АҚШ елшілігі өкілдерінің ресми сапары

Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейде халықаралық деңгейдегі маңызды әрі тағылымды іс-шараға АҚШ елшілігінің ресми өкілдері – Тимоти Гибсон, Ольга Патерова және Алима Абдулатиф арнайы келіп, мектеп ұжымымен, оқушылармен және педагогтермен мазмұнды әрі әсерлі кездесу ұйымдастырды.

Бұл сапар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы білім беру, мәдениет және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Басқосудың басты мақсаты – оқушылардың әлемдік білім кеңістігіне деген қызығушылығын арттыру, шет тілдерін меңгеруге ынталандыру, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу арқылы білім сапасын көтеру. Сонымен қатар бұл кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, жас ұрпақтың жаһандық ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.

АҚШ елшілігінің өкілдерін қарсы алу рәсімі сағат 12:20-да мектеп-лицейдің бірінші қабатындағы мәжіліс залында ұйымдастырылды. Қонақтарды мектеп директоры Қияқбай Нұрила, мектеп әкімшілігі, ұстаздар мен оқушылар ұлттық дәстүрге сай, ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты рәсім барысында «Домбыра – дастан» ансамблінің орындауында қазақтың күйлері шырқалып, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз кеңінен таныстырылды. Күй әуені шетелдік қонақтарға терең әсер қалдырып, қазақ халқының бай рухани мұрасын сезінуге мүмкіндік берді.

Қарсы алу барысында ұстаздар ұжымының жетекшісі Нұрила Бақтиярқызы қонақтарға жылы лебізін білдіріп, оқу орнының жетістіктері, білім беру бағытындағы жаңашыл бастамалары мен даму жоспарлары туралы кеңінен баяндады. Елшілік өкілдері өз кезегінде көрсетілген құрметке алғыс айтып, мектеп ұжымының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Салтанатты бөлімнен кейін қонақтар мектептің оқу-тәрбие үдерісімен жан-жақты танысты. Сағат 12:30-12:40 аралығында олар «Толағай» күштiк спорт залына барып, оқушылардың спорттық дайындық деңгейін көрді. Спорт залында жүргізіліп жатқан жаттығулар, үйірмелер жұмысы және оқушылардың белсенділігі қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар Тимоти Гибсон, Ольга Патерова және Алима Абдулатиф «Сингапур бағдарламасы» бойынша оқытылатын сыныптардың сабақтарына қатысты. Сабақ барысында қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер, цифрлық технологиялар мен оқушылардың сыни ойлау қабілеті жоғары бағаланды. Елшілік өкілдері бұл білім беру жүйесінің халықаралық талаптарға толықтай сай екенін атап айтты. Іс-шара барысында қонақтар Ахмет Байтұрсынұлы мұражайына арнайы экскурсия жасады.

Мұражайда ұлт ұстазының өмір жолы, ағартушылық қызметі, ғылыми еңбектері мен қоғамдық рөлі жан-жақты таныстырылды. Мұражай қорында сақталған құнды жәдігерлер, сирек кездесетін кітаптар мен тарихи деректер шетелдік қонақтарға үлкен әсер қалдырды. Экскурсия барысында Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен білім беру жүйесінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен айтылды. Елшілік өкілдері қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген құрметтің жоғары деңгейде сақталғанына тоқталды.

Келесі кезекте қонақтар мектеп кітапханасына барды. Мұнда олар кітапхананың материалдық-техникалық базасымен, электронды ресурстарымен және оқушылардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жобаларымен танысты. Кітапханадағы қолайлы оқу ортасы, тыныш әрі жүйелі жұмыс барысы қонақтардың оң пікірін тудырды. Ольга Патерова мен Алима Абдулатиф оқушылардың өздігінен білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, кітапхананың білім кеңістігіндегі рөлін жоғары бағалады.

Шараның ең маңызды әрі әсерлі кезеңдерінің бірі – АКТ залында өткен оқушылармен кездесу болды. Бұл жүздесуге мектептің белсенді оқушылары мен 8 «А» сынып оқушылары қатысты. Әңгіме барысында оқушылар АҚШ-тағы білім беру жүйесі, оқушыларға арналған алмасу бағдарламалары, халықаралық гранттар мен білім беру жобалары туралы сұрақтар қойды. Тимоти Гибсон шәкірттерге тағылымды тәжірибесімен бөлісіп, шет тілін меңгерудің маңыздылығына екпін берді.

Сонымен қатар келген қонақтар арнайы тіл үйренуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік болатын бағдарламалармен таныстырып, әр оқушы мен мұғалімдердің қолына жазбаша бағдарламаларын ұсынды. Елшілік өкілдері жастарды білімге, ізденіске және халықаралық деңгейде өзін дамытуға шақырды. Бұл кездесу оқушылардың болашаққа деген сенімін арттырып, жаңа мақсаттар қоюына ықпал етті. Іс-шара соңында екінші қабаттағы конференц-залда ағылшын тілі пәні мұғалімдерімен арнайы кездесуге жиналдық.

Басқосу барысында шет тілін оқытудың заманауи әдістері, халықаралық тәжірибе алмасу, кәсіби даму мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Елшілік өкілдері мұғалімдердің сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. АҚШ елшілігі өкілдерінің біздің білім шаңырағына жасаған бұл ресми сапары мектеп тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.

Мазмұны мол халықаралық кездесулер оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, шет тілін меңгеруге, әлемдік білім кеңістігіне еркін енуіне жол ашады. Сонымен қатар бұл іс-шара білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен серпін берді. Біздің мектеп-лицей алдағы уақытта да осындай халықаралық деңгейдегі жобалар мен кездесулерді жалғастырып, білім мен тәрбиенің озық үлгісін көрсетуге ұмтылады.

Балжан НАРБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей
директорының тәрбие жұмысы жөніндегі
орынбасары, Астана қаласы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий