Жаһандық деңгейдегі жаңа зияткерлік карта қалыптасуда

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Америка Құрама Штаттарына өткен аптаның басы, яғни қыркүйек айының 21-24 күндері аралығында жасаған жұмыс сапары маңызды саяси және экономикалық келіссөздермен қатар тәуелсіз еліміздің адами капиталын дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық кездесумен де ерекшеленгені баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы әлемдік академиялық және ғылыми ортаның жетекшілерімен келіссөз жүргізіп, білім мен ғылым саласындағы серпінді жобалардың негізін қалады.

Атап айтқанда осы елдегі ең көне ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі саналатын Смитсон институтының басшылығымен келіссөздер жүргізді. «Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандық жетекші ғалымдар, антропологтар, мәдениеттанушылар мен тарихшылар осы беделді ғылыми-зерттеу орталығында арнайы білім алу мүмкіндігіне ие болады. Смитсон институты – әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешені. Оның құрамына жиырма бір мұражай мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық хайуанаттар бағы кіреді.

Сондай-ақ аса маңызды кездесулердің бірі Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен өтті. Бұл – әлемдегі тестология саласындағы ең көне ұйым. Келіссөздер нәтижесінде ETS-тің жетекші мамандары қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылады. Халықаралық деңгейдегі сарапшылардың тәжірибесі негізінде отандық Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесі терең жаңғыртылып, ол заманауи әдістеме мен бағалаудың сапасы жоғары халықаралық стандартқа сай жетілдірілмек.

Осы орайда білім берудің неліктен жоғары деңгейдегі дипломатияның негізгі элементіне айналып, бұл кездесулердің қазақстандық студенттерге, ғалымдарға және елге қандай нақты нәтиже беретіні туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздегі беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен әңгімесін оқырмандардың назарына ұсынамыз. Жаңа жиырма бірінші ғасырда елдің басты капиталы табиғи ресурстар емес, адамдар, олардың білімі, құзыреті мен идеясы. Қасым-Жомарт Кемелұлы адами капиталға инвестиция ел болашағына салынатын ең маңызды әрі тиімді инвестиция деген тұжырымдаманы дәйекті түрде алға жылжытып келеді.

Күшті білім беру жүйесі мен озық ғылым – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің, технологиялық егемендіктің және тұрақты экономикалық өсудің негізі. Президент әлемдік білім мен ғылым элитасының көшбасшыларымен жеке келіссөз жүргізгенде, бұл ішкі және сыртқы әлемге айқын белгі береді. Ел ішінде білім беруді дамыту жоғары деңгейдегі жалпыұлттық басымдық екенін көрсетеді. Ал халықаралық серіктестер үшін бұл қадамдар Қазақстанның әлемдік академиялық кеңістікте терең интеграцияға және ең батыл бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын сенімді ойыншы екендігінің белгісі.

Дарындылар үшін жаһандық бәсекеде оқшауланып дами алмаймыз. Сондықтан Президент Қазақстан үшін әлемнің жетекші білім орталықтарының есігін өзі ашып отыр. Смитсон институты мен Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен кездесулер ғылым мен білім беру жүйеміз үшін нағыз серпіліс сипатта. Бірінші кездесу әлемдегі ең беделді ғылыми-зерттеу және мұражай кешендерінің бірі саналатын әйгілі Смитсон институтымен болды. «Болашақ» бағдарламасы аясында біздің жетекші ғалымдарды даярлаудың арнайы бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді.

Бұл қазақстандық антропологтарға, мәдениеттанушыларға, тарихшыларға және басқа да гуманитарлық әрі жаратылыстану ғылымдарының өкілдеріне бірегей мұрағаттар мен зертханаларға, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі сараптамаларға қол жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Екіншіден, бүкіл білім беру жүйесі үшін одан да маңызды кездесу ETS (Educational Testing Service) компаниясының басшылығымен өтті. Бұл әлемдегі жетекші тестілеу компаниясы, яғни TOEFL және GRE сияқты жаһандық тестілерді әзірлеген. Кездесу қорытындысы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады.

ETS-тің үздік мамандарының жетекшілігімен және жұмылдырылуымен біздің Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) әдістемесі мен мазмұны қайтадан пысықталады. Бұл өз кезегінде көпсатылы, күрделі жұмыс. Оның түпкі мақсаты – ҰБТ-ны озық әдістемеге және тест тапсырмаларының жоғары сапасына негізделген заманауи, халықаралық деңгейде мойындалған тестіге айналдыру. Мемлекет басшысы жүзеге асырып жатқан стратегия Қазақстанда жаһандық білім беру экожүйесін құруға бағытталған. Біз студенттерді шетелге жіберумен шектелмей, ел ішінде академиялық басымдықты құрып жатырмыз. АҚШ-қа жасалған сапар осы стратегияның маңызды бөлігі саналады.

Біріншіден, бұл Қазақстанға АҚШ-тың жетекші университеттерін тартуға жол ашады. Президент шетелдік беделді университеттердің филиалдарын ашу міндетін қойды. Бұл ретте Петропавлда Аризона университетімен сәтті тәжірибе бар. Нью-Йорктегі келіссөздер осы тәжірибені кеңейтуге бағытталды. Мұндай университеттердің келуі зор мүмкіндік береді. Осы орайда үздік білім беру бағдарламаларын, басқару технологияларын, ғылыми-зерттеу тәжірибелерін трансферттеу және отандық университеттер үшін бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру ескерілген.

Екіншіден, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту қамтылған. Жасанды интеллект, биотехнология, «жасыл» энергетика сияқты басым салаларда америкалық университеттермен бірлескен зертханалар мен ғылыми орталықтар құруға мүдделіміз. Бұл өз кезегінде ғалымдарымызға елден шықпай-ақ, әлемдік ғылымның алдыңғы қатарында жұмыс істеуге және жобаларын коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жаһандық білім беру платформаларына интеграциялау қарастырылған. Coursera сияқты алпауыттармен ынтымақтастықты белсенді түрде талқылап жатырмыз, осылайша әлемдегі ең үздік онлайн курстар біздің студенттерге қолжетімді болып, қазақстандық жоғары оқу орындары өз бағдарламаларын орналастыруға мүмкіндік алады.

Мемлекет басшысының бұл келіссөздерге жеке қатысуы қуатты серпін береді және мультипликативті әсерге ие. Мен үш негізгі аспектіні атап өткім келеді. Біріншісі – мәртебе мен сенім. Қазақстан Президенті жетекші жоғары оқу орнының ректорымен немесе ғылыми ұйымның басшысымен жеке кездессе, бұл жағдай диалогты жоғары стратегиялық деңгейге көтереді. Бұл біздің серіктестерімізге жарияланған реформалар мен жобалардың бір ғана ведомствоның бастамасы емес, жоғары саяси ерік-жігермен қолдау тапқан ұзақ мерзімді мемлекеттік басымдық екенін көрсетеді.

Екіншісі – берілген стратегиялық құрылым. Президент жеке жобаларды талқылап қана қоймайды. Ол өңірлік білім беру және ғылыми хаб ретінде Қазақстанның болашағы туралы тұтас көзқарасты жақсы біледі. Мемлекет басшысы білім беруді дамытудың басымдығын жаңа экономикалық модельдің міндеттерімен, индустрия 4.0 үшін кадрларды даярлау қажеттілігімен және орнықты даму мақсаттарымен байланыстырады. Осындай кешенді қадамдар ынтымақтастықты мазмұнды әрі ауқымды етеді. Үшіншісі – күрделі ведомствоаралық мәселелерді шешу. Шетелдік университеттің филиалын ашу сияқты ірі білім беру жобаларын жүзеге асыру әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жер бөлу мен құрылыс мәселелерінен бастап, көші-қон және салық заңнамасына дейінгі келісілген әрекеттерін талап етеді.

Президенттің қатысуы кез келген кедергілерді тез арада еңсеруге және стратегиялық маңызды бастамаларды жылдам орындауға мүмкіндік береді. Студенттер үшін ETS арқылы ұлттық бірыңғай тестілеу реформасы жоғары оқу орындарына түсудің әділ, объективті және ашық жүйесін қамтамасыз етуді білдіреді. Бұл өз кезегінде күйзелісті азайтып, ұлттық тестілеуге деген сенімді арттыру деген сөз. Шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу – Қазақстаннан шықпай-ақ, әлемдік деңгейдегі диплом алу мүмкіндігі. Coursera және басқа платформалармен интеграция әлемдегі ең мықты деген профессорлардың мыңдаған курстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Смитсон және басқа орталықтармен серіктестікті нығайту ғалымдар мен педагогтер үшін тағылымдамадан өтуге, бірлескен зерттеулерге және әлемнің жетекші журналдарында мақала жариялауға жол ашады. Бұл мүмкіндік – үлкен ғылымға тікелей жол. Шетелдік жоғары оқу орындарының келуі бәсекелестік ортаны қалыптастырады, бұл жалақының жоғарылауына, еңбек жағдайының жақсаруына және бүкіл жүйе бойынша жоғары академиялық стандарттарға әкеледі. Жалпы ел үшін халықаралық стандарттарға сай дайындалған және экономикамыздың алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге қабілетті мамандардың жаңа буынын қамтамасыз етеміз, – деп қорытындылайды сөзінің соңын бейіндік ведомствоның жетекшісі.

– Президенттің бастамасымен қолға алынған бұл қадамдардың барлығы зерделі ұлт қалыптастыру мен Әділетті Қазақстан құру жолында қызмет етеді. Нью-Йорк еліміздің білім беру саласындағы маңызды шешімдердің алаңына айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары аясында Educational Testing Service (ETS) компаниясымен ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге ETS кеңсесіне барып, бүкіл әлемде мойындалған TOEFL, GRE сияқты емтихандарды әзірлейтін ұйымның қалай жұмыс істейтінін көрдік, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында осы салалық министрдің кеңесшісі Руслан Емелбаев.

– Бұл тәжірибе Қазақстан үшін аса құнды, өйткені сөз біздің түлектеріміздің болашағы мен қоғамның білімді бағалау жүйесіне деген сенімі жайында болып отыр. Сондықтан бұл жаңалықтың талқылау тудырғаны таңғаларлық емес. Біреулер қуанып жатыр, біреулер алаңдаса, енді біреулер сұрақ жаудыруда. Бұл қалыпты жағдай – мәселе білім мен жастардың болашағына қатысты болса, бейжай қалу мүмкін емес. Мен бұл салада көп жылдан бері жұмыс істеп келемін және Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңаруы әділ, заманауи әрі объективті болуы қаншалық маңызды екенін жақсы түсінемін. Дәл осы себепті министрлік ETS компаниясымен ынтымақтастықты бастады.

Руслан Тохтарбекұлының айтуынша, маңыздысы – шетелдік мамандар біздің тесттерді «жазбайды». Олардың міндеті – тәжірибе мен әдістемемен бөлісу, сол арқылы ҰБТ мазмұны мен құрылымын жақсартуға болады. Бұл – тестілеудің күрделенуі емес, керісінше жастар үшін әділ мүмкіндіктер ашу, сапалы білім алу мен Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі лайықты орнын айқындауға жасалған қадам. Президенттің бұл бастамаға тікелей қатысуы кедергілерді жедел шешуге мүмкіндік беріп, маңызды әрі ауқымды өзгерістердің кепілі болып отыр.

– Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілудегі барлық өзгерістер қазақстандық сарапшылармен, мамандармен бірнеше рет талқыланатынын атап өткен жөн. Бұрынғыдай әрбір жаңалық бойынша аймақтар мен қалаларда, мұғалімдерден бастап ата-аналар мен түлектерге дейін барлығына толық түсініктеме жұмыстары жүргізіледі. Шетелдік университеттер филиалдарының ашылуы, Coursera секілді платформаларға қолжетімділік, студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер – мұның бәрі бір тізбектің міндеттері. Ең бастысы – біз өзгерістерден қорықпай, оларды саналы түрде әрі түсіністікпен қабылдауымыз қажет, – деп түйіндеген ол осы тақырыптағы жазбасын.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий