Энергия, идеялар және жұмысшы мамандықтардың абыройы
Салалық министрлік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында ұлттық кадрларды даярлау сапасын арттыру және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңістігіне енгізуге бағытталған он негізгі халықаралық бастаманы жүзеге асыруға кірісті. Бүгінгі таңда сегіз шет мемлекеттің серіктестерімен елуден астам меморандумға қол қойылған. Бұл халықаралық жобаларға Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан жиырмадан астам колледж қатысуда. Ең көп келісімдер Қытай Халық Республикасымен жасалған. Ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кәсіби колледжі құрылатындығы мәлім болды. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлеуге маманданған KidsGo Technology Ltd технологиялық компаниясымен әріптестік байланыс бекемделуде екен. Оқырмандардың назарына ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Санжар ТАТИБЕКОВПЕН сұхбатты ұсынамыз.
– Санжар Мейірханұлы, шілде айының 21-23 күндері аралығында Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Baldauren» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында еліміздегі колледж студенттерінің республикалық слёті өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты қандай болды? Слётке қанша адам қатысты және оны кімдер ұйымдастырды?
– Қазіргі уақытта еңбек нарығы жылдам өзгеріп, жаңа талаптар қойып отыр. Жастарға тек кәсіби білім беру жеткіліксіз – олардың жеке қабілеттерін, әсіресе көшбасшылық, креативтілік, коммуникация және бейімделу дағдыларын дамыту өте маңызды. Осы бағытта өткен студенттер слёті – жастардың әлеуетін ашуға бағытталған маңызды алаң болды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен іріктелген бір жүзге жуық белсенді колледж студенті қатысты. Оларды педагог-тәлімгерлер сүйемелдеді. Слётті ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырды.
– Мұндай слёттің бүгінгі күні өткізілуі не себепті маңызды деп ойлайсыз? Оның бағдарламасы қандай бағыттарды қамтыды және іс-шараға кімдер қатысты?
– Жұмысшы мамандықтарға сұраныс күн санап артып келеді. Бұл – ел экономикасының тірегі. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Бұл бастама қоғамдағы еңбек мәдениетін қайта бағалау, техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыруға бағытталған ауқымды реформа. Слёт осы реформалардың идеологиялық жалғасы ретінде жастардың назарын жұмысшы кәсіптерге аударып, олардың маңыздылығын нақты іспен дәлелдеді. Біз жастарға: «Сендердің таңдауларың – елдің болашағы», – деп айтып келеміз. Ал слёт – осы идеологияның жарқын көрінісі.
Слёт бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Қатысушылар мотивациялық кездесулерге, тренингтер мен шебер-сыныптарға қатысты. Командалық практикалық тапсырмалар мен soft skills дағдыларын (көшбасшылық, жобалық ойлау, коммуникация) дамытуға баса мән берілді. Сонымен қатар Ақмола облысының колледждері кадр даярлаудағы инновациялық шешімдерін таныстырған арнайы көрме ұйымдастырды. Студенттер түрлі заманауи мамандықтармен және технологиялармен танысты.
Слёт жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Мәжіліс депутаттары, жұмыс берушілер мен сала мамандары қатысты. Ермек Беделбайұлы атап өткендей: – Біз еңбектің қадірін қайтаруымыз керек. Өндіріс пен экономиканы алға сүйрейтін – сіздер, жастар. Заманауи жұмысшы – технологияны меңгерген, білікті және сұранысқа ие маман.
– Слёт аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласында қандай жаңалықтар айтылды?
– Еліміздің бас ұстазы Ғани Бектайұлы өз сөзінде ТжКБ жүйесінде жүріп жатқан реформаларға тоқталып өтті: «Қазіргі таңда Қазақстан Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания сынды елдермен бірлесіп 10-ға жуық халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Еліміздегі колледждерде халықаралық сертификаттау жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ студенттеріміз үшін шетелдік тағылымдамаларға, халықаралық еңбек нарығына жол ашатын үлкен мүмкіндіктер ашылды».
– Студенттердің өзі бұл іс-шара туралы не дейді? Сіздің ойыңызша, слёт қандай нәтиже берді?
– Жалпы жастар шабыт алып, өз таңдауларына сенімді бола түсті. Мысалы, Жамбыл облысынан келген бір студент қыз былай деді: «Президент Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялағанда, біз өзіміздің еңбек жолымыздың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Бүгінде колледж – бұл саналы әрі болашағы бар таңдау».
Шынында да, бұл іс-шара – болашақ мамандарды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз жастарға өз таңдауының дұрыстығына сенім бердік, еңбекке деген құрметті арттырдық. Слёттің нәтижесінде жастардың, білім беру жүйесінің және еңбек нарығының арасындағы байланыс нығайды. Жұмысшы мамандықтар – енді жай ғана қажеттілік емес, бұл – болашағы зор, беделді және абыройлы бағыт екенін көрсете білдік деп есептеймін.
Қорытынды: Бұл сұхбат елімізде жастар мен техникалық білім беру жүйесіне жасалып жатқан нақты қолдаулардың көрінісі. Слёттің басты жетістігі – жастардың жүрегіне сенім ұялатуы, ал болашағымыз – дәл осындай ынталы және білімді ұрпақтың қолында.
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА
Редакциядан: Еліміз бойынша еңбек нарығындағы сұранысқа сай және бәсекеге қабілетті түрлі кәсіби мамандарды дайындайтын 772 колледжде бес жүз елу мыңнан астам студент білім алуда екен. Бұл егемен еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын, таңдаған кәсібіне берілген, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін жігерлі жастар.
Интернационалдандырылған білім алу – студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығымен ғана шектелмейді, олар сонымен қатар академиялық, зерттеу және инновациялық қызмет, әкімшілікті артықшылық, халықаралық ынтымақтастық, жаһандық байланыс және бәсекеге қабілеттілік, тиісті оқу жоспары және зерттеулер, қажетті тілдік дағдылар, салалық және өңірлік сараптама, білім сапасын халықаралық деңгейге таныту және шетелдік студенттер мен ғалымдарды тартуды көздейді.
Загрузка...«Бұл бағыттағы бастамалар – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында қайта жаңғыртудың маңызды қадамы болып табылады. Олар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру технологияларын енгізуге және қазақстандық түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Мұханбетов.


