Иса Бекболат: «Балқадишаны» Париж төрінде қайта жаңғыртқым келеді
Өнер – адам жанын тербейтін, жүрекке үміт пен шабыт сыйлайтын ерекше әлем. Сол әлемде дара жолын бастаған атыраулық жас талант Иса Бекболат Ілиясұлы спорт пен сахнаның қыр-сырын қатар меңгере жүріп, бағы мен бабы қатар шауып бір-ақ күнде елге танылды. Спорт залында отырып, даладай кең қоңыр үнімен «Балқадишаны» әуелеткен жасөспірім естеріңізде шығар? Иә, ол Исаның дәл өзі болатын. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазба арқасында Исаға, тіпті, Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертіне шақырылып, сол сахнада өнер көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл кез келген жас өнерпаз үшін ең биік арман болуы да ықтимал еді. Ал, Иса үшін – орындалған арман. Осы сұхбатта Иса өзінің өзге де армандары, жетістіктері және өнер мен спортқа деген шынайы махаббаты туралы бөлісіп, жас оқырмандарға табандылық пен қажырлы еңбектің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ендеше, назар салайық!
– Иса, ең алдымен, өзіңді республика оқырмандарына таныстыра кетсең. Қай мектептің, қай сыныптың оқушысысың?
– Аты-жөнім – Иса Бекболат Ілиясұлы. Атырау қаласына қарасты Алмалы орта мектебінде оқимын. Қазір 9-сыныптың оқушысымын. Мектептегі күндерім қызыққа толы, ұстаздарымыз жақсы бағыт-бағдар беріп отырады.
– «Балқадишаны» спорт залында орындаған сәтің бір күнде елге танымал етті. Сол күнді есіңе түсірсең, бәрі қалай басталды? Ұстазыңмен болған сол бәс не жайында еді? Ән айту тапсырмасын орындау барысында қандай сезімде болдың?
– Сол күнді әлі күнге дейін жақсы есімде сақтап жүрмін. Негізгі бапкерім – Асылан ағай, жарысқа балаларды алып бара жатып, бізді Мирас бапкерге аманаттап кеткен еді. Жаттығу уақыты біткен соң, Мирас ағаймен бірге біз екеуіміздің арасында шағын бәс өтті. Бәс қарапайым еді: кім ұтылса, сол өлең айтатын болды. Сол сәтте мен ұтылып, «Балқадиша» әнін орындауға тура келді. Ал әнді орындай бастаған кезде жүрегім дүрсілдеп, бір жағынан қобалжу, бір жағынан қызық сезім болды. Бірақ орындаған сайын, әнге еніп, көңілім көтеріліп, барлық қобалжу сейілді. Сол кездегі сезім – қызық та ерекше, бір жағынан жауапкершілік те, өйткені бапкер мен бірге жаттығатын балалардың алдында өнер көрсетуге тура келді. Сөйтіп, сол қарапайым бәс бір күнде әлеуметтік желіде таралып, адамдардың көңілінен шығып, мені ел тани бастады.
– Сенің дауыс ырғағың қоңыр, табиғи, кең тынысты. Бұл өнер саған кімнен дарыды деп ойлайсың? Отбасыңда өнерпаздар бар ма?
– Иә, әрине. Әкем мен анам – домбырашылар, бірақ өздері ән айтпайды. Сол себептен менің музыкалық талғамым мен дауысыма деген қызығушылық солардан дарыған болар деп ойлаймын. Отбасымдағы музыкаға деген сүйіспеншілік мені кішкентай кезімнен баурап, өнерге деген ықыласымды арттырды.
– Әнді қай жастан бастап айта бастадың? Ең алғаш сахнаға шыққан кезің есіңде ме?
– Бастауыш сыныптан бастап ән айтуды бастаппын. Ал ең алғаш сахнаға шыққаным есімде: сол кезде қатты қобалжыдым, бірақ сахнада өзімді еркін сезініп, ән айту маған қызық болды. Музыканы бала кезімнен жақсы көргендігім сол сәтте анық көрінді.
– «Балқадиша» – қазақтың жүрегіне жақын ән. Бұл туындыны таңдап айтуыңа не түрткі болды?
– «Балқадиша» әнін таңдауымның себебі – оның тарихымен де байланысты. Бұл әнді 1925 жылы Әміре Қашаубаев Францияның Париж қаласында орындап, Еуропаны мойындатқан екен. Қазіргі таңда, 2025 жылы, бір ғасырдан кейін осы әнге қайта жан біткендей сезінемін. Маған бұл ән ерекше әсер береді, жүрегіме жақын. Арманым – өнеріме деген шынайы қолдау табылып жатса, осыдан тура бір ғасыр бұрын Париж төрінде құйқылжи шарықтаған «Балқадишаны» қайта жаңғыртып, дәл сол қалада орындап келгім келеді. Араға ғасыр уақыт салып, Әміре салған сара ізді абыройлы жалғай алсам, бұл мен үшін шынымен де мол бақыт.
– Музыка мен спортты қатар алып жүру қиын емес пе? Екеуінің сен үшін ортақ қыры бар ма?
– Әкем айтқандай, өнер мен спорт екеуі де егіз ұғым. Шынында да, екеуі де көп еңбекті талап етеді. Музыкада да, спортта да шыдамдылық, табандылық пен тұрақты дайындық керек. Екеуінің ортақ қыры – мақсатқа жету үшін қажымас күш жұмсау және өзіңді дамытып, шынайы нәтижеге жетуге тырысу. Сондықтан екеуін қатар алып жүру қиын болғанымен, бұл мен үшін қызық әрі маңызды.
– Қай спорт түрімен шұғылданасың? Жаттығу кестең қалай өтеді?
– Мен дзюдо күресімен айналысамын. Жаттығу кестеміз кейде күніне екі мезгіл өтеді. Спорттағы бапкерім жаттығудан тыс уақытта да бізге дұрыс адам болуды, тәртіпті тұлға болып қалыптасуды үйретуге тырысады. Асылан ағай үнемі айтып отырады: «Ақылсыз спортшы қоғамға зиян әкеледі», – деп. Сондықтан тек техника мен күшке емес, ой мен мінезімізге де көңіл бөлуге тырысамын.
– Спорттағы ұстаздарың саған тек шеберлік қана емес, өмірлік ұстаным тұрғысынан не үйретті?
– Маған бапкерім былай айтты: «Өнерді де, спортты да таңда, қай жағынан бағың жанса, біз әрдайым тілеулеспіз». Бұл сөздер мен үшін өте маңызды болды. Олар тек техника мен жаттығу ғана емес, өмірлік шешімдерде де өз жолымды табуға, өз арманымды іздеуге шабыт берді. Осындай қолдаулар спорт пен өнерде ғана емес, өмірде де сенімділік береді.
– Ән үйреткен, өнер жолына бағыт көрсеткен ұстаздарың жайлы айтып өтсең.
– Ән үйреткен апайым – Алмалы орта мектебінің сазгері Эльмира Қайрош. Кішкентай кезімнен мені ауыл мәдениет үйінде концертке шығарып бастады. Сол сәттен бастап біртіндеп әнге деген қызығушылығым артты, кейін түрлі байқауларға қатысып, сахнада өзімді сынауға мүмкіндік алдым. Апайымның қолдауы мен бағыт-бағдары мені өнер жолында сенімді қадам жасауға үйретті.
– Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертіне шақырылу – кез келген жас өнерпаз үшін арман. Сол сәттегі әсеріңді айтып берші.
– Кешкісін әкеме Назгүл Қарабалина деген режиссер хабарласып: «Сенің балаңды Димаш Құдайберген көріп, қай өңірдің баласы екенін білгісі келеді», – депті. Ата-анам да, мен де аң-таң болып, таңғалдық. Кейін түсіндім, бұл мен үшін берілген үлкен бақ екен. Осылайша мен Димаштың концертіне шақыртуды алдым. Бұл кез сол сәттен бастап мен үшін ерекше есте қалды.
– Сол сахнада тұрып, халық алдында ән шырқау кезінде жүрегіңде қандай сезім болды?
– Көбінің қоятын сұрағы осы екен. Жүргізушілердің және Димаш ағамның сөз саптаулары керемет әсер қалдырды, маған үлкен шабыт берді. Сол сәтте ешқандай қорқыныш немесе қобалжу болмады. Керісінше, сахна сыртында әкем мен бөле апам Жұлдыз қатты қобалжып тұрған екен. Менің сенімді болуымның бір себебі – спорттағы тәжірибем деп есептеймін: күшті болуға, қобалжуды жеңуге үйреткен.
– Музыка мен спорттан бөлек, сабақ үлгерімің қалай? Қай пәндерге ерекше қызығушылық танытасың?
– Сабаққа үлгеруге тырысамын. Еңбекқор болуға тырысқан сайын, білім алу да қызық болады. Ал пәндерге келсек, маған әсіресе алгебра пәні өте ұнайды. Бұл пән логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, мәселені шешу қабілетімді арттырады деп есептеймін.
– Достарың мен сыныптастарың сенің бір күнде танымал болғаныңа қалай қарады?
– Достарым мен сыныптастарым қатты қуанды. Одан бөлек ауылдастарым да қуанышқа бөленді. Тіпті әкемнің туған жері – Сүйіндік халқы мен нағашыларым да мені қолдап, қуанды. Жалпы айтқанда, Атырау халқы да менің жетістігімді қуана қарсы алды деп айтуға болады.
– Болашақта өнер жолын, әлде спорт жолын таңдауды ойлайсың ба, әлде екеуін қатар алып жүру жоспарыңда бар ма?
– Өнер ме, спорт па – оны уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Әкем әрдайым: «Әлі талай ойың өзгереді, ешкімнің ала жібін аттама», – деп ақыл айтады. Сол себептен болашаққа асықпай, барлығын ой елегінен өткізіп, дұрыс шешім қабылдауға тырысамын.
– Мектептегі оқу үлгерімің мен спорт, өнерді қатар алып жүруіңнің құпиясы неде?
– Ең бірінші ниетпен, шын талпынсақ, бәрі жақсыға жетеді деп ойлаймын. Егер өзіңді мақсатқа беріп, қажырлы еңбек етсең, үлкен жетістіктерге жетуге болады. Мені бұл спорт пен өнерде де, сабақта да алға жылжуға шабыттандырады.
– Алдағы 5-10 жылда өзіңді қай салада көргің келеді – сахнада ма, спорт аренасында ма, әлде басқа бағытта ма?
– Алдағы 5-10 жылда өзімді өнерде де, спортта да көргім келеді. Әр саланың өзіндік қызығы мен маңыздылығы бар, сол себептен екеуін қатар дамытуға тырысамын. Бұл менің қызығушылығым мен арманымды толық көрсететін жол деп ойлаймын.
– Иса, саған шығармашылық және спорттағы жетістіктерің үшін алдағы жолыңда сәттілік тілейміз! Армандарыңа берік болып, талпынысың мен еңбегің ешқашан өзіңді алдамауы тиіс. Алдағы уақытта да сахна мен спорт аренасында қатар жарқырап, өз талантыңды таныта бер, болашақта жаңа биіктерді бағындыруға жолың ашық болсын!
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

