«Ұстаздық ізденісті талап ететін мамандық»

 Мұғалім болу – айтуға  оңай болғанымен, нағыз ұстаз болу  екінің бірінің қолынан келе бермейтіні шындық.  Ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың төресі десек болады. Осы бір ұлағатты мамандықтың ыстығына  күйіп, суығына тоңып, абырой мен бақыт тауып жатқан жандар шын бақытты  жандар деуге болады. Ұстаздықты өмірлік мамандығына айналдыруды мақсат еткен жастар  көп емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Павлодар қаласындағы «Дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының»  физика пәнінің мұғалімі Әуелбаева Камила Бақтыбайқызы өз мамандығын өмірінің мәніне балайтын жан.

 

-Камила Бақтыбайқызы, сіздің осы ұстаздық мамандықты таңдауыңыздың себебін білгіміз келеді.

-Мен өзім қазір қызмет етіп жатқан Павлодар қаласындағы «Дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының» түлегімін. Бала күнімнен мұғалім болуды армандадым деп айта алмаймын. Өмір өзі мені осы арнаға бұрды десем, дұрыс болар. Осы лицейде 7 сынып оқып жүргенде олимпиадаға дайындық жүргізу үшін оқушыларды пән бойынша бөлген болатын. Міне, сол кезде мені ұстаздарым  «физикаға сенің қабілетің жетеді» деп осы пәнге бөлді. Ұстаздарым физиканың өте қиын пән екенін жиі айтатын. Бірақ, ұстаздардың бұл сөзіне мен көп мән бермедім. Себебі дәл осы пән маған өте қатты ұнайтын.

Сөйтіп, мен физиканың барлық қыр-сырын меңгеруге ден қойып кеттім. Шынында да, менің қолымнан келетін, мені өзіне тартанын пән болып шықты. Жыл сайынға өтетін пән олимпиадаларына қатысып, бұйырған жүлделі орындарды иеленіп, мектебімнің мерейін үстем етіп жүру еншіме тиді. Физикамен достығым мені өзіне осылайша бірте-бірте тарта берді. Мектеп бітірген соң  Алматы қаласындағы Сүлеймен Демерел атындағы университеттің студенті болу бақыты бұйырды. Уиверситет дипломын алған соң  да ұстаз мамандығын өміріме негіз етемін деп ойламадым. Бірақ, Алланың қалауымен бүгінде көп болмаса да, біраз белестерден жеңіспен көрініп жүрген жайым бар. Бүгінде ұстаз болу,  шәкірт тәрбиелеу, сол арқылы ұлтыма қызмет ету өмірлік мақсатыма айналғандай. Өз мамандығымды өте жақсы көремін.

-Өмірде жетістікке жеткен жандардың барлығында да өзіндік бір биікке  жетелейтін, өміріне береке кіргізетін қандай да бір ой болады. Ол ой сол адамға күш береді, серпін береді, сәтсіздіктер бола қалған жағдайда, орнынан қайта тұрып, алға ұмтылуына қуат беріп жатады. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

-Өмірде әр адамның мақсаты болатыны ақиқат. Со мақсатқа әркім әрқалай жетеді ғой.  Мен мақсатқа жетуде  «Не жасасаң да, өзіңе ұнайтын іспен айналыс және өзіңе ұнайтын нәрсені жаса!» деген ұстанымдамын. Яғни, өзің қалаған нәрсені жасау, шынымен де, саған рахат сыйлайды. Маған педагогика саласы өте ұнайды. Мен жай ғана мұғалім боп, ақша тауып, тамағымды асырау үшін жұмыс жасамай,  балаларды ілім нәрімен сусындатып, ұлтымыздың білімді де білікті азаматтарын тәрбиелеп,  еліме өзімнің үлесімді  қосуды парызым деп санаймын.

-Камила Бақтыбайқызы,  еңбек жолыңызды қайда, қалай бастадыңыз?

-Сүлеймен Демерел атындағы университетте оқыдым дедім ғой жаңа.  Алған мамандығымның бір ерекшелігін айтып өтейін: мен физика пәнін  ағылшын тілінде беремін. Дипломым қолыма тиген соң бірден өзім білім алған қара шаңырағым  Павлодар қаласындағы  қазіргі «Дарынды  балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ»  лицей-интернатына» келіп, еңбек жолымды бастадым. Осы жерде маған өз өз ұстаздарым қолдау көрсетіп, жұмыс жасауыма жағдай жасады. Одан соң 2017-2019 жылдары Тараз қаласындағы «Айша бибі атындағы қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында еңбек еттім. Биылғы оқу жылынан бастап  Павлодар қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында қызмет жасаудамын.

-Әр мұғалімнің сабақ беруде өзіндік бағыты болатынын білеміз. Қандай  әдістермен сабақ беретініңізді айтып өтсеңіз.

-Иә, дұрыс айтасыз. Сабақ берумен қатар, әр мұғалім жеке тақырып алып, сол тақырып төңірегінде іздену жұмысымен айналысатыны бар. Мен «CLIL әдісін физика сабағында тиімді қолдану» деген тақырыпты алып, осы төңіректе шағын зерттеулерімді жасаудамын. Бұл әдісті қарапайым тілмен айтсақ былай болады: яғни,  пән мен тілді кіріктіріп оқыту. Ағылшын тілінде физика сабағын беру өте тиімді. Оқушыларға да жеңіл. Себебі іздену жұмысын жасаймын десеңіз, шетелдің ғалымдарының еңбектерінен көптеген ақпараттар алуға мүмкіндік зор.

-Жетістіктеріңізді айта отырсаңыз…

-Ұстаздық жолында жүрген жеті жылда өз пәнімді сүйіп, оқушыларыма бауыр басып еңбек етіп келемін. Соның нәтижесінде, біраз табыстарға жетіп жүрмін.  Оқушыларым пән олимпиадаларынан жоғары нәтижелер көрсетуде. Ал өзім  қыркүйек айында өткен «Жыл ұстазы» байқауында жүлделі орын иелендім. CLIL курсының авторымын және тренерімін. «Астана кітап» баспасынан  ағылшын тілінде шыққан физика оқулығының авторларының бірімін. Сонымен қатар,  2019 жылдан  ұлттық  тестілеу орталығының эксперттік комиссиясының мүшесімін. Бірақ  ұстаздық көп ізденуді, ерінбей-жалықпай алға жүруді талап етеді.Сондықтан да әлі де көп еңбектенуім керек екенін жақсы білемін.

-Алда қандай жоспарларыңыз бар?

-Бірнеше әдістемелік құралдарды жасап шығарсам, олимпиадаға дайындалуға  арналған көмекші құралдарды шығарсам деп жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар, CLIL төңірегінде шетелдік мамандардың тәжірибесімен таныссам деген жоспарым бар. Жоғары сынып оқушыларына арнап мотивациялық кітапша жазсам деген  де ойым бар. Әр мұғалім тек сабақ қана беріп қоймай, балаларды жан-жақты дамытуға  өз үлесін қосып, қызмет етуі, үнемі ізденіс үстінде болуы қажет деп есептеймін.  Сонда ғана ұстаз деген ұлы атқа лайық бола аламыз.

-Әңгімеңізге рахмет. Дарынды оқушыларыңызбен бірге биіктерді бағындырғайсыз!

 

Бақдәулет НҰРМАТ,
Павлодар облысы Білім беру басқармасының баспасөз хатшысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий