Кез келген еңбек қадірлі әрі құрметке лайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен аптаның бейсенбі күні елордадағы EXPO көрме алаңында ақпан айының 11-15 күндері аралығында ұйымдастырылған «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барып, салалық көрмелермен танысуы барысында әр аймақтың өкілдерімен жүздесті.

Фото: akorda.kz

Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет республикалық деңгейде бейіндік ведомство мен ұлттық компанияларға қоса ірі кәсіпорындардың қолдауымен ұтымды түрде бірлесе үйлестірілген бұл ауқымды іс-шара ҚР Президентінің бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылында» болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосуға бағытталған болатын. Оқу-ағарту министрлігіндегі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бес күн ішінде бұл маңызды шараға бірнеше мыңдаған жұмысшы мамандықтарының өкілі белсене қатысып, кәсіп иелерінің керемет көрмесін арнайы келген елу мыңнан астам адам тамашалаған екен.

Бас шаһардың тұрғындары мен жан-жақтан келген қонақтар бір аптаға жуық уақыт бойы заманауи қалашықтағы сегіз тақырыптық көше мен 40 интерактивті көрмеде екі жүзден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен етене танысуға мол мүмкіндік алды. Және осы фестиваль аясында түрлі тақырыптағы семинарлар мен шеберлік сағаттарына қатысумен қатар инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелерін тамашалаған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысып, еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының қайта құрылымдалуындағы жаңалықтарды бағамдады.

Президент жұмысшы мамандықтарының қаласын аралап көрген соң, өңірлерден келген жастармен ашық жарқын әңгімелесу барысында атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру үшін сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айрықша атап айтты. Және келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды. Расында, бұл бірегей басқосу отандық жұмысшы мамандықтарды мақсатты әрі сапалы даярлау, оларды кепілді жұмыспен қамтамасыз ету әрі кәсіби білім беруді дамытуға бағытталған маңызды қадам саналады. Сондықтан, ортақ мақсатта бас қосқан түрлі тараптар тұрақты әріптестік байланыс орнату үшін тиімді уағдаластықтар жасап, бизнес қауымдастық пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған екі жүз елуге жуық меморандумға қол қойылды.

P.S: Жұмысшы мамандықтарының қаласын көруге арнайы келген сенаторлар еліміз экономикасының тұрақты дамуы мен еңбек нарығын қажетті мамандармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың маңыздылығына тоқталып, халық қалаулыларының жіті назарындағы осы мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша алдағы уақытта парламенттік тыңдау жоспарланғанын жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева бастаған депутаттар бұл іс-шараның кәсіби мамандар даярлауда аса маңызды қадам екендігіне екпін беріп, мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білімді қолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде жаңаша жүргізудің заңнамалық түрдегі құқықтық негіздері нақтыланатындығын жеткізді. Үкімет мүшелері ретінде бұл іс-шараның мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылуына ерекше мән берген бірнеше министрлер де фестивальге арнайы барып, салалық көрмелердің ерекшеліктерімен кеңінен танысқан соң, пайымды пікірлерін ортаға салған болатын.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий