Заманауи тәрбие мен сапалы білімнің негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы қарқынды іске асырылуда. Бұл бастама жас ұрпақтың санасына отаншылдық, бірлік, әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және жасампаздық сияқты іргелі құнwдылықтарды сіңіруді көздейді. Бағдарлама оқу мен тәрбие процесін біртұтас жүйеге біріктіре отырып, оқушылардың азаматтық жауапкершілігі мен өмірлік маңызды құзыреттерін дамытуға бағытталған.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» идеяларын ілгерілетуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл стратегиялық бағыттар жастардың құқықтық санасын нығайтып, еңбекке деген құрметін арттыруға және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға тікелей ықпал етеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, бұл бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында 15 мүдделі мемлекеттік органды қамтитын бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданып, жүйелі жұмыс жолға қойылған.

Сонымен қатар баланың жеке қабілетін ашып, шығармашылық әлеуетін арттыруда қосымша білім беру саласына басымдық берілуде. Бүгінде үйірмелер мен секциялар желісі айтарлықтай кеңейіп, балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне толық жағдай жасалуда. Сала сапасын жақсарту үшін материалдық-техникалық база нығайтылып, педагогтердің біліктілігін көтеру және ауыл мен қала арасындағы білім беру алшақтығын қысқарту бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл кешенді жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын саналы әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеудің берік негізіне айналмақ.

– «Адал азамат» тұжырымдамасы мен заманауи қосымша білім беру жүйесінің ұштасуы – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың басты кепілі болмақ. Еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағы, ең алдымен, жас ұрпақтың қандай құндылықтармен тәрбиеленетініне байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысының мазмұнын жаңарту, оны заманауи талаптарға бейімдеу аса маңызды. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – өскелең ұрпақты жауапты, заңға құрметпен қарайтын әрі саналы азамат етіп қалыптастыруға бағытталған кешенді жоба, – дейді Абай облысының орталығы Семей қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Айсылу Жунусова.

– Бағдарлама аясында республика мектептерінде қауіпсіздік сабақтарын өткізу ерекше мәнге ие. Сабақ барысында оқушылар түрлі өмірлік жағдайларды талдап, заң талаптарын түсініп, өз құқықтары мен міндеттерін меңгереді. Киберқауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ақпаратты саралай білу – мұның барлығы жасөспірімнің саналы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Ашық пікір алмасу мен талқылау арқылы олар өз көзқарасын дәлелдеуге, өзгелердің пікіріне құрметпен қарауға дағдыланады. Бұл дағдылардың маңызы, әсіресе, ел өміріндегі маңызды саяси кезеңдерде айқын көрінеді. Республикалық референдум – халықтың өз тағдырын өзі айқындау құқығын жүзеге асыратын маңызды жолы.

Айсылу Ахмеджановнаның айтуынша, сындарлы сәтте әр азаматтың саналы таңдауы мемлекет болашағына тікелей әсер етеді. Ал саналы таңдау жасау құқықтық сауаттылықты, сыни ойлауды және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертең ел тағдырын шешуге қатысатын азамат. Егер ол мектеп қабырғасынан бастап заңды құрметтеуді, әділдікті бағалауды және өз әрекетіне жауап беруді үйренсе, болашақта референдум сияқты маңызды қоғамдық үдерістерге белсенді әрі жауапкершілікпен қатысады. Сондықтан «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы қауіпсіздік сабақтары – тек тәрбиелік шара ғана емес, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды нығайтудың берік негізі. Саналы, жауапты және белсенді ұрпақ қалыптастыру – елдің тұрақты дамуының кепілі.

Батыс Қазақстан облысы білім басқармасындағы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті педагогикалық қауымдастықтың қатысуымен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Абай мұрасын жаңаша зерделеген алқалы мәжіліс ұйымдастырылған. «Абайдың «Толық адам» ілімі: білім-ғылым жолы, адамдық-кісілік жолы, өзін-өзі тану, қалыптастыру жолы, игеру қағидалары» тақырыбына арналған кеңеске ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер шақырылған. Жиынның өзегі – Абайдың адам тәрбиесіне қатысты тұғырлы тұжырымдарын бүгінгі қоғамдық сана, әлеуметтік жауапкершілік және жас тұлғаның қалыптасу үдерісімен сабақтастыру.

Алқалы мәжілістің мазмұндық арқауы ұлы ойшылдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген формуласына тірелді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абайдың «Толық адам» ұғымы ағылшын тіліндегі «a man of integrity» түсінігімен үндес. Яғни, бұл – тек білімді емес, ішкі тұтастығы берік, ізгілікке ұмтылған, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға бейнесі. Мәжіліс модераторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев өз сөзінде Абай Құнанбайұлы ілімін шығыстық дүниетаным дәстүрімен сабақтастыра отырып, «Толық адам» тұжырымдамасының мәнін кеңінен тарқатты.

– Ақыл, қайрат, жүрек және ғылым туралы Абай он жетінші қара сөзінде анық баяндайды. Бұл қара сөз тұтас шығыстық дәстүрдің үлгісінде жазылған. Адам болмысының құрылымы, рухани жетілу жолы осы төрт ұғымның өзара үйлесімінен тұрады. Шығыстық дүниетанымда адам нәпсі мен ақылдың, жүрек пен рухтың арасындағы тепе-теңдікті табуы тиіс жаратылыс иесі ретінде қарастырылады. Осы ұстаным Абайдың «Толық адам» ілімінде терең көрініс тапқан. Абай бар болғаны 59 жыл өмір сүрді. Бірақ осы қысқа ғұмырында қалдырған мұрасының бірде-бір түйірі далада қалған жоқ. Әр өлеңі, әр қара сөзі – тұтас ілімнің бөлшегі. Өзім «Толық адам» іліміне қатысты барлық деректі қарап шықтым. Тереңдеген сайын ынтызарлығым арта түсті, – деді ол сөйлеген сөзінде.

– Абайдың күллі шығармашылығы – бір бағытқа, адамды кемелдікке жеткізу мұратына қызмет етеді. Бұл – Абайдың жолы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен бесінші құрылтайда Абайдың қара сөздерін әдеби мұра ретінде арнайы тіркеу қажеттігін айтты. Бұл – Абай мұрасының стратегиялық маңызын айқындайтын орынды бастама. Шын мәнінде, Абай – данышпан. Ол сіз бен біздің қалыптасуымыздың құрылымдық жобасын жасақтап берді. Абайды түсіну оңай емес. Дегенмен біз мынадай тұжырымға келдік: қазақ руханиятының темірқазығы саналатын Абай мұрасы – тек ұлттық ойлау жүйесінің емес, күллі шығыс дүниетанымдық дәстүрінің заңды жалғасы. Оның пәлсапалық көзқарастары исламдық шығыстық ойлау, сопылық ілім және адамгершілік кемелдену тұжырымдарымен тығыз байланысты.

Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Мерген Сүлейменов жас тұлғаның қалыптасуындағы «бес асыл іс» қағидасын тарқатып, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ұғымдарын қазіргі білім беру жүйесімен байланыстырды. Тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Толық адам» ілімін тектілік феномені тұрғысынан талдап, Абай мұрасындағы рухани сабақтастық мәселесіне айрықша тоқталды. – Күллі қазақ былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өтті. Қытайға Конфуций қандай рухани бағдар болса, қазақ үшін Абай сондай темірқазық. Біз хәкім Абай, данышпан Абай, қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл дейміз. Бірақ ұлылықтың сыры неде?

Ұлылық – өзгенің көзі жетпегенді көру-де, өзгенің батылы бармағанды айтуда. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың «Толық адам» ілімін тектілік феномені арқылы пайымдауға болады. Қарапайым тілмен айтсақ, толық адам – жақсы, кемел, адал, текті адам деген ұғымдармен астасып жатыр. Қоғам қай кезеңде де жақсыға зәру. Жақсы көп болмайды. Бүгінде біз «элита» деген ұғымды жиі қолданамыз. Француз тілінен аударғанда «таңдаулы» дегенді білдіреді. Бизнесэлита, саяси элита, интеллектуалды элита дейміз. Генетик ғалымдардың айтуынша, табиғаттың өзінде ең жоғары сұрып 6-7 пайыз ғана болады, ал қалған 93-94 пайызы бірінші, екінші, үшінші деңгейде.

Яғни, нағыз сұрыпталған азшылық. Абай да «Толық адам» ілімінде осы сапалық биіктікті айқындайды. Оның толық адамды құраушы ұғымдарды анықтауда өзіндік концепциясы бар. Қазақ танымында да бұл түсінік терең орныққан. Егер бір бала қатарынан оқ бойы озық шығып жатса, «әкесі жақсы адам еді, аталары жақсы еді, жақсының көзі, асылдың сынығы, тектінің тұяғы» деп жатады. Бұл – тектіліктің тек қанмен емес, тәрбиемен, рухани сабақтастықпен жалғасатынын аңғартатын пайым.Сондықтан Абайдың «Толық адам» ілімі – жай ғана моральдық ұстаным емес. Ол – сапалы адам қалыптастырудың рухани формуласы. Тектілік, адалдық, кемелдік ұғымдары осы ілімде өзара тоғысып, ұлттың ішкі элитасын айқындайтын өлшемге айналады, – деді ол.

«Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернатының өкілі Рақымжан Хамза жасөспірімдер тәрбиесіндегі өзін-өзі тану үдерісін нақты тәжірибе негізінде баяндады. Ал облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Сағитов «Толық адам» қағидасын адал еңбек пен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан пайымдады. Өскелең ұрпақтың атынан сөйлеген студент жастар Аяулым Марселова мен Жанайна Сейітжанова баяндамаларында Абай ілімін түркі ойшылдарының мұрасымен сабақтастырды. «Құтты білік» авторы Жүсіп Баласағұн мен Әбу Насыр әл-Фараби еңбектеріндегі парасат, ізгілік, адалдық ұғымдары «Толық адам» концепциясымен үндес екені ғылыми негізде талданды. Кеңес аясында университеттің ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Абайдың «Толық адам» ілімі – тұлға баулу жолының темірқазығы» атты көрме таныстырылды.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий