Қонақжайлылық индустриясына қажетті мамандардың инновациялық ортасы

Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жергілікті білім басқармасының құзырында. Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын құрылған бұл техникалық және кәсіби білім ұйымы қызмет көрсету саласына қажетті мамандарды дайындайтын жетекші оқу орындарының бірі. 1983 жылы отандық жеңіл өнеркәсіп үшін кадрларды даярлау мақсатында жіп иіру-трикотаж фабрикасының оқу комбинаты ретінде алғаш жұмысын бастаған №5 училище кейін уақыт талабына сай №2 кәсіптік лицей ретінде қайта құрылымдалып, 2012 жылы колледж мәртебесіндегі қазіргі атауына ие болған еді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үстіміздегі жылды республика бойынша «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде жариялауын бұл ұстаздар ұжымы ерекше қуанышпен қабылдап, техникалық және кәсіби білім беру саласын ілгері дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен ауқымды жоспарлардың нәтижелі болуы үшін қомақты үлес қосуға зор мүдделілік танытуда. Өйткені, бұл арнаулы оқу орнының ең басты ерекшелігі – екі мәрте «Елордадағы ең үздік колледж» (әкім гранты) атағын (2020 және 2023 жылдары) иеленген. Және оқытушылардың құрамында «Жылдың үздік педагогі» атағын иеленген мамандардың болуына байланысты бұл ұйымшыл ұжым елордадағы жоғары деңгейдегі колледж мәртебесін лайықты мақтан тұтады.

– Колледжді бүгінгі таңда қонақжайлылық индустриясы үшін – жоғары білікті мамандарды кәсіби оқытуға мүмкіндік беретін және берік дәстүрлер мен жаңа инновациялар тоғысқан заманауи орталық деуге нақты негіз бар. Өйткені, әрбір студентке жеке әлеуетін ашуға толыққанды мүмкіндіктер берілген. Қазіргі кезде біздің арнаулы оқу орнында алты мамандық пен 19 біліктілік бойынша бір мың бес жүзден астам білімгер оқиды. «Жас маман» республикалық жобасы аясында (193 миллион теңгеден астам қаржыға) 100 сұранысқа ие және жаңа кәсіптер (мамандықтар) тізбесіне сәйкес жаңартылған жабдықтармен жарақтандырылған 6 алаңы бар құзыреттілік орталықтың жұмысы жүйелі жолға қойылған. WorldSkills, Abilympics, Deafskills оқу-жаттығу лагерін трансформациялау, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін бизнес-инкубатор құрылды. Стратегиялық бағыттарымыздың бірі – әрбір студентке тең мүмкіндік қарастыру, – дейді колледж директоры Зауре Қылышбаева.

Зауре Арапқызының айтуынша, инклюзивті білім беру шеңберінде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін таңдаған мамандығында оқуына кедергісіз қол жеткізудің жайлы жағдайлары жасалған. «Болашақ» корпоративтік қорының жан-жақты қолдауымен инклюзивті білім беру бағыты бойынша бұл колледжде 53 адам оқиды. Мемлекеттің қамқорлығындағы бұл әлеуметтік топ өкілдері үшін арнайы білім беру бағдарламаларына қоса жеке оқу жоспарлары құрастырылған. Оларға сұранысқа ие мамандықтарды игеруге және қоғамдық ортаға бейімделуге тиісті көмектер көрсетілуде екен. Сол себепті, бас қаладағы осы оқу орны еліміздегі инклюзивті білімге ерекше назар аударатын және арнайы топтар ұйымдастырған дара колледж ретінде танылуда. Ең бастысы, бітіруші түлектердің барлығы дерлік, яғни жаңадан диплом алған жас мамандардың толық жүз пайызы мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасады.

Колледж сапалы білім беру қызметтерін көрсетуді және бәсекеге қабілетті маманға жоғары сапалы дайындықты қамтамасыз ететін инновациялық және дамытушы, тәжірибеге бағдарланған ортаны құруды көздейтін миссия мен басты мақсаттарға қоса негізгі міндеттердің жүйелі іске асырылуын қамтамасыз ететін қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылыпты. Сондай-ақ, білікті басшының іскерлігі нәтижесінде 190 әлеуетті серіктеспен және 43 дуальды жүйе бойынша бизнеспен белсенді түрдегі іс-қимыл негізінде тараптардың мақсаты мен мүддесі үшін әлеуметтік тұрғыда тиімді уағдаластықтар жасап, келісімшарттарға қол қойылған. Техникалық және кәсіби білім беруге маманданған бұл мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру және бекіту үшін негізгі оқу ғимараты мен төрт өндірістік корпусында тігін цехтары, кондитерлер мен аспазшыларға арналған зертханалар, спорт және акт залдары, ғимарат аумағында спорт алаңы, кітапхана, асхана, шағын баспахана бар.

– Осы кезге дейін жалпы саны он мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру және сервис мамандарын оқытып шығарған тағылымға толы тарихы бар бұл арнаулы оқу орнының түлектері елорданың еңбек нарығында ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық аймағымен қатар алыс және жақын мемлекеттерде таңдаған мамандықтары бойынша тұрақты еңбекпен қамтылғанын айрықша атап айтқан абзал. Бізде барлық мүдделі тараптардың талаптарын қанағаттандыратын, білімді, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік беретін білімнің қолжетімділігі мен жоғары сапасын қамтамасыз ететін жайлы орта қалыптасқан. Сондықтан, штаттағы кәсіби қызметкерлер жауапты міндеттерін тұрақты әрі абыроймен адал атқаруда. Оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің үлесі тоқсан алты пайызды құрайды. Өндірістегі тәжірибелі тәлімгерлердің қонақ дәрістерін ұйымдастыру үшін «Табыс тарихы» жобасы шеңберінде майталман мамандарды жүздесулерге жиі шақырамыз. Елуден астам оқытушы мен шеберлер жыл сайын шетелде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алуда, – деді сөзін сабақтаған ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты Зауре Қылышбаева.

– Халықаралық серіктес ұйымдардың қатарында Rixos, Radisson, Hilton, St. Regis, Marriott, Rt/Carlton, Sheraton, Hampton by Hilton сияқты танымал және беделді қонақүйлер мен компаниялар бар. Қызмет көрсету және сервис мамандығының студенттері Түркияның үздік қонақүйлерінде, кондитерлер Францияда, наубайшылар Швейцарияда, аспаздар Татарстан мен Якутияда тағылымдамадан өтіп, іс-тәжірибе жинақтауда. Колледж халықаралық деңгейдегі іс-шараларға жиі қатысып, түрлі тақырыптағы кездесулерді ұтымды ұйымдастыруды жақсы жолға қойды. Олардың қатарында Түркияда өтетін ГастроАнталия байқауы, WorldSkills халықаралық жарыстары және АстауФест фестивалі бар. Әлемнің түрлі елдерінен әрдайым жүзден астам қатысушы жиналатындықтан, бұл бірегей басқосулардың бәсі биік. V мерейтойлық фестиваль, AstauFest-2024 – халықаралық аспаз күні мерекесімен және Ұлы даланың көшпелі өркениетінің мұрасын «Көшпенділер елі» тақырыптық бағытын дәріптеу аясында өткізілді. Мәдени ерекшеліктер мен дәстүрлерді сақтау ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі болып табылады.

Директордың мәлімдеуінше, осы фестивальге жыл сайын онға жуық шет мемлекеттер мен республиканың барлық аймағынан арнайы өкілдері құрметпен шақырылады екен. Шынында да, бұл колледж «Кондитерлік іс», «Мейрамхана ісі», «Аспаздық іс», «Кәсіпкерлік» құзыреттерінде көшбасшы ретінде халықаралық чемпионаттарда биік белестерді бағындырып жүр. Арнаулы оқу орнының ілгері даму қарқынын арттыруда сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету негізінде техникалық және кәсіби білім беру мазмұнын жаңартуға сәйкес оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру; тәжірибелік оқыту технологияларын жетілдіру және әлеуметтік серіктестікті кеңейту; адам ресурстарын дамыту; белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, қазақстандық патриотизм мен жас ұрпақты әлеуметтендіру; инженерлік-педагогикалық қызметкерлер мен студенттердің ақпараттық технологиядағы құзыреттілігін дамыту – сапа менеджменті жүйесін жетілдіру; кәсіптік бағдар беру жұмысының жүйесін жетілдіру, оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту бағыттарына басымдық берілген.

2014 жылдан бастап колледжде барлық мамандықтар бойынша өсу көрсеткіші жүз пайызды құрайтын дуальды оқыту нысаны енгізіліпті. Қазіргі уақытта колледж бұл жүйе бойынша Еуропалық білім беру қоры қаржыландыратын «DARYA» жобасының қатысушысы. Сондай-ақ, кәсіптік практиканың функционалдық міндеттерін орындау кезеңінде еңбек өтілін есепке алу тіркелген. «Біртұтас тәрбие» аталатын ұлттық рухтағы мемлекеттік бағдарламаға сәйкестендірілген білім беру бағдарламасы бойынша өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық пен ізгі құндылықтарды қалыптастыру қағидаты ұлағатты ұстаздардың негізгі ұстанымына айналған. «Ұмыт қалған ұлттық тағамдар» жобасы қазақ халқының дәуірлерге сабақтасқан дәстүрлі ас ауқатын жасаудағы қыр-сырына қоса әдіс-тәсілдерін қайта жаңғыртқан колледж аспаздарының дастархан мәзірі ұлттық тағамдар байқауларында жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Түрлі мамандықтарды таңдаған студенттерге заманауи білім мен ұлттық тәрбие беру мақсатында және оқытушылардың біліктілігін арттыруға айрықша мән берілетіндігі бірден байқалады. Сұранысы жоғары тамақ өнімдерін өндіру технологиясы (07211300) мамандығының студенттері тамақ өнімдерін өндіру технологиясы бойынша терең білім алып, шикізаттың сапасын талдайды және жаңа өнімдер жасауға машықтанады. Ет және ет өнімдерін өндіру (07210100) – бұл мамандықты таңдаған білімгерлер жоғары сапалы ет өнімдерін өндіру технологиясын меңгереді, жаңа рецепттер әзірлейді және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренеді. Тігін өндірісі және киімді модельдеу (07230100) мамандығы бойынша жастар тігін өндірісі мен киімді модельдеу өнерін үйреніп, дизайн мен ерекше модельдер жасайды. Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі (07210300) мамандығының аясында студенттер нан, кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдерін дайындау өнерін игерумен қатар тәтті тағамдар жасау технологиясын меңгеруде.

Тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру (10130200) бойынша оқитындар мейрамханаларда, кафелерде, қонақүйлерде қызмет көрсетуді ұйымдастыруда білім мен дағдыларын дамытумен қатар қызмет көрсетудің жоғары стандартын қамтамасыз етуге маманданады. Тамақтануды ұйымдастыру (10130300) мамандығы шеңберінде білімгерлерге менеджмент, мәзірді жоспарлау және сапалы тамақтануды қоса алғанда, тамақтану үдерісін ұтымды ұйымдастырудың негіздерін үйрету жолға қойылған. Әртүрлілік және жоғары оқу стандарты туралы айтқанда бұл арнаулы оқу орнының педагогтері білім берудің заманауи тетіктеріне негізделген қоғамдық тамақтандыру мен сервистің түрлі салалары үшін білікті кәсіп иелерін даярлайтын нарық сұранысына сай және бәсекеге қабілеттілігі бар мәртебелі мамандықтардың кең аспектрін ұсынатындықтарын әрдайым орынды мақтан тұтады.

Қожабергинова Сәуле Маулыхановна республикалық деңгейдегі 2019 жылдың үздік педагогі атағына ие болып, білім беруді дамытуға және білікті мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлесі барлық әріптестерге үлгі ретінде ұсынылды. Досмаилова Айман Тоқбайқызы 2021 жылы елордадағы үздік педагогі атанып, кәсіби жетістіктері мен студенттердің білім алуындағы тәжірибесі кеңінен таратылған еді. Халиди Күнсұлу Амантайқызы 2023 жылдың республикалық деңгейдегі үздік педагогі мәртебесімен марапатталып, өндірістік оқыту шебері ретіндегі қажырлы қызметі мен ерен еңбегін құзырлы министрліктің тарапынан жасақталған сарапшылар тобы әділ бағалаған болатын.

– Тағы бір арнайы тоқталатын тақырыптың бірі – академиялық ұтқырлықты одан әрі дамыту жайы. Түркияның Қазақстандағы елшілігінің ресми өкілімен ұйымдастырылған іскерлік кездесу аясында туысқан мемлекеттің кәсіптік және техникалық оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын талқылаған еді. Өйткені, шетелдік колледждермен стратегиялық әріптестік орнату арқылы инвестиция тарту және оқыту, тиімді менеджментті қалыптастырудың қажеттілігі даусыз. Екі жақты келісім бойынша жыл сайын педагогтер мен студенттеріміз Анталья қаласындағы Мехмет Зеки Балджы атындағы Мемлекеттік «Кәсіптік-техникалық колледждің» әлеуметтік серіктестерінің базасында тәжірибелік тағылымдамадан өтіп келеді, – деді сұхбат әңгімесін түйіндеген жоғары санатты оқытушы ретінде түрлі деңгейдегі салалық марапаттауларды иеленген колледж директоры Зауре Қылышбаева.

– Бұл теориялық білімді тәжірибеде қолданып, біліктілікті арттыруға, кәсіби дағдыларды дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Бағалы бастама биыл да жалғасын таппақ. Академиялық ұтқырлық аясында елу студент пен 8 педагог түрік еліндегі әріптестермен тәжірибе алмасуға баратындығы жоспарланған. Осы ретте екі ел арасындағы берік байланыстың бекемделе түсуіне достық рәуіштегі дәнекерлік танытқан Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің білім жөніндегі кеңесшісі Омер Инан бауырымыздың қамқорлығына ризашылығымыз шексіз. Елшіліктің қолдауы мен көмегі бойынша бірлескен түрде біздің арнаулы оқу орнында «Түрік тілін оқыту» жобасын жүйелі іске асыруды қолға алдық. Алдағы уақытта бұл жоспарлы жұмыстардың атқарылу барысы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылатын болады. Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Тамақтандыру академиясымен 2019 жылдан бастап біздің колледж ұзақ мерзімді жобаны қолға алып, корей асханасын өндірістік оқыту шеберлері жеке тәжірибелерінде дамыту арқылы тиімді қолдана бастады. Жобаға дейін колледждің үш оқыту шебері Сеул қаласында кәсіби тағылымдамадан өтті. Педагогтер алған тәжірибе, білімдерін шебер-сыныптар көрсету арқылы өз жұмыстарын насихаттап келеді.

Бүгінде арнаулы оқу орны Корей елшілігімен тығыз қарым-қатынаста. Сонымен қатар, колледж бірнеше жылдан бері «Slowfood» (Slow Food – тамақтану мәдениеті қозғалысы. Өнімдерді дайындаудың бұрынғы тәсілдерін үйдегі қарапайым тағамға оралуды мақұлдау) жобасымен жүйелі жұмыс істеп келеді. 2024-2025 оқу жылында «Студенттік Гастро-ХАБ» эксперименттік алаңы ашылып, педагогтер мен студенттер бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ляззат Туркестанова (@liazzatturkestanova)

P.S. «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетін жаздырып алатын тұрақты оқырмандарымыз беске білетіндей, алдыңғы жылдары отандық техникалық және кәсіби білім беру саласындағы өміршең өзгерістерге қоса ресми ақпараттарды, мемлекеттік құрылым басшыларының сұхбаттарын, сарапшы мамандардың пайымды пікірлерімен қатар аймақтардағы колледжердің тыныс-тіршілігі және оқытушы педагогтердің тәжірибе тарату бағытындағы әдістемелік мақалаларын, үзбей жариялап келдік. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылында да бұл бағытқа ерекше басымдық берудеміз. Апталық басылымның бүгінгі кезекті санының жартысынан астамын құрайтын маңызды мақалалардың толымды топтамасы уәжімізге нақты дәлел. Сондықтан, шығармашылық байланыс орнату арқылы осы саладағы жаңалықтарды жариялап, колледждің бүгінгі биік белестегі болмыс бейнесін тәуелсіз еліміздің барлық аумағындағы жалпақ жұртшылыққа жеткізгісі келетін ұстаздар ұжымынан ұтымды ұсыныстар күтеміз.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий