Шәкірттердің шығармашылығы мен тәлімгерлердің тағылымы

Білім ордаларындағы озық ойлы оқушылар мен пәрменді пән мұғалімдерінің ортақ мақсаттағы бірлескен жауапты жұмыстарының нәтижесінде шығарылатын газет пен журналдарды өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырумен қатар заманауи білімге қызығушылықты күшейтуге бағытталған қажетті құрал ретінде бағалауға болады. Мектеп баспасөзінің және бір ерекшелігі: талапты ұл-қыздардың бойындағы жауапкершілік қасиеттерді арттыратындығында. Қоғамдық негіздегі бұл ұжымдық еңбек – қиындығымен қатар салмақты жұмыс. Сондықтан әркім қарым-қабілетіне сәйкес бекітілген міндеттерді мүлтіксіз орындауға ұмтылады. Қай салаға арнап, қандай деңгейде газет пен журнал шығару ісін ағартушылыққа қосылған үлкен үлес десек, қағазға басылған дүниені оқу бекзаттық саналады. Дәстүрлі медиада ойып алар орны бар баспа өнімінің бұл түрі мәңгі сақталатын тарих іспеттес. Осы тақырыпта арнайы зерттеу жасап, облыстар мен мегаполистік білім басқармаларының баспасөз қызметтеріне сұрау салғанбыз. Пікірімізге қолдау білдірген аймақтағы әріптестер мен жекелеген білім беру ұйымдарының басшыларына алғыс айтып, жан-жақтан жиналған алғашқы топтаманы тағылымды тәжірибе, үздік үлгі ретінде оқырмандардың назарына ұсынамыз.

Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназияда газет оқу жақсы қолға алынған. Себебі бұл білім ұясының «Ұрпақ үні» атты төл басылымы бар. Бұл үнжарияның жиілігі – айына бір рет, сегіз бетті құрайды. «Мектеп тынысы», «Бәрекелді», «Ұстаздар әлемі», «Ата-ана бұрышы», «Оқушы мінбері», «Қылқалам шебері», «Таным» секілді 30-дан астам айдары бар. Бұл газет оқушылардың бастамасын қолдаған ұстаздар қауымының ұйымшылдығымен жүзеге асырылуда. Мұғалімдер арасынан бас редактор тағайындалғанымен, дизайнерлік, тілшілік, фото және тағы басқа негізгі жұмыстарды жүргізу белсенді шәкірттерге тапсырылған.

– Әлеуметтік желілер арқылы сыртқы әлеммен байланыс бүгінгі таңда тұңғыш мегаполистегі мектептер өміріндегі ажырамайтын бөлікке айналды. Бірақ жалпақ жұртшылыққа білім шаңырағындағы жетістіктерді жариялау бір басқа, ал сол жаңалықтар мен мектеп қаһармандарын оқушылар мен мұғалімдердің өздеріне таныстыру – мүлде бөлек мәселе. «Ұрпақ үні» газеті осы мақсатта құрылған. Бұл басылым маңызды оқиғаларды жариялап қана қоймай, оқушылар мен ұстаздар арасындағы байланысты нығайтып, «оқушы – ата-ана – мұғалім» үштігінің үйлесімді жұмысына жол ашады, – дейді республика мен қалалық газет-журналдардың жолын қуған бала басылымның мақсаты мен міндеті туралы Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдіқызы Құсайынова.

Мектепте қолға алынған осы әлеуметтік маңызы бар жобаның нәтижесінде арнайы медиа-студия ашылып, барлық керек жабдықтармен (дрон, кәсіби камера, жарық, подкаст жазуға арналған құрылғылар және тағы да басқалар) қамтылған. Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде тағы бірнеше ізгі бастамалардың қолға алынғанын білдік. «Urpaq Uni Podcast» – айына бір мәрте көрсетілетін подкаст шығарылымдар топтамасы. Бұл ашық алаңда әлеуметтік маңызы бар және танымдық тақырыптарды талқылау ұйғарылған. «Urpaq Uni News» – апта сайын шығатын жаңалықтар айдары.

– Бұл жобаның «Ұрпақ үні» деп аталуы да бекер емес. Біз өскелең ұрпақтың үні, дара дауысы болсын деген ізгі ниетпен осы атауды мақұлдадық. Жақсы жаңалығымыздың оқушылардың еркін шығармашылық кеңістігіне айналғанына қуаныштымыз! Енді алдағы уақытта бұл жобаның ауқымын кеңейту арқылы басқа да заманауи өзгерістерді ұлттық ерекшелігімізге сай бейімдеу бағытындағы мақсатымыз бар, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Арнагүл Мусразқызы Маликова.

– «Ұрпақ үні» – жаңа буынның медиа жобасы. Ол өскелең ұрпақтың арманы мен көзқарасын бүкпесіз жеткізетін басылым. Газеттің мақсаты – мектептегі шығармашылық пен ақпараттық алаңды дамыту, оқушыларды журналистика мен сөз өнеріне баулу, қоғаммен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және «оқушы – мұғалім – ата-ана» ынтымақтастығын нығайта отырып, мектептегі баспасөз орталығының жұмысын жандандыру, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бас редактор Жеткеншек Меңдіғалиев.

Осы медиа жобаның арқасында болашақ мамандығын таңдаған оқушылар да бар. Мейірлі Қайсарқызы солардың қатарында. – Мені толғандырған сұрақтың бірі: «Кім болам?». Бір күні мектепте медиа-студия құрылып, газет шыға бастағанын естідім. Қызық болды. Бірден барып көргім келді. Газеттің шығармашылық тобы менің ұсынысымды қабылдап, мақала жазуды үйретті. Одан кейін подкаст түсірілімдеріне де қатыса бастадым. Сол жолда осы бір медиа саласы маған жақын көрінгендей болды. Болашақта журналист боламын деген шешімге келдім. Білім ордама мың алғыс!, – дейді 9-сынып оқушысы.

11-сынып оқушысы Қайрат Әбдірахманның айтуынша, осы кезге дейін мектепішілік газеттің төрт нөмірі, подкасттың 3 шығарылымы және апта жаңалықтарының оннан астам бөлімдері жарыққа шыққан. «Үздік мектеп газеті» республикалық байқауында жүлделі екінші орынды қанжығалап, «Үздік мектеп парламенті» сайысында «Үздік әлеуметтік жоба» аталымын иеленіпті.

– Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Чапаево ауылының орталығына орналасқан біздің №1 жалпы білім беретін мектептегі жаңа серпін, жаңа шығармашылық бастама – бұл, сөзсіз, «Ұшқын» мектеп газетінің дүниеге келуі. Біз үшін биылғы жыл жағымды жаңалықпен басталды. Бұл шығармашылық жобаның басты мақсаты – мектеп өмірін жаңа деңгейге көтеру, оқушының ойын, сезімін, көзқарасын білдіретін ашық әрі еркін орта құру болды, оқушылардың азаматтық белсенділігін, шығармашылық қабілетін, ой еркіндігін дамыту және мектеп өміріндегі маңызды оқиғаларды жарыққа шығару. Газет – бұл тек ақпарат құралы ғана емес, сонымен қатар жас тілшілер үшін жеке ойы мен пікірін, қоғамдық құбылыстарға көзқарасын білдіретін ашық алаң, – дейді осы білім ордасының директоры Алия Ибраева.

– Басылымның алғашқы санында мектеп ұжымы мен оқушыларының жаңа бастаманы қолдаған ізгі лебіздері мен тараптардың бірлескен мақалалары, қызықты сұхбаттарға қоса жақсы жаңалықтарымыз жарияланды. Газетті қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығару жоспарланған және шығармашылық жұмысына белсенді оқушылар, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері жұмылдырылды. Олар – редакциялық алқа, тілшілер, дизайнерлер, фототілшілер. Бүгінгі таңда жастардан тек білім ғана емес, өмірлік белсенділік, бастамашылдық, кез келген оқиғаға бей-жай қарамау талап етіледі. Сондықтан кейінгі буын өкілдерінің бойында бар қарым-қабілетті дамытуға көп көңіл бөлінеді. Нәтижесінде кейінгі жаңа сандарда үйірме жұмыстары, оқушылардың өлеңдері мен мақалалары, кейіпкерлермен еркін әңгіме, фотоматериалдар, танымдық айдарлар арқылы қауырсын қалам иелері жаңа қырынан таныла бастады.

Бұл жаңа жобаның жетекшісі және осы басылымның авторы ретінде информатика пәнінен дәріс беретін мектептің бүгінгі білікті басшысы танылса, бас редакторлыққа тәжірибелі ұстаз, мектеп тәлімгері Өтешева Мейрамгүл Жәмелетдинқызы бекітілген. Мусин Данияр Нұрланұлы – дизайнер, Жұмай Бекзат Саматұлы – фототілші. Оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, сыни ойлауын дамыту, журналистиканың қыр-сырына үйрету – басты ұстаным. Осы арқылы олар нақты шығармашылық тәжірибе жинақтап, болашақ мамандықтарына алғашқы қадамдарын жасауда. Бұл тек әзірге үлкен істің бастамасы ғана көрінеді. Алдағы уақытта әрбір санын тың тақырып, ерекше идеямен толықтыру қолға алынғанын білдік.

Алия Курмангалиевнаның айтуынша, редакция алқасы оқырмандардың ұсыныс-пікірлерін де ескеріп, газетті заман талабына сай барынша жетілдіре түспек. «Ұшқын» – бұл оқушының ішкі жан дүниесін, талпынысын, ойын жеткізетін көпір. Ол – мектептегі демократиялық, шығармашылық орта қалыптастыруға бағытталған бастама. Бұл газет – тек беттелген парақтар ғана емес, жүректен шыққан шынайы ойлардың жиынтығы. «Ұшқын» – бұл жай ғана газет емес, бұл жергілікті мектептің рухын көтеретін, білім мен тәрбие жолындағы бастамалар мен жетістіктердің айнасы. Білім шаңырағындағы тыныс-тіршіліктің жаршысы ретінде оқушы үні мен ұстаз тілегін тоғыстырған бұл басылымның алдағы уақытта мәртебелі мақтанышқа айналары анық. Себебі басты ұраны: «Ұшқынды бірге жағайық – бірге жарқырайық!».

Білім – адам өмірінің ең басты құндылығы, білім алушының болашағына жарық сәуле шашатын шырақ іспетті. Білімсіз өмір – қараңғылықта жол таппай адасумен тең. Ғылым мен ілімді игерген адам кез келген қиындықтан жол тауып шыға алады, өз болашағын өзі қалыптастырады. Білім беру саласындағы өзгерістер оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға және сапалы білім беруге бағытталған. Шымкент қаласындағы №131 жалпы орта білім беретін мектепте оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп заманауи білім беру талаптарына сай жаңашыл әдістерді қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі.

– Біздің білім ордасы оқушыларды тек академиялық жетістіктерге ғана емес, жан-жақты дамуға, заманауи технологияларды меңгеруге және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға баулиды. Шәкірттердің жалпы білім алуы үшін пән мұғалімдері ұдайы біліктіліктерін жетілдіруге мүдделі. Бүгінгі білім беру жүйесі үнемі дамып, жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды талап ететіндіктен, әріптестер заман ағымына сай болуға ұмтылады. Олар тек білім беріп қана қоймай, әрбір оқушының қабілетін ашуға, жеке дамуына ықпал етуге күш салады. Жастардың шығармашылығын жетілдіру, олардың жеке қабілеттерін ашу және мектеп өміріне белсенді қатысуы аса маңызды. Осы орайда мектепішілік журнал шығару – оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, тұлғалық дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі. Журнал – мектеп өмірінің айнасы, шығармашылықтың алаңы, тәрбие мен білімнің жаршысы, – дейді осы ағарту ошағының директоры Кулжан Жарасова.

– Мектебімізде әр тоқсан сайын білім ордасының тыныс-тіршілігін айқындайтын, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытатын, ұстаздар мен ата-аналар арасында алтын көпір бола алатын маңызды құралымыз – мектепішілік журналымыз «Білім шамы» деп аталады. Бұл журнал тек ақпарат таратушы ғана емес, тәрбие мен таным көзіне айналған рухани басылым. Журналымызда мектепте ұйымдастырылған іс-шаралар, апталықтар, байқаулар, олимпиада нәтижелері, тұтас ұжымға қатысты маңызды оқиғалар, үздік оқушылар мен ұстаздар туралы ақпараттар, жетістіктер жарияланып отырады. Бұл – мектеп ұжымы мен ата-аналар үшін маңызды ақпарат көзі. Және ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, адамгершілік, отансүйгіштік секілді рухани құндылықтарды қамтудамыз. «Өзін-өзі басқару», «Дебат», «Оқуға құштар», «Мектеп парламенті» клубтарының тәрбие бағытындағы жұмыстарына да орын беріледі.

Кулжан Спандияровнадан білуімізше, пән мұғалімдер мен оқушылардың бірлесе жасаған ортақ еңбектерінің нәтижесінде тиімді шығармашылық байланыс орнаған. Ұстаздар озық әдістерін бөлісуді бастапты. Демек бұл жас мамандар үшін – тәжірибе мен идеялар көзі. Өлең, әңгіме, эссе, мақалалар жазып, сурет салатын оқушылардың қатары көбейген. Яғни балалар бұл басылымның шығарылымына тікелей қатысу және жарияланымдарды оқу арқылы ой еркіндігінің негізінде ішкі жан дүниесін ашуына мол мүмкіндік алады. Көркем тілмен сауатты жаза білген оқушы әдеби тілмен сөйлеуге үйреніп, жақсы қасиеттерді қалыптастырары хақ. Мектеп журналының жарық көруі – білім мен тәрбиенің сапасын арттырып, оқушылардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, отандық білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Президент бастамасымен педагогика саласын цифрландыру үрдісіне нақты қадамдар жасалуда. Бұл – заман талабына сай басым бағыттардың бірі. Мектеп ұжымы осы жаңашылдықтарды күнделікті қызмет барысында белсенді қолдануға мүдделі. Өйткені мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығы артқан сайын интерактивті сабақтар мен инновациялық әдістер оқу үрдісін қызықты әрі тиімді ете түседі. Өскелең ұрпақты жаңа ғасырдың сұранысына сай тәрбиелеу – барлық білім ордасының ортақ міндеті. Білім – мәңгілік байлық, ал оны беретін мектеп – сол байлықтың бастауы.

– Төрт жыл бұрынғы қаңтар айында «Мультимедиялық журналистика» жобасы аясында жас журналистерге кәсіби бағыт-бағдар беру, мамандыққа баулу мақсатында «Жас журналист» клубы (журналист, жүргізуші, көмекші, оператор, редактор, фототілші) тоғыз адамнан құрылған болатын. Әрбір оқу жылында клуб мүшелері жаңарып, өзгеріп отырады. Себебі бұл құрамдағы бітіруші жас түлектердің орнына орта буын өкілдерінің арасындағы шығармашылыққа бейім оқушылар таңдап алынады. «Қайыңды NEWS» аталатын жаңа журнал шығаруды осы топтың белсенділері қолға алған еді. Биыл да осы үрдісті ұстаздардың қолдауымен жарасымды жалғастыра білдік. Бұл басылымда мектеп жаңалықтарына қоса шәкірттердің шығармашылық жұмыстары (өлең, мақала, сурет) және басқа да әртүрлі тақырыптағы мақалалар жариялануда, – дейді Абай облысындағы Мақаншы ауданына қарасты Қайыңды орта мектеп-бақшасының жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Ахмеджанова.

– Клуб мүшелерінің бекітілген жоспар бойынша атқаратын қызметтері нақтыланған. Журнал әр ай сайын түрлі атаумен шығарылуда. Биылғы оқу жылында тоғыз нөмір жарық көрді. Қыркүйек айында «18 жасқа толғанға дейін әрбір адам бала болып саналады» Бала құқығы туралы Конвенция, 1-бап. Қазан айындағы мерекелерге орай «Алтын күз» Оспания Айсәуле, «Ұстазға тағзым» Базарғазы Балауса, «Қарты бар үй – қазыналы үй» Жұмабай Аружанның авторлық материалдары басылды. «Тәуелсіздік – баға жетпес байлық», «М.Мақатаев өміріне» арналған санына «Мұқағали Мақатаев оқулары» республикалық байқауының аудандық кезеңінде «Айтып өткен ақында арман бар ма?» бағыты бойынша жүлделі бірінші орынды иеленген 10-сынып оқушысы Оспания Айәуле мен «Жыр эстафетасы» бағытында Бас жүлдемен марапатталған 8-сынып оқушысы Оспания Гүлім (облыстық кезеңдегі үшінші дәрежелі диплом) тырнақалды туындылары таңдалды.

Жекелеген озық ойлы оқушылардың фотоларын беру арқылы басқа да балаларды жігерлендіру басты мақсаттары. Осы орайда кезекті санды мектептің бұрынғы түлегі Қамзанова Гүлжан Қанатқызына арнаған екен. Ол Семей колледжін 2014-2017 жылдар аралығында оқып, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығының бакалавры ретінде 2018-2022 жылдар арлығында тәмамдаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша (магистр) 2022-2024 жылдары біліктілігін арттырып, Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойына арналған «Ұлы дала» республикалық байқауындағы «Проза» аталымы бойынша алдыңғы қатардан (1 млн теңге) көрінген еді. «Асылтас» қоры ұйымдастырған республикалық 100 өлең байқауының белсенді қатысушысы.

Нұргүл Саткенқызының айтуынша, мамыр айындағы журнал «Ұлттық құндылық күнделікті өмірде» тақырыбындағы мектеп директорларының аудандық семинарын арқау етіпті. «Жас журналист» клубының мүшелері осы басқосуға жиналғандардың пайымды пікірілерін жариялапты. А.Құнанбайұлының 180 жылдығына байланысты «Қарға мен түлкі», «Бұлбұл мен есек», «Құмырсқа мен шегіртке», «Жазғытұрым» шығармаларына негізделген оқушылардың қолөнерлері туындыларына да орын берілгенін білдік. Рас, қазақ халқының ұлттық рухани құндылығы – өткеннің мұрасы, бүгінгінің жолы әрі баянды болашақтың кепілі болып табылады.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий