Ұстаз болу оңай ма?
Қазір баланы мектепте білім алуға қызықтыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Тексеріс, қосалқы қағаздар, аттестация ата-ана және баланың тәртібі мұғалімнің маңдайына жазылған «бағы ма» дерсің… Осыған орай, күнде оқу ордасында білім нәрін сеуіп жүрген ұстаздарының жұмысы жайында жастар не дер екен? Енді осы жайында Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушылары және Ақтау қаласындағы Есенов колледжінің студенттерін сөзге тарттық.
Дамира РАХИМОВА, Астана: «Биология мен географиядан сабақ беретін ұстазым Гүлфарида апайым – өз ісінің нағыз маманы. Ол оқу материалын жақсы меңгеріп қана қоймайды, сонымен қатар оны тартымды және қолжетімді етіп беруді біледі. Оның екі пәнді де терең меңгеруі әр оқушыға деген керемет мейірімділік пен ілтипатпен үйлеседі. Ол әрқашан көмектесуге, қолдауға және ең күрделі тақырыптарды түсіндіруге дайын, оларды түсінікті және қызықты етеді.
Оның сабақ беруге деген құштарлығы оқушыларды әлемді өз бетімен тануға шабыттандырады, оның еңбекқорлығы мен шыдамдылығы шын мәнінде құрметке ие. Ұстазымыз жақсы оқушы болуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар біздің бойымызда қызығушылықты, жауапкершілікті және қоршаған әлемге деген құрметті қалыптастырады. Ол шәкірттерінің жүрегінде ұмытылмас із қалдыратын нағыз бірегей ұстаз».
Аружан АНУАРБЕК, Астана: «Мұғалім – қоғамда тек білім берумен ғана шектелмей, жас ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуында маңызды орын алады. Мұғалімдер үшін ең жауаптысы – оқушыларды ынталандыру, болашаққа жетелеу. Мен ұстаздарға білім мен тәрбиедегі еңбегі баға жетпес, әр шәкіртіне, бізге деген ықылас пен жанашырлығы үшін алғыс айтамын. Ұстаздық жолда әрқашан ізгілік пен табандылық серік болсын».
Айдана НАРТАЙ, Астана: «Қадірлі ұстазым, сіздің ұлағатты еңбегіңіздің арқасында қаншама шәкірттер биік шыңдарды бағындырып, өмір жолын табуда. Сіздің жүрек жылуыңыз бен берік сабырыңыз біздің жанымызда өшпес із қалдырып, болашағымызға даңғыл жол ашты. Әрбір айтқан сөзіңіз, берген тәліміңіз біз үшін теңдессіз байлық. Сізге шексіз ризашылық білдіремін, сіздің мейіріміңіз бен ақыл-парасатыңыз әрдайым жүрегімде сақталады. Ұстаздық жолыңызда жасаған бар жақсылығыңызды әрқашан құрмет тұтып, өзіңізге деген алғысым шексіз».
Бекзат ҚАЙДАУЫЛ, Астана: «Мұғалім болу – үлкен жауапкершілік, өйткені сенің қолыңда балалардың болашағы тұр. Әр күн сайын әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, оларға дұрыс жол табу қажет. Сабаққа үнемі дайындалу және жұмыстарды тексеру уақыт пен күшті талап етеді, кейде бұл жеке өмірге де әсер етеді. Эмоциялық шаршаумен күресу және оқушыларды шабыттандыру үшін күш табу – ең қиын міндеттердің бірі.
Мысалы, мен бүгін апайыма шын жүректен шығармашылық шабыт пен сабыр тілеймін! География мен биология пәндерінен берген әр сабағыңыз оқушылар үшін жаңа білімге жол ашып, олардың түзу жолда болғанын, сізге мықты денсаулық, еңбегіңізге табыс және шәкірттеріңіздің жетістіктерін тілеймін!».
Нұрмадина САБЫРЖАН, Астана: «Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік, себебі тек білім беріп қоймай, оқушының өмірлік құндылықтарын қалыптастыру, олардың армандары мен мақсаттарына қанат бітіре білуің керек. Бұл мамандықтың қиындығы да бар. Сабақ дайындау, әрбір оқушының қажеттілігін түсіну, олардың әртүрлі қабілеттерін дамыту – үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Сонымен қатар, әрбір оқушыға уақытылы назар аудару, олардың тұлғалық дамуына жағдай жасау – ұстаздың күнделікті міндеті. Бірақ, осы қиындықтармен қатар шәкірттеріңіздің жетістіктерін көргенде, әр ұстаздың жүрегінде мақтаныш пен қуаныш пайда болады».
Таһмина МҰСА, Астана: «Жалпы, қоғамдағы ұстаздың орны өте маңызды деп санаймын. Ұстаздар білім беру жүйесінің тірегі болып қана қоймай, ұлттың болашағын қалыптастыратын жас ұрпаққа жол көрсететін жетекшілер ретінде арамызда ерекше орын алады. Оқушыларды тәрбилеп, дұрыс бағытқа салып, үлкен тұлға болып қалыптасу жолында үлкен рөл атқаратын біздің сүйікті мұғалімдеріміз екенін естен шығармайық! Сондықтан да, әрбір мұғалімнің біздің қоғамда атқарып жатқан еңбегі зор».
Сандуғаш ТУТЕЕВА, Ақтау: «Мұғалім болу оңай емес деп ойлаймын. Әсіресе, бастауыш сыныбының мұғалімі болу күрделірек. Алдыңа келген баланың болашағы саған байланысты болады. Оның үстіне әрқайсысының мінезі әртүрлі, ортаға сіңісіп кетуі бөлек, ойын дұрыс жеткізе алмайды. Сондай балалардан тұлға шығару біздің қолымызда. Бұл үлкен міндет.
Одан бөлек мұғалімнің де өмірі, көңіл-күйі, отбасы, сонымен бірге проблемалары болады. Баланың алдына барғанда оның бәрін жинап қойып, бүкіл «вниманиямыз» балаларда, олардың үлгерімдерінде болуы керек. Бұл да оңай емес. Бұдан бөлек сана, ақыл жағынан барлық бала бірдей емес. Тақырыпты бір бала түсінсе, бірі түсінбей, «оны түсінбедім» деп айта алмай, тақырыптан қалып қоюы мүмкін. Бастауыш сыныптарда әрбір тақырып өте маңызды. Сондықтан, балаларға түсінікті етіп түсіндіру де үлкен жұмыс».
Шынарай ЖАЙТУРОВА, Ақтау: «Ұстаздық жол қиын және де ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Оқушылармен жұмыс істеп, білім беру – жауапкершілікті және шығармашылықты қажет ететін процесс. Мұғалімдерге педагогикалық әдістерді меңгеру, әртүрлі оқушылармен қарым-қатынас орнату, оқу жоспарын әзірлеу және оқушылардың дамуына қолдау көрсету қажет. Бұл терең тәжірибе мен білімді талап ететін қиын әрі маңызды жұмыс.
Мұғалім болу үшін жауапкершілік, креативтілік, уақыт пен күш қажет. Ұстаздарға көптеген жұмыс атқару керек. Оқушылардың жетістіктерін көру, олардың дамуына қатысу – мұның бәрі оны шабыттандырады. Осыған орай, маңызды мамандық иесі болу – қиындықтармен қатар үлкен қуаныш пен ризашылық әкелетін кәсіп».
Әсем МЕРЕКЕҚЫЗЫ, Ақтау: «Мұғалім – мамандығына жауапкершілікпен қарап, әрбір істе тиянақты атқарып жүретін, әрдайым жоғары талап қойылып, әр істеген ісі талқыға түсетін маман иесі. Барлық адам ұстаздан білім алған. «Мұғалім болу – бір басқа, ұстаз болу – тым бөлек» деп бекер айтпайды. Әрбір баланы түсініп, бала оған бар сырын айта алатындай ұстаз болу өте талапты мұғалімнің ғана қолынан келді. Міне, осыған қарап- ақ, мұғалім болу қиын екендігін білсек болады».
Сымбат ТЕМІР, Ақтау: «Нағыз педагог атану екінің бірінің қолынан келе бермейтіні шындық. Ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың бірі. Себебі, ұстаз болу – үлкен жауапкершілікпен қатар шыдамдылықты талап етеді. Мұғалім әрқашан ізденуді, жаңашылдықты, жаңа технологияларды меңгеруді қажет етеді. Ұстаз болудың жақсылығы да мойынға артылар жүктің ауыртпалығынан туындайтын қиындығы – осында».
Сымбат БЕРДІБАЙ, Ақтау: «Менің ойымша, мұғалім мамандығы қиын. Себебі, ол үшін үлкен сенім мен үмітті абыройлы да адал атқару қажет. Сонымен қатар, мұғалімге қойылатын талаптар да көп. Баланы тәрбиелеп шығару оған білім беру оңай болып көрінгенмен өте қиын. Бірақ, қиын болғанымен, қызығы мен ерекшеліктері көп мамандық. Әрбір жұмыстың өзінің қиыншылығы мен қызығы бар».
Сәния СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ
Загрузка...