Қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған ауқымды жобаға жаңа серпін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның барлық саласын дамытуға баса назар аударып отырғаны белгілі. Тек қана әлемнің өзге елдерімен терезесі тең тұруға ғана емес, біртіндеп ғылыми әлеуеті дамыған жетекші мемлекеттердің бірі болуды мақсат ету қажеттігіне де тоқталған еді. «Дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы», – деген ҚР Президентінің парасатты пайымы қазіргі кезде өте өзекті әрі өміршең.

Университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы, Shakarim Lab ғылыми орталығының директоры Алексей Кливенко ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке осы жоғары оқу орнының көрмесін таныстыруда

Шәкәрім университеті осы орайда тың бастамаларға жол ашып, зертханалар жұмысының жандануы бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыру үстінде. Соның бір айқын дәлелі ретінде оқу орнының Shakarim Lab базасының ғимаратында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу зертханасының ашылуын айтуға болады. Бұл жоба «Металлургиялық өндірістердің қалдықтары, мұнай өңдеу және мұнай өндірудің жанама өнімдері сияқты қайталама ресурстарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асып отыр.

Бұл бірегей бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық қауіпсіздікті арттыру, жаңа материалдар мен пайдалы өнімдер алу, сондай-ақ, олардың өнеркәсіп пен жол құрылысы саласындағы қолдану мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Жаңа зертхананың ашылу салтанатында ізгі лебізін білдірген университет ректоры Думан Орынбеков осы жоғары оқу орнының ғылыми жетістіктеріне тоқталып, бірқатар іргелі істердің барысын баяндап берді.

– Мемлекет басшысы айтқандай, «ғылым – ұлттың зияткерлік қуаты, ал ғалым – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші» екені сөзсіз. «Ғылым онкүндігі» аясында гранттық қаржыландыру шеңберінде «Өндірістік қалдықтарды өңдеудің инновациялық технологиялары» зертханасының ашылуының маңызы зор, – деді Думан Рымғалиұлы. – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бүгінде университет ғалымдары қырықтан астам жобаны іске асыруда. Жобалардың жетпіс пайызы нақты қолданбалы сипатқа ие. Осы жобаның жалпы қаржыландыру көлемі 269 миллион теңгені құраса, қомақты қаржының отыз бір пайызы зертхананы ең заманауи құрал-жабдықтарға қоса қажетті құрылғылармен жарақтандыруға бағытталды. Бұл – университетіміздің ғылыми инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған нақты инвестиция, мемлекет тарапынан ғылымға деген сенім мен қолдаудың көрінісі.

– Shakarim Lab – біздің университеттің заманауи ғылыми-зерттеу алаңы. Осы орталықта іргелі және қолданбалы зерттеулер тұрақты даму үшін жүргізуге, сонымен қатар студенттер мен жас ғалымдарды инновациялық қызметке тартуға жағдай жасалған. Оның құрамында бес зертхана (сынақ зертханасы; ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертхана; биологиялық және тағам қауіпсіздігі зертханасы; ветеринариялық клиника; сүт өнімдерін талдау зертханасы) бар. Жеті негізгі қызмет бағытын құрайды, – дейді жергілікті жоғары оқу орнындағы заманауи зертхананың директоры, химия мамандығы бойынша PhD, H-index базасы негізіндегі Scopus/WoS – 7, елуден астам ғылыми жұмыс пен екі монография, екі оқу-әдістемелік құралына қоса бес патенттің иегері Алексей Кливенко. – Алғашқысы тұрақты даму үшін ғылыми зерттеулер – ветеринария, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында теориялық және эксперименталдық жұмыстарды жүргізу. Оқу үдерісі – студенттік жобаларға, магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми базаны қамтамасыз ету. Жас ғалымдар ғылымы – студенттер мен жас зерттеушілерді ғылыми шығармашылыққа тарту, ғылыми үйірмелер мен жобалық топтарды ұйымдастыру. Ынтымақтастық – ғылыми және білім беру ұйымдарымен бірлескен зерттеулер жүргізу, гранттық және шаруашылық есепті жобаларға қатысу. Практикалық сараптама – сүт, топырақ, жем-шөп және қоршаған орта нысандары бойынша тапсырыс бойынша зерттеулерді жүргізу.

Алексей Николаевичтің айтуынша, әдістемелік қолдау университеттің студенттері мен ғалымдарының ғылыми жұмысы бойынша кеңес беру және қолдау көрсетуге бағытталған. Ал жарияланымдар университеттің ғылыми беделін арттыру үшін зерттеу нәтижелерін дайындау және таратуды көздейді. Shakarim Lab-тың негізгі миссиясы – ғылымды, білім беруді және тәжірибені біріктіре отырып, университеттің өңірдегі жетекші ғылыми білім беру және инновациялық орталық ретінде дамуына ықпал ету. Өткен аптада елордада өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне оқу орны тарапынан ұсынылған жобалардың басты ерекшелігі тек теориялық емес, нақты өндірістік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталуында.

– Соның бірі – биогаз бен тыңайтқыштарды үздіксіз өндіруге арналған автоматтандырылған биореакторлар желісін әзірлеу жобасы. Бұл бастама ауыл шаруашылығында қалдықсыз технологияларды енгізуге жол ашады. Жасыл технологиялар мен тұрақты даму идеяларын тоғыстырған тәжірибелік алаңға барып, біздің университеттің жетістіктерін сала министрі бастаған мәртебелі меймандарға жоғары оқу орнының ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы, ғалым хатшысы Алмагүл Нұрғазезова, ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау орталығының жетекшісі Самат Касымов, Shakarim Lab ғылыми орталығының директоры ретінде мен, докторант Бибі Анарбекқызы – бесеуміз кеңінен таныстырған болатынбыз, – деп сөзін түйіндеді бізбен телефон арқылы күні кеше тілдескен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы-2021» республикалық байқауының жеңімпазы, Мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері (2023 ж.), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2024 ж.) Алексей Кливенко.

«Металлургиялық өндірістердің қалдықтары, мұнай өңдеу және мұнай өндірудің жанама өнімдері сияқты қайталама ресурстарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясын әзірлеу» деп аталатын бағдарламаның жетекшісі – химия және экология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Альфира Сабитованың мәлімдеуінше, жаңа зертханалық жобаның екі мақсаты қосалқы қызмет ретінде серіктес «Композициялық материалдар институты» ЖШС-мен ортақ мақсат негізінде бірлесе орындалып жатыр екен. Алдағы мамыр айының бірі мен шілденің соңына дейін үш айлық мерзімге осы кафедраның төрт жас ғалымы жобаның міндетін орындау мақсатында Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетіне (Қытайдың Сиань қаласына) ғылыми тағылымдамаға баратынын білдік.

– ҚР Президенті соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінуі барысында соңғы бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестицияның көлемі бес есе өскенін айрықша атап айтқаны елдің есінде. «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесін жергілікті өңірлерде орнықтыру қажеттілігіне орай осы жобаны сәтті іске асыру арқылы ары қарай коммерцияландыруға бағытталған жүйелі жоспарымыз бар. Бұл зертханада жол жабындыларын алу, құрамын зерттеу мақсатындағы үздіксіз ізденістер жүргізіледі. Жол жабындысын алу үшін алдымен шлакты қолданамыз. Оны белгілі бір мөлшерде алғаннан кейін мұнаймен ластанған жердің битумы арқылы модификациялаймыз, – дейді басқосуға жиналған қалың қауымды ғылыми құрылғылардың ерекшеліктерімен кеңінен таныстырған «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы-2020» республикалық байқауының жеңімпазы Альфира Нұржанқызы. – Қажетті шикізаттың құрамында битумның болуы заңды. Арнайы жасалған қоспалардың төзімділігі мен температураға бейімділігіне байланысты түрлі сынақтар жүргізіледі. «Зеленстрой-Семей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен әріптестік байланыс орнату арқылы тараптарға тиімді уағдаластық бойынша ортақ мақсат пен мүддеге сай игілікті істерді бірге атқару жоспарымызда бар. Яғни, белгіленген жерден жол бөлігін алып, оған өзіміз жасаған жол жабындысын салу мүмкіндігін ұсынамыз. Және осы белгілеген бөлікке жарты жылдай тұрақты сынақ жұмыстарын жіті жүргізу арқылы ғылыми зерттеулердің тиімділігіне нақты көз жеткізуге болады.

Бағдарлама аясында ғылыми ізденістерді үйлестіру, зерттеу бағыттарын жүйелеу және жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына бағыт пен бағдар беру ісінде жетекшінің атқаратын жауапкершілік жүгі ауыр әрі ауқымды. Жаңа зертхана қалдықсыз технологиялар саласындағы тәжірибелерге арналған заманауи әрі қымбат жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондықтан жоғары оқу орнындағы білікті оқытушылармен қатар жас ғалымдардың үздіксіз ізденуіне жаңаша серпін сыйлайтындығына сенеміз. Бағдарлама аясында қорғасын өндірісінің шлактарынан түсті, асыл және сирек жер металдарын бөліп алу технологияларын әзірлеу, қайта өңделген шлактар негізінде минералды тыңайтқыштар жасаудың жағдайлары қамтылған. Мұнай қалдықтарынан жоғары сапалы жаңа жабындар әзірлеу барысында экологиялық қауіпсіздік шараларын жетілдірудің нақтыланған міндеттері тиісті деңгейде орындалуы тиіс.

Ғылыми жоба бойынша төрт докторант: Мукиянова Рыстай Ергазыевна – екінші курс (тақырыбы: «Металлургиялық қалдықтардан тыңайтқыштар алудың физика-химиялық әдістерін әзірлеу»); Мухамедияров Нурлан Жумагазыевич – екінші курс (тақырыбы: «Металлургиялық өндіріс қалдықтарынан бағалы металдарды бөліп алу үшін физикалық-химиялық процестерді жетілдіру»); Уалиханов Асылан Айдинович – екінші курс (тақырыбы: «Түсті металдарды металлургиялық қалдықтардан алу әдісін жобалау және оңтайландыру»); Шәріпхан Жанна Шәріпханқызы – бірінші курс (тақырыбы: «Мұнай қалдықтары және мұнаймен ластанған топырақтар негізінде модификацияланған битумдарды алу және олардың қасиеттері») жұмыс жасауда.

Мұхитқызы Аружан – бірінші курс, магистратура (тақырыбы: «Қорғасын өндірісі шлактарынан мыс алу әдістерін әзірлеу»); Оразалинова Акмарал – бірінші курс, магистратура (тақырыбы: «Мұнай өндіру мен қайта өңдеудің қосалқы өнімдерінен жоғары сапалы битум алу және оның қасиеттерін зерттеу»); Қонақбаева Арианна – бірінші курс, магистратура (тақырыбы: «Қорғасын өндірісінің қалдықтарын портландцемент өндіруде қоспа ретінде зерттеу»); Айтказин Нурбол – бірінші курс, магистратура (тақырыбы: «Металлургия өндірісі қалдықтарынан түсті металдарды алу тиімділігіне сынамалардың гранулометриялық құрамының әсерін зерттеу»); Абдигамитов Баглан – бірінші курс, магистратура (тақырыбы: «Қалдық мотор майлар негізіндегі жаңа жол төсеніштерін зерттеу») осы алты магистрантпен екі постдокторант (Г.Айткалиева мен Н.Нургалиев) жаңа диссертациялық зерттеулер жүргізуде.

Бағдарлама жетекшісі – химия және экология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Альфира Сабитова

Сонымен қатар жобаға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы белсене қатысу арқылы (Б.Баяхметова, Б.Гайсина, Ж.Кабышева, А.Абдрахманова, Д.Әсержанов, А.Қажығабылова) ғылыми бағыттардың ілгері дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Жобаның маңызды бөлігі саналатын металлургиялық қалдықтардан минералды тыңайтқыштар алу мақсатында қорғасын зауыты мен Жезкент кен-байыту комбинаты шлактарының фазалық және элементтік құрамы жан-жақты зерттелгенін білдік. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде құрамында әлеуеті зор уытты элементтері аз болғандықтан, әрі қарайғы жұмыстар үшін бұрынғы қорғасын зауытының мыс шлагы таңдалған екен. Университет ғалымдары осы шикізат негізінде аммиак пен калий сульфатын қолдана отырып, химиялық шаймалау әдісімен минералды тыңайтқыш алу тәсілін әзірлепті.

– Нәтижесінде макро және микроэлементтерге бай экстрактылар алынды. Зерттеу көрсеткендей, калий сульфаты қолданылған ерітінділерде кальций, мырыш және марганец мөлшері аммиакты экстрактымен салыстырғанда үш еседен астам жоғары болған. Ал аммиакты экстрагент мыс элементін төрт еседен артық тиімдірек бөліп алған. Алынған экстрактылардың биоактивтілігі жүгері өсімдігі – Zea mays L. негізінде биотест әдісімен бағаланды. Тұқымдарды K2SO4:H2O = 1:10 және NH4OH:H2O = 1:200 қатынасында сұйылтылған экстрактыларда алдын ала өңдеу нәтижесінде толық жүз пайыз зертханалық өнгіштік тіркелді. Әсіресе, аммиакты экстрактымен өңделген тұқымдардан өскен өсімдіктердің тамыр жүйесі, сабағы және собығының дамуы жақсы болғаны анықталды, – деді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берген осы бағдарламаның жетекшісі – химия және экология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Альфира Сабитова. – Өсімдік мүшелерінің элементтік талдауы тұқымдарды K2SO4 экстрактымен өңдегенде – мыс, ал NH4OH экстрактымен өңдегенде мырыш жиналатынын көрсетті. Сонымен бірге улы металдардың қауіпті концентрациялары байқалмаған. Бұл нәтижелер металлургиялық шлактар экстракттарын сұйық минералды тыңайтқыштар өндірісінде қолдануға перспективалы екенін дәлелдейді. Shakarim Lab базасында ашылған жаңа зертхана – ғылым, білім және өндірісті тоғыстыратын маңызды алаң. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында қолға алынған бұл жоба университет ғылымының әлеуетін арттырып қана қоймай, өндіріс қалдықтарын тиімді игеруге, экологиялық қауіпсіз технологияларды дамытуға және ел экономикасына қажетті инновациялық шешімдер ұсынуға бағытталған.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Астана – Семей – Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий