Басты міндет – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру

Алматы қаласының Әуезов ауданындағы №104 жалпы білім беретін мектептің негізі 1963 жылы қаланған. Қазіргі таңда бұл білім ошағында бір жүз он тоғыз мұғалім қызмет атқаруда. Оқушылардың жалпы саны – 1241. Ағарту мекемесіндегі пәндік кабинеттер – қырық тоғыз болса, барлығы да локальді желі және интерактивті панельдермен қамтамасыз етілген екен.

– Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинет жұмыс істейді. Мектебіміздің каворкинг аймағы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі жанрдағы кітаптармен, ноутбуктермен жабдықталған. Мұғалімдердің қолайлы ортада жұмыс істеуіне ыңғайланған ұстаздар бөлмесі де бар, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жас та болса білімді де білікті және тәжірибелі  басшысы Айза Алпамысқызы.

– Шәкірттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында сыныптан тыс он алты үйірме жұмыс істейді. «Робототехника», «Вокал», «Домбыра», «Шахмат», «Волейбол», «Баскетбол», «Доджбол», «Бес асық» үйірмелері оқушылардың жан-жақты дамуына қомақты үлестерін қосып келеді. Пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында қырық екі ұстаз «Педагогикалық шеберлік орталығы» тарапынан ұйымдастырылған курстар  арқылы біліктіліктерін жетілдірді.

Айза Мұхтарқұлованың айтуынша, білім сапасын арттыру мақсатындағы «Lesson Study және іс-әрекеттегі зерттеу» әдісі бойынша зерттеу сабақтары жоспарлы түрде жүргізіле бастаған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы адами және ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру жүйесін нақты жүзеге асыру қолға алынған екен. Оқу жылының алғашқы педагогикалық кеңес құрамы тарапынан қаулы негізінде барлық сабақтарда «Ұлттық мүдде», «Талап», «Ар-ұят» құндылықтарды дәріптеу мақұлданыпты.

Сабақ арасындағы «Көңілді үзіліс» минуттары балалар үшін танымы мол, көңілді әрі қызыққа толы бағаналы бастама болғанын білдік. Оқушылар жетістігін жіктесек, 9–11-сынып оқушыларына арналған ЖББ пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде 9-сынып оқушысы  Қайыңбай Темірлан Қазақстан тарихы пәні бойынша жүлделі 1-орынмен марапатталса, 10-сынып оқушысы Умиржанова Жанайым орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 2-орынға ие болған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-сынып оқушысы Өнербаева Дамира мен 11-сынып оқушысы Керімтаева Алуа құқық негіздері пәнінен жүлделі үшінші қатарға тұрақтаған екен.

«Зерде» республикалық байқауындағы 2–7-сынып оқушыларының білім бәйгесінде қалалық кезең бойынша 5-сынып оқушысы Джаканов Кайржан мен 9–11-сынып оқушылары арасындағы ЖББ пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар байқауында 9-сынып оқушысы Орынбекова Кәусарға 2-орынның жүлдесі табысталса, 10-сынып оқушысы Канагатжанова Алина 3-орын алған. «Ақберен» республикалық өнер байқауында шәкірттердің шығармашылғы сынға түсіп, 11-сынып оқушысы Болатбеков Бағжан «шешендік өнер» аталымы бойынша қалалық кезеңнің Бас жүлдесін  олжаласа, республикалық додада жүлделі үшінші орынмен марапатталыпты.

«Ділмар» аталатын республикалық шешендік өнер байқауының үшінші сайысында 11-сынып оқушысы Болатбеков Бағжан шешендік өнерімен 1-орынның жүлдесін иеленсе, жалпы білім беру ұйымдарының 9–11-сынып оқушылары арасындағы республикалық «Абайтану» олимпиадасында 11-сынып оқушысы Болатбеков Бағжан үздік үштікке енген. Түркістан қаласында ұйымдастырылған республикалық «Сыр шерткен бізге көнеден, / Ұрпаққа үлгі өнегең» шешендік сөздерді жатқа айту байқауында бағын сынаған сегізінші сынып оқушысы Тастай Эльмираға екінші орынның жүлдесі табысталыпты.

– «Балалар әлемі» жобасы аясында 8–10-сынып оқушылар арасындағы оқу байқауының қалалық кезеңінде алғашқы қатардан көрінген Тастай Эльмираның елордада ұйымдастырылған республикалық кезеңнен үшінші орынды олжалауы мәртебелі мерейімізді биіктетсе, «Дала әуені» республикалық шығармашылық байқауында өнерлерін көрсеткен мектебіміздің бишілер тобының жүлделі бірінші орынға ие болуы арқылы абыройымызды асырған еді, – дейді осы мектептің директоры  Айза Мұхтарқұлова.

«Almaty Ustazy 2022» атты жас ұстаздарға арналған ауқымды байқаудың үздік жеңімпаздарының бірі атанған тарих пәнінің мұғалімі  Нұржан Ибрагимов Финляндия  елінде 140 сағаттық академиялық тағылымдамадан өтсе, қалалық «Үздік жыл психологы» байқауына қатысқан мектеп психологы Төленді Айгерім жүлделі бірінші орынмен марапатталды. «Ұстаз» Алматы қаласының жергілікті кәсіптік одағы ұйымдастырған «Үздік кәсіподақ ұжымы» байқауында Бас жүлдені жеңіп алдық. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне қарасты аудандық басқарма ұйымдастырған «Жас құтқарушы-2023» байқауында біздің білім ордасының құрама командасы алғашқы қатардан көрінді.

Айза Алпамысқызы ұсынған мәліметке сүйенсек, Радиотехника және байланыс әскери-инженерлік институтында ВИИРиЭС, Алматы  қаласының Әуезов ауданы бойынша әскери-спорттық «Айбын» жарысының қорытынды сайысында әскери қолданбалы түрінен мектеп командасы топ жарса, «Ұстаз» Алматы қаласы жергілікті кәсіптік одағының 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Үздік кәсіподақ ұйымы» байқауында жүлделі 1-орынды еншілепті. «Үздік педагогикалық ұжым» қалалық байқауында жүлдегер атанып, екінші орын алған бұл мектептің әрбір ұстазы жергілікті атқарушы биліктің жүз елу пайызды құрайтын сыйақысымен марапатталыпты.

«Педагогикалық идеялар калейдоскопы» байқауында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Д.Салимов мен «Ешкім де, ешнарсе де ұмытылмайды» эссе байқауынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Сағындықова және «Ұстаз» АҚЖКО ұйымдастырған қалалық «Өз кәсібіммен мақтанамын» атты КТК (КВН) ойынында мерейлі мектептің «Modern 104» командасына екінші орынның жүлделері табысталған.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қалалық байқауда бастауыш сынып мұғалімі Л.Билалова, «Жас математик» мұғалімдеріне арналған қалалық шығармашылық байқауда математика пәнінің мұғалімдері Б.Жантөре мен Н.Сәрсетова және «Педагогикалық оқулар» қалалық байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Накипова мен тарих пәнінің мұғалімі Ш.Танмамбетова, «Ұстаз» АҚЖКО ұйымдастырған «Өнерлі өрге жүзеді» қалалық байқауында бұл білім ордасының шәкірттері көркем сөз жанры бойынша үшінші орын алған.

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп былтырғы қазан айының басында Алматы қалалық білім басқармасына қарасты жалпы білім беретін мектептерінің директорларымен  кездесіп, «Педагогикалық сыныптар» жобасын іске асыру бойынша он үш білім ордасымен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылды. Солардың арасындағы біздің аудан бойынша таңдау жасалған үш мектептің біз біз едік.

Тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағы – кейінгі жастардың қолында, ал өскелең ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі – парасатты педагогтердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру жолында қажырлы қызмет пен үздіксіз ізденіс қажет.

Расында да, Сингапурда жинақталған тәжірибе айтарлықтай әсер етіп, ұмытылмас естеліктер қалдырды. Бұл тәжірибе біздің мектеп директорларын да құнды білім мен дағдылармен байытты. Сингапурдағы біліктілікті арттыру бағдарламасын жерлесіміз Жұлдыз Амангелді басқаратын сингапурлық Dashstar компаниясы ұйымдастырды, –  дейді №104 ЖББ мектептің директоры Айза Мұхтарқұлова.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий