Ауыр еңбек күші шығармашылықпен жаңаша дамуға бағытталады

Павлодар облысы – электр және отын энергиясы, алюминий тотығы, мұнай өнімдері, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне бағытталған көп салалы өнеркәсіптік кешен. Аймақта көмір, түсті және сирек металл, ас тұзы, құрылыс материалдарының ірі кен орындары бар. Еліміз бойынша көмір өндірудің жетпіс пайызы, ферроқорытпа өндірісінің 75 пайызы, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің қырық пайызға жуығы осы өңірдің үлесінде. Облыста мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру, құс шаруашылығы, балық және орман шаруашылығы да қатар дамыған.

Облыс әкімі Асайын Байханов пен Eurasian Resources Group компаниясының еліміз бойынша бас директоры Серік Шахажанов екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қуатты кәсіпорын тарапынан жергілікті әлеуметтік жобаларды іске асыруға 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінетіндігін мақұлдады. Соңғы үш жылда бұл компания аймақты дамытуға шамамен тоғыз миллиард теңге жұмсап, өткен жылы қолға алу қажеттілігі келісілген отыз жаңа жобаның 17-сі толық орындалған. Бұл бағытта жұмсалған инвестициялық қаржының жалпы көлемі 1,7 миллиард теңгені құрайды. Осы уағдаластықтың аясында «ERG мектебі», «ERG колледждер үшін» жобаларын іске асыру жалғасатындығы белгілі болды. Басқаларын бөліп айтпағанда тек оқытушылардың біліктілігін арттыруға, халықаралық тағылымдамаларға, Ақсу колледждерінің материалдық-техникалық базаларын дамытуға қосымша 200 миллион теңгеден астам ақша қарастырылатындығын білдік.

– Жуырда облыстағы ірі өндіріс орындарының басшыларымен сөйлесіп, кәсіби жұмысшыларды құрмет грамоталарымен марапаттаумен қатар осы мамандықтың беделін арттыру үшін қаржылай ынталандыруға бағытталған ерекше сыйлықтар жасау қажеттілігін жеткіздім. Яғни, оларды материалдық жағынан барынша қолдаған дұрыс. Бұрын ең үздік металлургтерге автокөлік тарту етілгені елдің есінде. Осы тәжірибені қайта жаңғыртқан жөн. Және жеңілдетілген кепілдіктермен ипотекалық тұрғын үй алуларына тиісті мүмкіндіктер қарастыруды ұмытпайық. Биылғы жұмысшы мамандықтарының жылында аймақ бойынша негізгі үш бағытқа ерекше назар аударылады. Жергілікті колледждерді кезеңімен қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жарақтандырылуына шамамен 500 миллион теңге бағытталмақ. ERG және Kazminerals кәсіпорындары әлеуметтік әріптестік бойынша алты арнаулы оқу орнына заманауи жабдықтар сатып алуға бес жүз миллион теңге жұмсауға келісті, – деді осы тақырыпта ұйымдастырылған алқалы жиында өңір жетекшісі Асайын Қуандықұлы.

– Жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 миллион теңге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындаудамыз. Және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мен кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған басқа да қажетті шаралар қолға алынуда. Ресми деректерге сүйенсек, төрт жүз бес мың экономикалық белсенді тұрғынның алпыс пайыздан астамын жұмысшы мамандары иеленеді екен. Алдағы уақытта түрлі кәсіптің жаңа буын өкілдеріне сұраныс артатындығы болжануда. Осыған орай, бес жылда 140-тан астам инвестициялық жобаны (үш ферроқорытпа зауытын ашу, ұсталық-бандаж кешенін іске қосу, ірі электрометаллургиялық зауыттың құрылысы, құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу кәсіпорнын пайдалануға беру) іске асыру жоспарда тұр. Нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Олардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және туризм саласына бағытталған. Бұл ауқымды жұмыстарды атқаруда қаламен қатар ауылдық жерлерді де назарға алу керек. Қалқаман ауылын барған сапардың барысында екі жаңа жобаның қолға алынғаны айтылды. Оларды да пулға қосып, жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Өйткені, біздің басты міндеттеріміздің бірі – жұмыс орындарын көбейту арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру. Ғылым мен технология қарқынды дамыған ақпараттық дәуірдің жұмысшы мамандықтары – тек ауыр еңбек күші емес, ол шығармашылық, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала ретінде төрге шығады.

– Жергілікті техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 42 колледж (он екісі жеке меншік) жұмыс істейді. Осы оқу жылында білім алушылардың жалпы саны жиырма екі мыңнан астам студентті (17,8 мыңы мемлекеттік тапсырыспен оқиды) құрады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған он құзыреттілік орталық бар. Жыл сайын демеушілер мен әлеуметтік әріптестер тарапынан арнаулы оқу орындарының шеберханаларын жаңартудамыз. Үш жыл бұрын заман талабына жауап беретін IT Hub ашылған ақпараттық технологиялар колледжі қайта қалпына келтірілді. Бұл білім ордасы қысқа мерзім аралығында республикалық және әлемдік чемпионаттарға ақпараттық технология мамандарын даярлайтын өңірлік алаңға айналды. ERG S.a.r. I меморандумы және «Колледждерге арналған ERG» жобасы аясында колледждер 574 миллион теңгенің заманауи техникаларымен жабдықталды. Аймақ жетекшісінің елу миллион теңге көлеміндегі гранты тағайындалған «ТжКБ жүйесіндегі үздік білім беру ұйымы» байқауы бар. Ертіс аграрлық-техникалық колледжі былтырғы сайыста жыл жеңімпазы атанды, – деді жергілікті журналистермен сұхбаттасқан облыстық білім басқармасының басшысы Самал Оспанқызы Айтқазина.

– Түрлі жұмысшы мамандығын таңдаған студенттердің алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Қазіргі кезде отыз екі жатақхана жұмыс істейді. Былтыр Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне 200 орындық жаңа жатақхана және Павлодар жоғары медициналық колледжінің студенттеріне 189 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Яғни, білім алушы жастардың барлығы жатын орынмен толық қамтылған. Кәсіпорындар материалдық базаны нығайту үшін демеушілік көмек көрсетеді және мұғалімдерге қосымша ақы төлеуді ынталандырады. Облыстағы әлеуетті мол отыз компания колледждерге қамқорлық көрсетуде. Кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналасатын кадрларды міндетті түрде мақсатқа сай даярлау үрдісі енгізілді. Осы тапсырыс аясында 1770 студент білім алуда. Көлік, тамақтану, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сервис, энергетика және байланыс салаларына маманданған 40 колледж дуалды оқыту жүйесін енгізді. Болашақ жас мамандар ақылы тәжірибеден өту барысында 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Олардың бұл жұмыс мерзімі еңбек өтіліне есептелетіндігімен ерекше маңызға ие.

– «Компания Нефтехим LTD» жауакершілігі шектеулі (атқарушы директоры Ыдырысова Ләззат Ғазизқызы) серіктестігі мен біздің арнаулы оқу орны арасындағы тараптардың әріптестік ынтымақтастық орнатқанына биыл он жыл. Қазақстандық компания жоғары сапалы химиялық өнімдер санатындағы түйіршіктелген полипропилен және МТБЭ, эпоксидті компаунд, БЖК (биг-бэгтер), полипропиленді қаптар және екінші реттік полипропилен шығаруға маманданған. Отандық өнімдері ішкі нарық пен экспортта жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, уақыт ұзаған сайын керегесі кеңейетін кәсіпорынға кәсіби мамандардың жаңа шоғыры қажеттілігі даусыз. Осыған орай, біздің колледжде арнайы ашылған полимер өндірісінің технологиясы мамандығын таңдаған студент жастар колледж оқытушыларынан теориялық білім алумен қатар өндіріс орнына барып кәсіби мамандардың құнды тәжірибесін үйренуді жолға қойдық. Серпінді серіктестіктің білікті басшылары ұйымшыл ұстаздар ұжымына қолдау көрсету мақсатында материалдық-техникалық базамызды жаңартып, оқу бағдарламаларын жетілдіруге көмектесіп келеді. Техникалық және кәсіби білім мен өндірістің екі жаққа тиімді бекем байланысы – білікті мамандарды даярлаудың және жас мамандарға кең мүмкіндіктер ашудың жарқын үлгісі, – дейді «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, техника ғылымдарының магистрі, Павлодар технологиялық колледжінің басшысы Ренат Құсайынұлы Дүйсекенов.

– «Павлодар-Водоканал» мекемесінде соңғы он екі жылдан бері тұрақты жұмыс істеймін. Жеке меншік құқығындағы бұл қалалық кәсіпорынның жергілікті тұрғындарға коммуналдық қызмет саласы – суық сумен жабдықтау және су бұру (кәріз) жүйесі. Осындағы алғашқы еңбек жолымды микробиология лаборантынан бастап, нақты тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді абыроймен адал атқаруымның нәтижесінде басшылардың сенім артуымен инженер-лаборант лауазымына дейін жоғарыладым. Біз өндірістік бақылауды бекітілген кестеге сәйкес жүргіземіз. Бұл құжаттарда су сынамаларын алу орындары, сынама алу сағаты мен жиілігі көрсетіледі. Сондай-ақ, әр сағат сайын судың құрамына химиялық және микробиологиялық талдау жасалады. Маған мектеп бітірген жас түлек шағымда таңдау жасаған мәртебелі мамандығым ерекше ұнайды және студенттік кезден-ақ арнайы зертханасы бар іргелі ұжымда еңбек етуді армандаған болатынмын, – дейді осы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкері Ляззат Нурпеисова.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий