«Cүйінші, мен грант ұттым!»

Тамыздың 7-жұлдызында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялады. Елдің түкпір-түкпіріндегі талай түлек қуаныштан көздеріне жас алып, бөркін аспанға ата қуанғаны рас.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында білім беру гранттарының жалпы санының 60%-ы инженерлік және техникалық бағыттар бойынша бөлінді.

Конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 99%-ға игерілді. Биыл «Серпін» бағдарламасы халық тығыз қоныстанған өңірлердің жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Конкурс нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам грант иегері Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алатын болады.

«Жалпы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында биыл 77 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік жетекші университеттермен серіктестікте жұмыс істейтін 20-ға жуық жоғары оқу орны студенттерді қабылдай бастады. Бұл – Қазақстанды өңірлік білім хабы ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді министр Саясат Нұрбек. 2025 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 113 мыңға жуық өтініш қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп.

Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін заңнамада белгіленген квоталар сақталады. Дарынды жастарды қолдау мақсатында конкурссыз берілетін гранттар қарастырылған, олар – халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары.

2024 жылы алғаш рет оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін жабатын сараланған гранттар тағайындалды, қалған соманы иегерлер өз қаражаттары есебінен немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. 2025 жылы сараланған гранттар саны 300 грантты құрайды. Сараланған гранттар бойынша конкурс осы жылдың қыркүйек айында өтеді.

Елдегі білім саласының жетекші басылымы болып саналатын «Білімді ел» газетінің ұжымы да барша грант иегерлерін шын жүректен құттықтайды. Осы тұста, қуанышты жаңалықты ести сала шынайы қуанып, қолы көкке жеткен кей түлектердің әсерлі көңіл-күйінің бір парасына біз де куә болып, бірге толқыдық. Солардың бірқатарымен пікір алмасып, мемлекеттік грант иеленудің негізгі тетіктерін сұрап, даярлық жолындағы жанкештіліктерін тілге тиек еттік. Ендеше, біз жиып-терген блиц сұхбатпен сусындай отырыңыздар!

Надежда АСАНҚЫЗЫ, Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі:

– Екі жыл бойғы табанды еңбегімнің нәтижесінде мемлекеттік білім грантын жеңіп алғаныма әлі күнге дейін сенер емеспін. Қуанышым шексіз, жүрегімдегі толқыныс пен шаттық сезімін сөзбен жеткізу қиын.

ҰБТ – мен үшін еңсеруі оңай болмаған үлкен асу болды. 10-сыныпта химия-биология комбинациясын таңдап, медицина саласына бет бұрдым. Осы бағытта 8-9 ай уақытымды сарп еттім. Алайда, 11-сыныптың желтоқсан айында өмірлік бағытым өзгеріп, әкемнің жолын қуып, геология саласына қызығушылығым оянды. Сол сәтте физика-математика комбинациясына ауысып, дайындықты мүлде жаңа бағытта қайта бастауға тура келді.

Қаңтар мен наурыз аралығындағы алғашқы ҰБТ сынақтарында жоғары ұпай ала алмай, көңілім құлазып, артқа шегінгім де келді. Бірақ «Мен міндетті түрде грантқа түсемін!» деген ішкі сенім мені қайта оятып, өзімді қолға алуға күш берді.

Бүгінде сол сенім ақталып, өзім армандаған мамандық пен қалаған университеттің студенті атанып отырмын. Атыраудың білікті геолог-мұнайшысы болу – менің бала күнгі арманым. Сол арманға тағы бір қадам жақындадым.

Осы жетістігіме ең бірінші кезекте қолдау көрсеткен ата-анама шексіз алғыс айтамын. Сондай-ақ ҰБТ-ға дайындық барысында қосымша білім беріп, бағыт-бағдар сілтеген онлайн курстар мен білімімді толықтырған куратор ұстаздарыма алғысым шексіз.

Тілек ететінім – дәл менікіндей қуаныш пен жетістік болашақ жас буынға да бұйырсын! Әрбір түлек өз арманына жетіп, еліміздің дамуына үлес қосатын тұлғаға айналсын!

Нұржан НҰРАН, Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы көпсалалы мектеп түлегі:

– Бүгін мен Astana IT университетінің мемлекеттік грант иегері атанып, «Ақпараттық технологиялар» факультетіне оқуға түстім. Грант нәтижесін тағатсыздана күтсем де, жүректе алаңдаушылық болмап еді. Бірақ «оқуға грантқа түстің» деген сүйінші хабарды естіген сәттегі қуанышым шексіз болды. Алғаш болып ата-анама, ұстаздарыма хабар бердім. Сол сәтте олардың маған артқан үлкен сенімін, үмітін ақтағанымды терең сезіндім. «Еңбегім зая кеткен жоқ» деген ой көкейімде ұзақ тұрып алды.

Университет қабырғасында алған білімімді тереңдетіп қана қоймай, адамдармен мағыналы да берік байланыс орнатуға тырысамын. Себебі болашақта Big Tech компанияларында еңбек ету – менің үлкен арманым. Осы мақсатқа жету жолында әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға бел будым.

Меніңше, мен секілді жас түлектер әрқашан жаңа мүмкіндіктерге ұмтылады. Сол себепті біз үшін ғылым мен технологиядағы тың жаңалықтар, инновациялар – басты мотивация көзі. Әлемде үнемі жаңа технологиялар пайда болып жатқанын білу және олардың қай салада, қандай мақсатта қолданылатынын түсіну – студенттің таным көкжиегін кеңейтіп, дамуға деген ынтасын арттырады деп сенемін.

Назерке ЕСЕН, Ақтау қаласындағы NF мектебінің түлегі:

– Мен ҰБТ-дан 122 балл жинадым. Таңдау пәндерім – физика және математика. Осы дайындық жолында NF мектебінің қосқан үлесі зор.

Бұл жол мен үшін оңай болған жоқ – күндіз-түні дайындалдым. Грант жеңіп алу маған арманымдағы мамандық пен қалада оқу мүмкіндігін сыйлады. Таңдаған мамандығым – математика пәнінің мұғалімі, себебі балалармен жұмыс істеуді ерекше жақсы көремін.

Ең қиын кезең – қаңтар мен наурыз айларындағы ҰБТ-ға дайындық сәттері болды. Жетістігіме ең көп әсер еткен – ата-анамның қолдауы мен маған артқан сенімі. Солардың демеуімен қалаған мамандығым мен оқу орнына түстім.

Келесі жылғы түлектерге айтар кеңесім – дайындықты ерте бастап, уақытты тиімді пайдаланыңыздар, бірақ демалуды да ұмытпаңыздар. ҰБТ мен үшін күрделі сынақ болды, алайда сол еңбектің толықтай ақталғанына қуаныштымын.

Асем ГУМАРОВА, Батыс Қазақстан облыстық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының түлегі:

– Отбасымыздың ең кіші қызы ретінде мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келдім. Бүгінде Астана қаласындағы МНУ университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түскеніме шексіз қуаныштымын. Мемлекеттік грант мен үшін тек білім алуға мүмкіндік қана емес, үлкен жауапкершілік. Оған қол жеткізу үшін көп еңбектендім, енді сол еңбектің үдесінен шығуға барымды саламын. Ең әуелі, университетті үздік аяқтап, дипломымды алып, халықаралық ұйымдарда немесе ірі мекемелерде қызмет атқарғым келеді. Тіпті еліміздегі шешімі күрделі мәселелердің жауабын іздеуге атсалысуды да мақсат етемін.

Университет өмірінде түрлі ұйымдардың орыны ерекше деп санаймын. Сондықтан олардың қызықты қырынан бөлек болашақта пайда әкелетін жағын да назарда ұстау керек. Мәселен, волонтёрлік – мұқтаж жандарға немесе жануарларға көмек көрсету арқылы тәжірибе жинақтаудың тамаша жолы. Бұл іске студент кезден араласу – болашақтағы жетістікке бастайтын қадамдардың бірі.

Шыны керек, басында грантқа түскенімді естіген сәтте бәрі түс секілді көрінді. Жыл бойы төккен теріңнің, еңбегіңнің ақталғанын сезіну – сөзбен жеткізгісіз бақыт. Сол сәттен бастап көзқарасым түбегейлі өзгерді: мүмкін емес деген нәрсе жоқ, тек алға ұмтылу керек. Болашақта да осы қағиданы берік ұстанамын.

Аңсар МЕЙІРБЕК, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылы, Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның түлегі.

– Бүгінде өз арманыма тағы бір қадам жақындап, Astana International University (AIU) университетінің ақпараттық технологиялар бағыты бойынша мемлекеттік грант иегері атандым.

ҰБТ-ға жүйелі дайындықты 2024 жылдың қараша айында бастадым. Алғашқы айлар үміт пен сенімге толы болса, нағыз сынақ қаңтар айында келіп жетті. Бұл кезең мен үшін ерекше есте қалды – ҰБТ тапсыратын күн туған күніммен дәл келді.

Тестілеу орталығына барған сәтте өзім сияқты қобалжып тұрған жүздеген түлекті көрдім. Ішкі қорқыныш, уайым, белгісіздік – бәрі араласып кетті. Залға кіргенде эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін болмады: бір сәтте жүз ой, мың сезім. Нәтиже, өкінішке қарай, күткендей болмады – жинаған балл көңілден шықпады. Дегенмен, дәл сол күні өзіме:

«Бүгіннен бастап бәрі өзгереді. Мен дайындықты күшейтемін, мақсатымнан бас тартпаймын!», – деп серт бердім.

Осы сәт менің қайта өрлеуімнің бастауы болды. Наурыз және жаз айлары таяғанда, ҰБТ уақыты жақындағанын анық сездім. Қаңтардағы алғашқы қорқыныш бұл кезде әлдеқайда басылған еді. Сол уақытта соңғы 5 ай ішінде жиі кездесетін маңызды тақырыптарды қайталап, қосымша материалдар жинап, түрлі форматтағы сынақ тесттерін шеше бастадым. Жүйелі дайындықтың арқасында алғашқы оң нәтижелер көріне бастады. Бұл – тек білімнің ғана емес, төзім мен табандылықтың, өзін-өзі жеңудің жемісі болды.

Бұл жолда ең үлкен тірегім – ата-анам. Олар маған тек материалдық емес, моральдық қолдауын да аямай көрсетті. Сондай-ақ жанымда жүрген достарым мен кураторларымның қолдауы мен үшін ерекше маңызды болды.

Қиын сәтте жанымнан табылып, мотивациямды сөндірмеген әр жанға шексіз алғыс айтамын. Бұл жеңіс – тек менікі ғана емес, мені қолдаған барлық адамның еңбегінің нәтижесі.

Бүгін мен өз арманымның тағы бір баспалдағына қадам бастым. Бұл – бастамасы ғана. Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму саласына үлес қосатын білікті IT-маман атануға ниеттімін.

P.S. Расымен де, біз өзіміз тілдескен әр түлектің көзінен жалынды от көрдік. Олар бүгінгідей: «Сүйінші, мен грант иелендім!», – деген сөзді айту үшін жылдар бойы жүйелі дайындалып, саналы қадамдарға барып, өз күштеріне ғана сенім артып, талай күн мен түнді оқулықтан бас алмай өткізіп, небір сынақтан өтті. Бірақ, нәтиже – тәтті. Енді олардың оқуын толықтай мемлекет қаржыландырып, шәкіртақы беретін болады. Үздіксіз еңбектің жемісін көретін сәт туғанына оқушы да, аяулы ұстаз да, асыл ата-ана да ерекше қуанып жүр.

Мектеп қабырғасында жинаған білім мен тәлім – түлектер үшін болашақтағы асқақ армандарының берік іргетасы. Алда оларды әлі талай сын да, мүмкіндік те күтіп тұр. Сол жолда жүректеріндегі жігерді жоғалтпай, әр қадамын сеніммен басуларын тілек етеміз.

Өмірлеріңіз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын, құрметті түлектер! Арман қанаттарыңыз талмасын, биік шыңдардан көріне беріңіздер!

Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий