Шәкәрім ғылыми орталығы мен музейі – ғылым мен тағылымның ордасы
Семей қаласы Еуразияның тура жүрегінде орналасқан. Яғни, географиялық орталығы Гринвич бойынша шығысқа қарай 50 градус ендік пен сексен градус бойлықтың қиылысқан тұсындағы облыс орталығынан қырық шақырым қашықтықта тұр. Және бұл өлке хәкім Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904 ж.ж.), ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931 ж.ж.), қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің (1897-1961 ж.ж.) кіндік қаны тамған киелі топырақ. Облыс орталығына айналған ескі шаһар үш жылға жуық уақыт (1917 жылғы желтоқсанның 25-інен 1920 жылғы қыркүйектің 22-сіне дейін немесе тура 994 күн) Алаш автономиясының астанасы атанды.
Бұл тарихи қалада ірі тұлғалардың естелігі – Абай Құнанбайұлы мен Федор Достоевскийдің және тарихи-өлкетану бағытындағы, Невзоровтардың отбасылық бейнелеу өнері музейі бар. Ертіс өзенінің бойындағы көне қорған қамалда алыс-жақын аумақтардың жұртшылығын су мен құрлық арқылы тығыз байланыстырған қызу сауда-саттықтың танымал торабына айналғанын айғақтайтын жылнамалық жәдігерлер жетерлік. Екі жыл бұрын тағылымға толы тоқсан жылдық мерейтойын атап өткен Шәкәрім университетінде Шәкәрімтану ғылыми орталығы жұмысын бастап, Шәкәрімнің ғылыми музейі ашылды. Бұл – еліміздегі алғашқы ғылыми музей. Демек Семей қаласын Абай облысының ғана емес, бүкіл республиканың мәдени-тарихи орталығы деуге толық негіз бар. Сәуір айының ортасындағы осы жоғары оқу орнына арнайы сапарымыздың барысында бас ғимаратының екінші қабатындағы жүйелі құрылған Шәкәрім ғылыми музейімен таныстық. Музей екі залдан тұрады: Шәкәрім әлемі және университет тарихы. Сондай-ақ Шәкәрімтану ғылыми орталығының кешенді жұмыс жоспарымен танысқан едік.

– Шәкәрім университетінің тарихы қаламыздағы жоғары білімнің ұйытқысы болған – педагогикалық институт, зоотехникалық-малдәрігерлік институт, қаржы институты, ет және сүт өндірісінің технологиялық институтының басын қосқан еліміздегі іргелі оқу орны ретінде танымал және беделді. Университеттің атауы ақын, ойшыл Шәкәрімнің құрметіне қойылғандықтан, оның өмірі мен мұрасын насихаттау, зерттеу – тікелей міндетіміз. Ойлана келе, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі келіп ашқан республикалық Абай музейін заманға сай қайта құрылым жасаған, осы университет түлегі, әдебиеттанушы-философ Тұрдықұл Шаңбай ағамызды жауапты жұмысқа шақырдым. Басты мақсат – осы жоғары оқу орнының жанынан Шәкәрім музейін ғылыми бағытта ұйымдастыру, Шәкәрімтану ғылыми орталығы мен «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналын қалпына келтіру болатын. Бұл Шәкәрім тұлғасы мен шығармашылығының университет ұстанымының басты бағдары – темірқазығы ретіндегі маңыздылығын көрсетеді. Ғұлама ойшылдың толғанысқа толы ойларымен тыныстап тұрған тарих пен қазіргі заманның үйлесімін айқындаған музей осы ағамыздың ғылыми концепциясының негізінде жүзеге асты, – деді «Шәкәрім университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры, Директорлар кеңесінің мүшесі Думан Орынбеков. – Қарымды энциклопедист, көрнекті ғалым ағамызды бұрыннан жақсы танитынмын. Семейге Алматыдан келіп, 2002 жылдары осы университет жанындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығын басқарып, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясын, «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағын дайындағанын отандық ғалымдар жоғары бағалағаны бар. Міне, осы жайттарды ескеріп, жаңа тұрпатты музей жасақтауды тапсырған ұсынысым көп ұзамай сәтімен орындалды. Бұл музей интеллектуалдық күш-қуат орталығына айналып, ойшылдың мәңгілік мұрасы мен жоғары оқу орнының мақсатты миссиясын ортақ мақсатта біріктіруге бағытталғандығымен құнды. Осы орталық тек өткенді сақтаушы ғана емес, сондай-ақ жаңа идеялардың туындауына ықпал ететін рухани ұстынға айналғаны анық. Ғылыми музейді жаңадан қалыптастыру – тек есте қалдыруға бағытталған кезекті іс-шара ғана емес, университет пен тарихи тұлғаны сабақтастыратын символ.
Музей – адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен әрі пәлсапалық мәні өте тереңде. Әлем тарихының өткенін жауһардай жарқыратып көрсетуде мәдениеттің еш саласы бұл әмбебап орталыққа тең келмейді. Тарихи-мәдени құбылыстың генезисін реминенция арқылы көрсетуде осы ғылыми кеңестіктің мәні мен маңызы ерекше. Әлемде елу мыңға жуық музей болса, тәуелсіз еліміздің барлық аймағындағы осындай ордалардың саны шамамен үш жүзге жуық. Керемет көрмелерде ақыл-ой иелерінің дәуірлерге жалғасқан рухани және материалдық жетістіктері жинақталып, ізгі игіліктердің таусылмайтын асыл қоры келушілердің назарына ұсынылады. Әрі сирек экспонаттар мұқият сақталып, жан-жақты зерттелетіндігін баршамыз білеміз. Шәкәрім ғылыми музейінің бергі жағындағы кең залдағы экспозицияны осы жоғары оқу орнының тоқсан жылдан асқан терең тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлердің топтамасы құрайды. Сатылы сөрелерге бірегей білім ордасының жылнамалық жетістіктері мен ғылыми бағыттарын, көрнекті ғалымдарына қоса танымал тұлғаларды таныстыратын фотосуреттермен қатар мұрағат деректері қаз-қатар қойылыпты.
– Музейлер мазмұнына қарай көптеген түрге жіктеледі: тарихи-археологиялық, өлкетану-этнографиялық, әдеби-мемориалдық, қолданбалы өнер, табиғат пен жаратылыс, космонавтика және тағы да басқалары бар. Осы жіктелудің барысында ғылымның орны ерекше. Ғылыми мұражай реминисценция арқылы өткенді насихаттамайды, болашаққа да қол созады. Метафорамен айтсақ, ғылыми музей «аузымен құс тістеген» адам баласының арзу арманының ақиқатқа айналуы. Шәкәрім бабамызды ұлықтауға бағытталған осы орталықты ғылыми музей ретінде рәсімдедік. Себебі Алаштың ардақтысы – классик ақын ғана емес, ғұлама-ойшыл. Шәкәрімнің өзі – данышпан, сөзі – даналық. Әрі энциклопедиялық білімі бар ғұлама. Егемендіктің елең-алаңында айбарлы ақынның ардақты есімі ақталған соң жан-жақтан жиналған жазбалары түрлі тараптан зерттеле бастағаны белгілі, – дейді «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының жетекшісі, Шәкәрім ғылыми музейінің басшысы, ҚР мәдениет қайраткері, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Тұрдықұл Шаңбай. – Шәкәрім музейі осы ғылыми орталықтың басым бағыттарының бастау бұлағы сынды. Себебі осы қызметтің құрамына ойшылдың мұрасы мен университет тарихын зерттеу және насихаттау, оған ғылыми-зерттеу, баспа, қор, экспозиция және ғылыми-ағарту ізденістері енеді. Келесі кезектегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында ғылыми және жалпымәдени материалдық және рухани құндылықтарды жинақтау, талдау және ғылыми айналымға енгізу міндеті қойылған. Музейдің баспа қызметі – буклеттер, күнтізбелер, ашықхаттар және ғылыми еңбектерді дайындап және басып шығару үшінші қатарда. Музейдің қор жұмыстарына ғұлама мұрасы мен жоғары оқу орнының тарихына қатысты материалдарды жинақтау, есепке алу, сақтау және зерттеу шаралары енгізілген. Коммуникация мен мәдени-ағартушылық жұмыс музейдің экспозициялық қызметінің негізгі өзегі болып табылады.
Музейдің ғылыми-көпшілік жұмыстарының алдыңғы қатарында келушілерді көптеп тарту мақсаты тұр. Шәкәрім мұрасы мен университет тарихын насихаттау, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, лекциялар оқу, телехабарларға қатысу, сұхбат беру, ғылыми экспедицияларға шығу жауапкершілігін тағы қосайық. Шәкәрім ғылыми музейі екі залдан (ойшыл мұрасы және университет тарихы) тұрады. Музей трансформациясы әлі алда көрінеді. Себебі қазіргі құбылмалы қоғамды келеңсіз кереғарлықтардан құтқару үшін ұлттық құндылықтарға негізделген осындай орталықтардың көптігі қажет. Көрме сөрелеріндегі әр алуан экспозицияға қоса биографиялық материалдар тарихи тұлғаның тауқыметке толы тағдырының бітім-болмысын баяндайды. Әдеби мұра сирек кездесетін қолжазбалар мен архивтік құжаттар арқылы ұсынылып, асқақ ақынның озық ойлары мен таным түсінігін тап басып тұрғаны даусыз. Философиялық идеялар мен рухани ілімдер бөлек экспозицияларда негізгі қағидаттар ретінде көрсетілген. Осы жоспарларды жүйелі жүзеге асыру үшін ғылыми танымның әдістемелік амал-әдістерге сүйенгені абзал.
Шәкәрім музейінің негізгі тірегі – ғылыми ізденістердің көкжиегін кеңейту. Сол себепті жүйелі түрде орналастырылған жиырмадан астам экспозиция шәкәрімтану саласындағы мәселелердің мәні мен маңызын ашып көрсеткен. Басқаша айтқанда, әрқайсысы болашақта шәкәрімтану саласында жүзеге асатын дипломдық, магистрлік, докторлық жұмыстарға берілген бағыт пен бағдар сияқты. Әр экспозицияның ізімен бүгінге дейін қорғалған жұмыстардың авторефераттары, зерттеу монографиялары қойылған. Ғылыми негіздегі арнайы тұжырымдама бекітіліп, шәкәрімтану саласы бойынша түрлі тақырыптағы бұрыннан бар зерттеулерді бүгінгі күн биігінен ілгері дамыту қолға алынды. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесінде Scopus, Web of Science, БҒСБК және «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналдарында әлеуетті авторлардың тарихи танымдық материалдары жарық көре бастады. Шәкәрім 1931 жылы Сәбит Мұқановқа жазған хатында пәлсапалық еңбектерінің орыс тіліне аударылғанын аңсағаны айтылған.
– Ойшыл ақынның асыл арманын біз орындадық. Мәскеуден «Родник по имени Шакарим» жинағы жарық көрді. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігімен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесі ретіндегі бұл тың туынды шәкәрімтану ғылымы саласындағы жаңаша бір биік белес болды. Қытай Халық Республикасының Сиань Цзяотун университеті жанынан біздің ғылыми орталықтың қолдауымен «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы қажетті материалдармен жасақталып ашылды. Шәкәрімтану ғылыми орталығы мен музейі пассионарлық қуатымен тереңнен тамыр тартады. Кешенді кеңістік екі елдің арасындағы бекем байланыстың алтын көпіріне айналатындығы анық, – деді әсерлі әңгімесін сәтімен сабақтаған парасатты профессор Тұрдықұл Қасенұлы.
– Бұл музейді өткенге құрмет қана емес, сонымен бірге болашақтың бағдары ретінде бағамдаған дұрыс. Өйткені екі жылдық қысқа мерзімнің аралығында осы орталық философиялық және мәдени дәстүрлер бойынша ұрпақтар сабақтастығын тереңдету арқылы білім беру және ғылыми зерттеулердің ашық ақпарат алаңына айналады. Ақиқатында асыл мұраның ең негізгісі – ақынның алақаны тиген әйгілі Саят қора мекені. Алайда ол киелі мекеннің де қазіргі халі мүшкілдігімен мәлім. Ахат Шәкәрімұлының: «1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Қыстай сол жерде жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады», – дегені бар.
Демек бұл құтты қоныстың қабырғасы қаланғанына ғасыр куә. Келмеске кеткен кеңестік кезеңдегі кедергілерді қозғамағанда тәуелсіздіктің отыз бес жылында кетік кірпіштерін қаншама жел мүжіп, жауын кеміргенін кім көрген. Саят қораны зерттеу бойынша осы университеттің ғалымдары гранттық жоба ұтып алғаны айтылды. Тарихшы ғалым Мұхтарбек Кәрімовтың жетекшілігімен осы тарихи аумақта жүргізілген ғылыми-археологиялық жұмыстардың нәтижесінде бағалы бұйымдар табылып қалуы мүмкін. Демек алдағы уақытта діни сауатты қажының көзіндей болған Саят қораны кешенді қорғау жұмысы мемлекеттік деңгейде қолға алынатындығынан үміттіміз.
– Әкеміз біреудің жалғызы, иманы күшті адам еді. 1962 жылы ата-анамыз арғы беттен үрке көшіп келгенде ата жұрттың атеистік түсінігі тапжылмай тұрған. Соған қарамастан бес уақыттағы намазын қаза қылмағаны есімде. Студенттік кезден бастап замандастарым Тұрсын (азан шақырып қойған атым – Тұрдықұл) атап кетті. Ағайынды бір қыз, алты ұлмыз. Кенже інімнен басқа бесеуіміздің атымызға «құл» сөзі қосылған. Әкеміз: «Алланы бірден-бір Жаратушы деп таныған, оған мойынұсынған адамды құл дейді», – деген салиқалы сөзін жиі қайталаушы еді. Барша мұсылман қауымының Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) «Алланың сүйікті құлы» деп атайтындығы әмбеге аян. «Алланың – құлы, адамның баласы бол» деген таным-түсініктегі тағылымды тіркестер қазақ халқында көп. Жаратушыға шексіз ризашылығы болар, кенжесінің атын – Жомарт қойды. Анамыз Фатима да «бисмиллясы» аузында, ерекше жан еді. Қысқасы, біздің есімдеріміз ата-анамыздың мұсылмандық дүниетанымының жемісі, – деп тұжырымын тобықтай түйіндеді «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының жетекшісі, Шәкәрім музейінің басшысы Тұрдықұл аға Шаңбай.
«Ғұламаның күллі жүріп өткен өмір жолы – ғылымның арналы салалары бойынша тақырыптық экспозициялардың арқауына айналған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, бүгінгі шәкәрімтанушы Ерлан Сыдықовқа дейінгі ғалымдардың еңбектері түгел қамтылғанына куәміз. Ақынның барлық қырлары ғылыми зерттеліп, сөрелерден сөйлеп тұр. Ақынның жеке тұтынған заттары неге жоқ деген сұрақтың туындауы заңды. Ащы ақиқатпен айтылатын «әттеген-ай» – расында «Саят қорада» солақай саясаттың кесірінен ғұлама ойшылдың құнды кітаптары өртелгенде, күнделікті тұрмыста жиі тұтынған жеке заттары талан-таражға түскені тарихтың тасасында тұр. Бірақ ғылыми музей ақынның өз қолымен жазған хаттары, көзі тірісінде жарық көрген еңбектері, қолжазбалары, әр жылдары «Сарыарқа», тағы басқа басылымдарда жарық көрген зерттеулері ретімен, жанр бойынша жүйелі жасалған», – деп тамсана жазды әріптес іні, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Абай облысы бойынша меншікті тілшісі Бақытбек Қадыр «Шәкәрім ғылыми музейі» (17.04.2025 ж.) мақаласында.
Нұрлан МЕРАЛЫ,
Астана – Семей – Астана







