Аягүл Миразова: «Бізге артылған үмітті ақтап, қателік жібермеуге бар күшімізді салуымыз қажет»
Алматы қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында «Болашақ білім беру: адал азамат, білікті маман» атты дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Білім саласына еңбегі сіңген айтулы тұлғалар бас қосқан бұл жиын – педагогтер қауымы үшін тәжірибе тоғыстырар үлкен алаңға айналды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі мен «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның тұңғыш «Еңбек Ері» Аягүл Төреқызы МИРАЗОВАНЫҢ қатысуы жиынның мәнін айрықша арттыра түсті. Көрнекті педагог, қоғам қайраткері Аягүл Төреқызы конференция барысында «Білімді ел» республикалық газетінің бас редакторы Ләззат Мақсұтқызымен ашық пікір алаңында сұхбаттасып, басылым тарапынан қойылған сауалдарға шынайы әрі салмақты жауап берді. Ойы орамды, сөзі зерделі, тағылымға толы шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Аягүл Төреқызы, биылғы Тамыз конференциясының ерекшелігі туралы айтып өтсеңіз.
– Ең алдымен, ел аман, жұрт тыныш болсын деп бастайын. Биылғы Тамыз конференциясының басты ерекшелігі – оның Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өтуі. Президентіміздің баяндамасы ұстаздар қауымына ерекше серпін берді. Ол кісі ұстаздың еңбегіне деген әділетті көзқарасты, құрмет пен сенімді айқын жеткізді. Еліміздің келешегі мен болашағы ұстаздардың қолында екенін баса айтты. Менің ойымша, жиынға қатысқан әрбір ұстаз бен басшы өзіне деген сенімділікті, жігерді сезініп шықты.
– Алматы қаласында өткен жалғасы да ерекше болған сияқты?
– Иә, Алматы әрқашан да өзінің жаңашылдығымен, жетістіктерімен көзге түсетін қала. Бүгінгі конференцияда да соны байқадық. Дарынды ұрпақ – елдің болашағы. Олардың халықаралық деңгейдегі жеңістері, түрлі жүлделер алуы – үлкен мақтаныш. Президентіміздің Ақордада үздік шәкірттерді қабылдауы – оларға деген сенімнің, құрметтің белгісі ғана емес, болашақтарына нұр сепкен үлкен қолдау. Бұл сәт олар үшін ешқашан ұмытылмайды. Сол сенім биігінен түспей, елдің қамқоршысы болатын білімді де білікті азамат болып өсетініне сенемін.
– Сіз үшін «Білімді ел» газетінің орны қандай?
– «Білімді ел» – ұстаздардың жетістігін ғана емес, білім мен тәрбие саласындағы ең маңызды жаңалықтарды жариялап келе жатқан ерекше басылым. Мен өзім бұл газетті жаздырып, бір санын қалдырмай оқимын. Ризашылығым шексіз. Әріптестеріме де айтарым – «Білімді елді» оқыңыздар, өйткені онда тәжірибе алмасуға, білім саласының жаңалықтарынан хабардар болуға мол мүмкіндік бар. Газетке тек табыс тілеймін.
– Ұстаздарға қандай тілегіңіз бар?
– Ең бастысы – Президент айтқан жылы лебіз бен сенімге лайық болайық. Бізге артылған үмітті ақтап, қателік жібермеуге бар күшімізді салуымыз қажет. Елдің болашағы – білімді де адал ұрпақ. «Адал» деген сөздің өзіне бар мән сыйып тұр. Сондықтан әр ұстаз сол биіктен көрінуі тиіс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге алғысымды білдіремін, Аягүл Төреқызы! Сіздің жүрекжарды пікірлеріңіз бен тағылымға толы ойларыңыз ұстаздар қауымы үшін зор жігер, үлкен бағдар болары анық. Уақытыңызды бөліп, құнды ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін шын жүректен рақмет.
– Сіздерге де алғыс айтамын. «Білімді ел» газетінің ұжымына шығармашылық табыс, ұстаздар қауымына мерейлі жетістіктер тілеймін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Загрузка...Посмотреть эту публикацию в Instagram

