ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсембаевтың Алматыда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» дәстүрлі қалалық педагогтер конференциясында сөйлеген сөзі

Қадірлі Тамыз конференциясына қатысушылар!

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің атынан Алматы қаласының бүкіл педагогикалық қауымын Тамыз конференциясының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Өңірлерде жалғасын тауып жатқан дәстүрлі Тамыз конференциясында өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білім беру – жай ғана кәсіп емес, ол – ұрпақ алдындағы борыш пен ел алдындағы міндет», – деген еді. Расында да, бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бізге, ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктейді. Бұл – тек кәсіби міндет қана емес, ел болашағына деген адалдық пен азаматтық борыш.

Осындай жауапкершілікті арқалаған педагогтер қауымы – мемлекеттің басты назарында. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы әрдайым ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, олардың мәртебесін көтеру ісіне ерекше мән беріп отырғанын жақсы білесіздер.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында: «Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуы тиіс. Ұстаздарға жағдай жасау – өркениетті ел болудың басты шарты», – деп, білім беру саласын қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қалатындығын ерекше атап өтті.

Ендеше, мемлекеттің қолдауымен қол жеткізген жетістіктерге тоқталуға рұқсат етіңіздер.

БІРІНШІ

Мектепке дейінгі білім берумен 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды қамту жоспары бүгінде 93%-ға орындалды. Ендігі меже жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу. Оған жетуге тиісті жағдайлар жасалуда. Мәселен:

– былтыр басталған ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы кезектіліктің 44%-ға азайғанын әрі 8 миллиардқа жуық теңге үнемделгенін көрсетсе;

– биыл 179 мектепке дейінгі ұйым ашылды, ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш 1600 мекемеге артты.

Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында «Беске дейін үлгер» және «Тілге бойлау» пилоттық жобалары сәтті іске асырылды. Бұл жобалар ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жаппай енгізілетін болады.

ЕКІНШІ

Соңғы алты жылда Мемлекет басшысының қолдауымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы, ұстаздардың жалақысы 4 жыл ішінде екі есеге артуы, 1300 мектептің реновациясы, 4000 мектептің модернизациясы, 1 миллионнан аса оқушы орнына арналған 1200-ге жуық білім беру нысанының соғылуы, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы, заманауи «Келешек мектептерінің» құрылысы тың өзгерістерге үлкен қозғау салып, білім саласының қарқынды дамуына жол ашты.

Бұл бастамалар осы жылдары еліміздегі үшауысымды мектептердің санын – 4 есеге, апатты жағдайдағы мектептерді – 2 есеге, оқушы орнының тапшылығын 4 есеге азайтты.

ҮШІНШІ

Инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық қолдауға жағдай жасау 90%-ға артты, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттер саны екі есе өсті, ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ға жетті.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» Заң жобасы әзірленуде.

Сонымен қатар Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен Халықаралық білім беру көрмесінде Инклюзия бойынша тұңғыш Дүниежүзілік конгресті 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын.

ТӨРТІНШІ

Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейту мақсатында 6 заңға 94 түзету енгізілді және БҰҰ-ның бала құқықтары туралы хабарламаларға қатысты конвенциясының Факультативтік хаттамасы ратификацияланды.

Қамқоршылық және қорғаншылық органдары жұмысының тиімділігін арттыру үшін үстіміздегі жылдың қаңтар айында бес мың балаға кемінде бір маманнан келетін қорғаншылық органдары штат санының нормативі бекітілді.

Бірлескен жұмыс нәтижесінде қорғаншылық органдары мамандарының штаты 593 бірлікке өсті.

Қаңтар айында Женевада қазақстандық делегация құқық қорғау саласындағы міндеттемелердің орындалуы туралы төртінші баяндаманы қорғағанда БҰҰ-ға мүше мемлекеттер балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қазақстандық реформаларға жоғары баға берді.

Жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы қабылданады. Балалардың мүдделерін жан-жақты ескеретін бұл бағдарлама 7 стратегиялық бағытты қамтиды (отбасы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақытын ұйымдастыру және спорт).

БЕСІНШІ

Мемлекет тарапынан педагогтердің кәсіби өсуіне жүйелі жағдай жасалып келеді. Биылғы жылдың өзінде біліктілікті арттыру курстарымен қамту екі есеге өссе, әділ әрі ашық аттестаттаудың жаңа цифрлық жүйесі сапалық құрамды 72%-ға арттырды.

Сондай-ақ Қазақстанның PISA көрсеткіштері Францияның Париж қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының отырысында оң бағасын алды, Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеудің отандық құралы алғаш рет халықаралық сертификаттаудан өтті.

АЛТЫНШЫ

Білім беру саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар басты назарда. Бүгінгі күні мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету 95,2%-ға дейін артты. Starlink спутнигін орнату жұмыстары жалғасуда. Мектеп оқулықтары 100% цифрлық форматқа көшірілді.

ЖЕТІНШІ

Соңғы үш жылда Қосымша білім беру ұйымдарының желісі екі есе өсті (2023 ж. – 1625 бірлік, 2024 ж. – 1713, 2025 ж. – 2142 б.). Тағы 24 объектінің құрылысы аяқталуда. Биылғы маусымнан бастап алғаш рет Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында қосымша білім беру саласын ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізілуде. Қазіргі уақытта төрт министрліктің бірлескен бұйрығы қабылданып, пилотқа қосылған өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы тетікті 2026 жылдан бастап, барлық өңірлерде масштабтау жоспарлануда.

СЕГІЗІНШІ

Сонымен қатар республикалық білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы жаңартылуда. Атап айтқанда, Түркістандағы «Білім-Инновация лицейі» жаңа ғимаратқа көшірілсе, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі толықтай реновациядан өтті. Ал бұрынғы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.

ТОҒЫЗЫНШЫ

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 150 мың орынды құрады, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді.

Студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті.

Кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып жатқан колледж студенттерінің саны соңғы екі жылда үш есе артты. Биыл бұл көрсеткішті 45 мың орынға жеткізу көзделген.

74 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Қазан айында Ақтау қаласында Түркітілдес елдер арасында Қазақстанның ұйымдастыруымен TurkicSkills бірінші халықаралық жұмысшы мамандықтар чемпионаты өтеді. Ол жастар мен студенттердің кәсіби шеберлігін дамытуды және ілгерілетуді мақсат етеді.

ОНЫНШЫ

Өткен оқу жылында еліміздің ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденістерінің арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Енді жаңа оқу жылына жоспарланған жаңа міндеттермен таныстыруға рұқсат етіңіз.

Халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысқан оқушыларымыздың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Атап айтқанда, дарынды оқушылар жыл басынан бері 34 халықаралық олимпиадаға қатысып, 1002 медальға (193-і алтын, 348-і күміс, 461-і қола) ие болды. Оның ішінде Алматы қаласынан 245 оқушы қатысып, 129 жеңімпаз атанды (23 – алтын, 45 – күміс, 61 – қола медаль). Бұл Сіздер үшін үлкен жетістік!

Жалпы өткен жылмен салыстырғанда жеңімпаздардың саны 603-ке артты.

Ең беделді жеті олимпиадаға (IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI, IOL) қатысқан 31 оқушының 27-сі жүлдегер атанды (4-еуі алтын, 13-і күміс, 10-ы қола медаль).

110 елдің қатысуымен өткен халықаралық олимпиадаларда Қазақстан құрама командалары жалпы командалық есепте 27-орынды иеленді. Оның ішінде: география пәнінен – 2-орын, химиядан – 9-орын, математикадан – 17-орынға қол жеткізді.

11 тамыз күні Мемлекет басшысы Халықаралық олимпиада жеңімпаздарының жеңісін жоғары бағалай келе, жеке қабылдап, құттықтады.

Сонымен қатар Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында олимпиада жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарды да мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Осындай биік белестерді бағындырған балаларға, оларды тәрбиелеген ата-аналары мен ұстаздарына алғысымды білдіремін!

ОН БІРІНШІ

Құрметті әріптестер, Мемлекет басшысы республикалық Тамыз конференциясында белгілеген бағыттарға және алдағы оқу жылына жоспарланған жаңа міндеттерге тоқталайын:

Біріншіден, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына қатысты:

– бағдарлама меншік нысанына қарамастан, білім беру жүйесінің барлық сатысына жаппай енгізіледі;

– мектептің ата-аналар комитеттерінің қызметі трансформацияланады;

– «мектеп – ата-ана – қоғам» үштігінің ынтымақтастығын арттыратын Ата-аналар комитетінің бірінші республикалық форумын үстіміздегі жылғы қараша айында өткізу жоспарланып отыр;

– еліміздегі барлық балалар мен жасөспірімдер қозғалысы жандандырылады;

– мектептерді ішкі безендірудің бірыңғай дизайн-кодын енгізу басталды.

Екіншіден, жасанды интеллектіге қатысты:

– жаңа оқу жылында оны білім беру үдерісіне енгізу басталады;

– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының рамкасы негізінде әзірленген этикалық стандарттар енгізіледі;

– AI-Kitap платформасын кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу жоспарланған;

– педагогтер 3-деңгейлік курстан өткізіледі (Acquire (экуайр) → Deepen (дипен) → Create (кри’ейт);

– 1–11-сынып оқушыларының барлығы Дэй-оф-эй-ай («Day of AI») курстарымен қамтылады.

Үшіншіден, Келешек мектептеріне қатысты:

– Келешек мектептерінің жұмысын үйлестіру, сүйемелдеу және әдістемелік басқару Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлтық білім академиясына жүктелді;

– «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидатына негізделе отырып, сапа мен тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін басқарудың жаңа моделі мен аккредиттеудің стандарттары енгізіледі;

– әр оқушыға бағытталған білім беру жүйесі қалыптастырылады.

Төртіншіден, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға қатысты:

– педагогтерді аттестаттаудың цифрлық «Ұстаз» платформасы толыққанды енгізіледі;

– жас әрі талантты мұғалімдердің базасы қалыптастырылады;

– білім берудегі өзгерістердің жаңа буын менеджерлер пулын қалыптастыру жалғасады.

ОН ЕКІНШІ

Білім сапасының артуы педагогтің қоғамдағы беделімен тікелей байланысты екенін тағы да атап өтемін.

Мемлекет басшысы Республикалық тамыз конференциясында мұғалім құқығының қорғалуын, олардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын, жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзған жағдайда прокуратура органдары тосқауыл қоюы керектігін, балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалаудың орынсыздығын қадап айтты.

ОН ҮШІНШІ

Құрметті қауым, мектеп ұжымында педагогтермен қатар оқушының тұлғалық қалыптасуына ықпалын тигізіп жүрген қарапайым еңбек адамдары назардан тыс қалып жатады.

Бүгін оқу-тәрбие процесінің алаңсыз іске асырылуында өзіндік үлесі бар, педагог емес, бірақ жауапкершілік жүгін олармен бірге арқалап жүрген жандарға «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында алғысымды білдіремін.

ОН ТӨРТІНШІ

Президенттің тапсырмасы бойынша Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын «Абай ұлттық мектебіне» трансформациялау іске асырылуда.

Жаңа форматтағы мектептің оқу-тәрбие үдерісіне «Qazaq national school programme» білім беру бағдарламасы, Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Парасат жолы» тәрбие бағдарламасы және «Abay talent accelerator camp» қосымша білім беру бағдарламасы енгізілмек.

ОН БЕСІНШІ

«Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасына биылғы қаңтардан бастап 17 өңірден 136 тірек және 497 шағын жинақты мектептер қосылған. Осы жылдың қыркүйегінен бастап жобаны масштабтаудың үшінші кезеңі басталады.

Бұл жерде Шекаралас елдімекендердегі мектептерді сақтап қалуға баса назар аударылатын болады.

ОН АЛТЫНШЫ

Еліміздің жалпы орта білім беретін мектептердің қатарында жоғары сапа мен нәтижелі жетістіктерді қамтамасыз етіп жүрген мектептердің үздік тәжірибелері ерекше назарда.

Аймақтарда мықты мектеп көп болған сайын білім сапасы артады, әлеуеті жоғарылайды. Гонконг, Макао сияқты көшбасшы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, мұндай тәсіл елдегі білім сапасын арттыруда тиімді екенін көрсетеді.

PISA нәтижесіне сәйкес, кейбір жалпы орта білім беретін мектептердің сапа көрсеткіші елдің ең үздік мектептері (НЗМ, БИЛ) көрсететін нәтижелермен пара пар. Сондықтан биыл барлық мектептердің білім сапасына кешенді талдау жүргізіледі. Ол оқушалардың білім сапасы, МОДО, Ұлттық бірыңғай тестілеу және мемлеткеттік аттестация сияқты тестілеу нәтижелеріне негізделеді.

Осы орайда, топ жарған үздік мектептерді анықтап, олардың қатарын көбейту және сапасын арттыру білім жүйесіндегі тұрақты үрдіске айналуы тиіс.

ОН ЖЕТІНШІ

Президенттің тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептерде ыстық тамақты тек ваучер негізінде, «Әлеуметтік әмиян» арқылы төлеуге көшу міндеті кезең-кезеңмен іске асырылатын болады.

ОН СЕГІЗІНШІ

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Адал азамат» бағдарламасын іске асыруда өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау аса маңызды екенін атап өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдаманың мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдістер арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру», – деп, педагог қауымға жауапкершілік артты.

Президенттің сөзіне сәйкес, мектеп – әр бала үшін қауіпсіз әрі сенімді орта болуы тиіс. Зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатыгездікке және буллингке мүлде жол берілмеуі қажет.

Осы орайда, Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында оқушылар арасында арнайы пилоттық жоба қыркүйек айынан бастап, Алматы облысында іске асырыла бастайтынын назарларыңызға салғым келеді.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, балалар – біздің аманатымыз, оларды қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бәрімізге ортақ жауапкершілік және мемлекеттің басты міндеті.

Бұл бағытта бірқатар заңнамаларға түзетулер енгізілді. Атап айтсақ:

– жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты құрылды;

– лауазымды тұлғалардың жаңа туған нәрестені тастап кеткені туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Өткен жылы еліміздің барлық аймақтарында психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Дегенмен, бүгінде барлық орталықтар кәсіби кадрлық ресурстармен жеткілікті түрде қамтылмаған. Бұл орталықтардың облыстық психологиялық қызметтердің жұмысының әдістемелік негізіне айналуы маңызды.

Өңірлерде олар өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу, сондай-ақ «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына басшылық жасайды. Облыс басшылығы орталықтардың жұмысын жеке бақылауына алуы керек.

Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізілетінін және жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болатындығын атап өтті.

Осы орайда, Министрлік тарапынан білім беру саласының мамандарын оқыту және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды атқарып отыр.

Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл мәселеге бақылау күшейтіліп жатқанына қарамастан, қоғамда балаларға әлімжеттік көрсету, басыну фактілерінің болуы көңілге қаяу түсіреді. Зорлық-зомбылық көрсету балаларды арман-мақсаттарынан алшақтатып, ал кейде морт сындыруға әкеп соғады. Бұл мәселеге ешкім бей-жай қарамай, ата-ана – ұстаз – қоғам болып күресу қажет.

Балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс жалғасатын болады.

ЖИЫРМАСЫНШЫ

Құрметті әріптестер!

Осы сәтті пайдалана отырып, ауқымды бастамаларымызды іске асыруға үлес қосып жүрген өздеріңізге және барлық педагогикалық қауымға алғысымды білдіремін.

Мемлекеттің басты тірегі – саналы әрі білімді ұрпақ десек, балалардың балабақшадан бастап, орта білімге дейін, тіпті кәсіби маман иесі болғанға дейінгі жетілуі біздің жауапкершілігімізде.

Еліміздің қоғамдық, экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениетке ұмтылған, білімді, білікті, мәдениетті, денсаулығы мықты, парасатты, адал азамат тәрбиелеп шығару – мектептің, ұстаздар қауымының басты міндеті және қоғам алдындағы борышы.

Құрметті ұстаздар, келе жатқан жаңа 2025-2026 оқу жылы табысты жыл болсын!

Халық даналығында: «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады», – деген қағида бар. Шәкірттеріңіздің талабына қанат бітіріп, шабыт беретін шығармашылық ізденістеріңізге сәттілік тілеймін!

Өсіп келе жатқан жас ұрпақ терең білімімен, тағылымды тәрбиесімен ел мақтанышына айналып, үмітімізді ақтасын!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий