін айтты.

Мен жиналған әріптестерге осы жобаның төлқұжатын таныстырып, білім алушылардың жеке қабілеттерін дамыту мақсатында барлық мүдделі тараптардың бастауыш сынып мұғалімдерінің, педагог-психологтың, логопед-мұғалімнің және ата-аналардың (заңды өкілдердің) өзара іс-қимылын ұйымдастыру мүмкіндіктерін әңгімеледім. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары да ортаға салынды. «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша сабақ беретін колледждің оқытушы-әдіскерлері өз пәндері бойынша шеберлік сабақтарын көрсетіп, жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу пәндерінің бағдарламасына сай әр сыныптар мен сынып-комплект жағдайында оқу үрдісін ұйымдастыру жолдары мен сабақтағы әрекеттерді  ұйымдастыру әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Қазақ тілі пәнінен әдіскерлер А.Темрешева, А.Қойшекенова ШЖМ сынып-комплект жағдайында оқу мақсаттарына негізделген жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру туралы көрсетсе, орыс тілінен Н.Шагиева, әдебиеттік оқу пәнінен Б.Каримова мен А.Құраубай мәтінді меңгерту технологиялары туралы сөз қозғады. Каллиграфия пәнінен А.Бекбулатова бастауыш сынып оқушыларына көркем жазу дағдыларын қалыптастыру тапсырмаларының түрлерін көрсетіп, мектеп мұғалімдеріне  көркем жазу сағатындағы жазу техникасының қыры мен сырын үйретті.

Математика пәнінен әдіскерлер Г.Сапахова мен А.Джумагазиева қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмаларды практикалық есептерді шешу жолдарын сарапқа салып, 4-сыныпқа енгізілген процентпен есептеу дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығына мән берді. Жаратылыстану сабақтарында өткізілетін тәжірибелік жұмыстарды арнайы құрылғылар бойынша оқыту жолдарын А.Зайнуллина мен А.Дусалиева ұйымдастырды. Көркем еңбек сабағынан Н.Хамзин дәстүрден тыс бейнелеу әдістері арқылы оқушылардың қызығушылықтарын арттыруда түрлі технологиялармен сурет салудың жаңа жолдарын көрсетті.

АКТ пәнінен оқытушы-әдіскер А.Джумагазиева мектеп мұғалімдеріне сабақтарда цифрлық технологияларды тиімді қолдану жолдарын смартфон арқылы практикалық әрекеттер арқылы табудың әдістері мен амалдарын айтып берді. Алғашқы семинар мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек беру мақсатында көзделген мәресіне жетті. Жоба жұмысына сәттіліктер тілеген қонақтар бастаманың нәтижелі болуна қатысты ұсыныстары мен пікірлерін де аянып қалған жоқ.

Білім алушының жеке басының интеллектуалдық және шығармашылық дамуына, жобалық, зерттеу және сабақтан тыс жұмыстар, қосымша білім беру жүйесі арқылы оның мүдделерін іске асыруға мүмкіндіктерді кеңейту мақсатындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта жарасымды жалғасын табатын болады.  

Гүлнар Сырымқызы НҰРАШЕВА,
колледж директорының оқу-әдістемелік
жұмыс жөніндегі орынбасары, Батыс
Қазақстан облысы, Орал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий