Айдос Қожанов: «138 баллды жүйелі дайындық арқылы иелендім»
Еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары ұпай иеленген оқушылардың бірі Түркістан облысының Кентау қаласында тұрады. Анығында, максималды 140 ұпайдың 138-ін жинаған Қожанов Айдос Хайруллаұлы Кентау қаласындағы қазақы көпбалалы әулеттен шыққан оқушы. Математикадан – 49, физикадан – 50, Қазақстан тарихынан – 19, оқу сауаттылығынан – максималды 10, сондай-ақ, математикалық сауаттылықтан максималды 10 ұпай еншілеген білімді жігіт алғаш рет «Білімді ел» редакциясына кең көлемдегі сұхбатын беріп, білім саласына қатысты орамды да шынайы ойларымен бөлісті. Сіз де сусындай отырыңыз, қадірлі оқырман!
– Қайырлы күн, Айдос! Алдымен, өмірдегі ең алғашқы үлкен белесіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! ҰБТ-дан республика бойынша максималды баллды иеленгеніңізді естіген кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Сәлеметсіз бе, сұхбатқа шақырғандарыңызға көп рақмет! Мен 11-сыныпқа дейін Кентау қаласындағы Юрий Гагарин атындағы №16 мектепте 10 жыл оқыдым. Осы 10 жылдың ішінде негізгі білім алдым. Ал, 11-сыныпта «Грант» мектебінде білімімді жалғастырдым. Анығында, туған ағам Жандос екеуміз бірге оқыдық. Ол ҰБТ-дан 118 балл алды.
Жоғары ұпай алғанымды көрген кездегі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тестті аяқтамай тұрып, өте қатты қобалжу болды, қанша балл алатынымды уайымдап отырдым, бірақ соңында ұпайымды білген соң қатты қуанып, ішімде эмоционалды жарылыстар болып жатқандай сезіндім. Әрине, қуаныштан ғой…
– Өз отбасыңыз жайлы баяндап берсеңіз. Туған ағам Жандос деп айтып қалдыңыз, екеуіңіз бір сыныпта оқыдыңыздар ма? Жалпы, қай өңірдің тумасысыз?
– Әрине, осы жетістіккке жетуіме бірден-бір себепші жандар – ол менің отбасым дер едім. Иә, біз туған ағамыз Жандос екеуіміз кішкентай кезімізден егіз қозыдай бірге жүрдік. Тіпті, оның менен бірер жас үлкендігі болса да екеуміз бір-бірімізге серік болсын деген ниетпен ата-анамыз бір сыныпқа берген екен. Кентау қаласында өмірге келіп, осы қалада өстім. Отбасымда 8 адамбыз: әжем, әкем, анам, 2 ағам, әпкем, інім бар.
– Мектеп қабырғасында қай пәндерді сүйіп оқыдыңыз?
– Ең қатты ұнайтын пәнім – математика болды. Бала кезден есеп шығаруға қызығатынмын. Өсе келе бұл қызығушылығым одан әрі артпаса, еш кеміген емес. Мектеп кезінде мектептік және қалалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Бұл белсенділіктің барлығы біздің болашаққа салып жатқан инвестициямыз екенін мен де ертерек сезінген сияқтымын деп ойлаймын.
– Қосымша хоббиіңіз қандай?
– Ең сүйікті хоббиім – кітап оқу. Әсіресе, әдеби кітаптарды оқуды ұнатамын.
– ҰБТ-ға қанша уақыт, қалай дайындалдыңыз?
– Негізі ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастағанмын, бірақ ол кезде тек физика пәніне мән бердім. Ал, 11-сыныпта «Грант» мектебіне келгелі бері барлық пәндерден қызу және жүйелі дайындық жүргіздім. Күніне 2 сағатымды математикаға, 2 сағат физикаға және 1,5 сағат Қазақстан тарихына даярлыққа арнайтынмын.
Осы ретте, менің жоғары ұпай жинауымда өзіндік қолтаңбасы қалған Юрий Гагарин атындағы №16 мектептің барша ұстаздар ұжымына, әсіресе, сынып жетекшілерім Пакизат Ибадуллақызы мен Айжан Кошанқызына, менің физика мен математикадағы деңгейімді көтеріп берген физика пәнінің мұғалімі Азамат Мұратұлына алғысым шексіз. «Грант» мектебінің мұғалімдеріне үлкен рақмет, әсіресе физика пәнінің мұғалімі Елмұрат Досымов және математика пәнінің мұғалімі Фаррух Абдрахманұлына үлкен шәкірттік алғысымды білдіремін.
– Еліміздің қазіргі білім жүйесіне көңіліңіз толады ма?
– Шынымды айтсам, негізі қазіргі оқу жүйесіне көңілім толмайтын тұстары да бар. Мысалы, қазіргі мектептердегі білім жүйесі балаларды шаршатып жіберетін сияқты, өйткені оқушылар ұнамайтын пәндерін оқуға мәжбүр болады, ал ұнамайтын пәндерді оқу өз кезегінде оқушыны қатты шаршатады деп ойлаймын. Бұл, әрине, менің түлек ретіндегі жеке пікірім.
– Ал, ҰБТ тапсырмалары қаншалықты оқу бағдарламасымен сай келеді және оны орындау қаншалықты қиын?
– Қазіргі мектептегі білім бағдарламасының кей тұстары ҰБТ сұрақтарына сай келмей жатады. ҰбТ-ға қарапайым орта білім беретін мектепте дайындалатын оқушы міндетті түрде репетиторға баруға мәжбүр болады. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Мәселен, кей кездері мемлекеттік мектептерде әр оқушыға жеке мектептердегідей жіті көңіл бөліне алмауы мүмкін. Менің ойымша, бұл олқылықтарды біз жасырмай айтуымыз қажет. Сын түзелмей, мін түзелмесі анық.
– Әлбетте, бұл сіздің өзіңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың білім алу сапасына деген алаңдаушылығыңыз деп түсінеміз. Өткір, ашық пікір білдіріп жатқаныңызға бек алғыс. Жалпы, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Келешекте математика пәнінің мұғалімі болуды қалаймын. Әзірге, қай оқу орнын таңдайтыным құпия болып қалсын.
– Айдос, айтыңызшы, ҰБТ-дан сіз секілді ең жоғары балл жинау үшін не істеу қажет?
– Білесіз бе, ҰБТ-ға дайындықта ең маңыздысы бұл – жүйелі дайындық. Әрбір мақсатқа жетерде сенде міндетті түрде жоспар болуы керек. Ал, екінші қажет қасиет – тұрақтылық. Әр күнің өзіңді шыңдаумен өтуі керек. Әрбір дайындық күні сені мақсатыңа бір қадам жақындатуы керек.
– Айдос, сүбелі, ашық сұхбатыңызға алғыс білдіреміз! Жарқын жаңалықпен басталып, қуанышпен бастау алып жатқан болашақ өміріңізге тек сәттілік серік болуын тілейміз!
– Бұл менің алғашқы кең көлемді сұхбатым. Сондықтан, есімде мәңгі сақталары сөзсіз. Сіздерге де зор шығармашылық табыс тілеймін!
Иә, қазақтың қарапайым ғана қарадомалақ баласын осындай биіктен көргенімізге бек разы болдық. Ойы нық, сөзі ірі, аяқ алысы тым еркін болып қалыптасқан жасөспірім жігітті қандай ата-ана өсіріп, тәрбиелеген екен? Осы орайда, талапты жігіттің аяулы анасы Алтынгүл Қожанованы да сөзге тарттық:
– Алтынгүл Таласбайқызы, алтын асықтай Айдос ұлыңыздың жетістігімен құттықтаймыз! Жалпы, ҰБТ-дан ең жоғары балл алғанын естіген сәтте қандай әсерде болдыңыз?
– Рақмет! ҰБТ-ға таңертең қос ұлымды ас-ауқатын беріп, үйдегі бірге тұратын бәйтерегіміз, 85 жастағы әжесінен батасын алғызып, шығарып салды. Тест бітерге таяу қызым Ботакөзбен күтіп алуға бардық. Екі ұлым да жақсы нәтижемен шыққанында куанышымда шек болмады. Дереу әкесіне, үлкен ағасына хабар бердім.
– Ұлыңыздың балалық шағы туралы баяндап берсеңіз. Бала кезінде қандай болды? Оқу-білімге құштарлығын қанша жасынан байқатты?
– Айдосым кішкентай кезінде әкесі сияқты киініп, көргенін қайталап жүретін. Бір күні үйіміздің дуалдарының бәріне есеп шығарып жазып тастапты. Математикаға құштарлығы сол бала кезінен-ақ осындай балалық әрекеттерінен көрініп тұрды. Ағасы екеуі тестке өте тиянақты дайындалды.
Айдос тек сабаққа ғана емес, үй тірлігіне де мығым. Әлі күнге дейін өзіме қолғанат. 11-сыныпта «Грант» мектебі ашылып, балаларыма колайлы деп осы мектепке ауыстырған болатынбыз. Жыл басында тест тапсырып, 100 пайыз тегін оқу сертификатын ұтып алып, бізге еш күш салмастан су тегін оқып шықты.
– ҰБТ-дан баласы ең жоғары балл иелену үшін ата-ана тарапынан қандай көмек болуы қажет деп есептейсіз? Мәселен, өзіңіз қолданған лайфхакпен бөлісе кетсеңіз?
– Мен баланы өз еркіне жібердім. Біздің тарапымыздан еш қысым болған жоқ. Сонда ғана бала нәтиже береді деп ойлаймын. Ата-ананың үмітін ақтады деген осы шығар, бәлкім, әдемі жетістігіне ерекше қуанып қалдық.
– Ал, өзге ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Балаға жұмсалған инвестиция – ең пайдалы инвестиция екенін естен шығармаңыз. Сондықтан, оның халдеріңіз жеткенінше бар жағдайын жасап қоюға тырысыңыз дер едім. Дәл осындай жетістік қазақтың әр ұл-қызына жұғысты болсын. Ал, балаларыма тілерім – алар асулары көлдей, ал шығар таулары – биік болсын!
– Ата-ана ретінде қуанышыңызбен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге зор алғыс! Ұл-қызыңыз әрқашан осылай қуанта берсін!
Әсерлі сұхбатымызға Айдостың жоғарыда өзі алғыс айтқан ардақты ұстазы, «Грант» мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары әрі физика пәнінің мұғалімі Елмұрат Досымов та қосылып, былайша бірер ауыз пікірін білдірді:
– Оқушы Айдос білімге сондай құштар. Бірінші күннен-ақ ізденімпаз, сабырлы екені байқалды. Мектептің ашылуына байланысты 10-сыныптар үшін ұйымдастырылған олимпиадада жеңіске жетті. Мектебіміздің бір ерекшелігі – оқушыларымыз таңғы 08:30-дан 17:20-ға дейін оқып, әр ай сайын мектепішілік байқау сынағы ұйымдастырылады. Осы оқу жылы болып өткен 6 байқау сынағының алтауында да Айдос үздік оқушы деп танылды, бірінші орынды ешкімге берген жоқ.
Біз, ұстаздар, өзімізді дамыту арқылы шәкірттерімізді биікке көтереміз. Әр ұстаз, қараңғы бөлмедегі жарық шам тәріздес. Әріптестеріме шәкірттерге жол көрсетуде жарық шам болудан талмайық, ол үшін өзімізді шынықтыруды еш уақытта тоқтатпайық дегім келеді. Ал, Айдостың болашағы жарқын боларына кәміл сенемін! – дейді ардақты ұстаз.
Біз де, өз кезегімізде, «Білімді ел» газеті ұжымының атынан білімпаз оқушымызды биік белесімен құттықтай отырып, толайым табыстар тілек етеміз! Қазақтың әр ұлы Айдостай болсын!
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі