Қазақстанда Лу Бань зертханалары ашылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы СИ ЦЗИНЬПИННІҢ осы аптаның дүйсенбі күні аспан асты елінде кезекті мәрте жалғасқан жоғары деңгейдегі келіссөздерінен кейін Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Бұл жоба Лу Бань зертханасының тәжірибесін тарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол экономиканың түрлі секторы бойынша тәжірибеге бағдарланған оқыту мен маман даярлауды көздейді.

Екінші зертхана Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ал үшіншісі Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында ашылды. Лу Бань зертханасы елімізде алғаш рет инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға арналған алаң ретінде осыдан екі жыл бұрын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған болатын. Өткен аптада елімізге іссапармен арнайы келген ҚХР делегациясы ЕҰУ-да осы шеберхананың жай-күйімен танысты. Тяньцзинь кәсіптік институты директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Мэн Чжэн бастаған делегаттарды осы отандық жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов пен проректорлар қарсы алған еді.

Лу Бань шеберханасы Еуразия ұлттық университетінде Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып салынуда. Бұл туралы Қытайда өткен «Дүниежүзілік кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту» конференциясында екі оқу орнының ректорлары келіскен. Лу Бань шеберханасы – қазақстандық және қытайлық кәсіпорындардың ынтымақтастығына, кәсіптік білім беруде тәжірибе алмасуға, техникалық таланттарды дамытуға, қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы. Шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылатын болады.

ЕҰУ Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова осы басқосуда университет оқытушылары Қытайға «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасы аясында оқуға барғанын айтты. Білім мен тәжірибе оқу және ғылыми үдерістерге озық тәжірибелерді енгізуге, университеттер әріптестігін нығайтуға және кәсіби жетістіктерге жетуге пайдалы екенін жеткізді. Проректордың айтуынша, Қытайдағы оқыту бағдарламасы бір айға созылған және бұл білім мен тәжірибе Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да құрылатын «Лу Бань шеберханасы» аясында заманауи тәсілдерді енгізудің негізін қалаған көрінеді.

Кезекті кездесуде жобаның мақсаты мен міндеттері түсіндіріліп, оқу бағдарламасының жасанды интеллект саласындағы зертханаларды іске қосу және заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу үшін маңыздылығына екпін берілді. Ерлан Сыдықов оқытушылардың «Лу Бань шеберханасы» жобасына қатысуы – университеттің цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамы екенін және IT білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетінін айтты. – Лу Бань шеберханасының ЕҰУ базасында ашылуы – екі ел арасындағы достықтың нышаны деп айтуға болады. Бұл тікелей Мемлекет басшысының бақылауында іске асырылған жоба, – деді ректор.

Лу Бань шеберханасы – «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий