Математика – бар ғылымның бастауы

«Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр және елде білім экономикасын қалыптастыру мен ЖИ-экономикасының архитектурасын құруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып саналады. Премьер- Министрдің тапсырмасы бойынша Шымкент қаласына келіп, Қазақстан математиктерінің алғашқы конгресін аштым, – деп жазды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өткен аптаның жексенбі күні facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

Елдің математикалық қауымдастығы бұл форумды өте жылы қабылдады, математика рөлін қайта пайымдауға және жаңа күн тәртібін қалыптастыруға деген жоғары сұраныс айқын сезіледі. Қазір біз математика туралы қалыптасқан түсінік түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде тұрмыз. Бұрын ол «ғылымның бір саласы» ретінде қабылданса, бүгінде экономикаға, технологияға және мемлекеттік басқаруға әсер ететін шешімдердің негізіне айналды. Үлкен деректер, жасанды интеллект, цифрлық егіздер, болжамдық модельдер – мұның барлығы, түптеп келгенде, математикаға сүйенеді.

Әлемде бұл үрдісті әлдеқашан түсініп, қабылдап қойды. Фокус та біртіндеп өзгеріп келеді: енді тек ЖИ-ді қолдану емес, оның қалай жұмыс істейтінін терең түсіну маңызды. AI4Math және Science of AI сияқты жаңа бағыттар қалыптасып жатыр. Жасанды интеллект енді тек құрал емес, зерттеулерде серіктеске айналып, күрделі есептерді талдауға, жаңа байланыстарды табуға және ғылыми ізденістерді жеделдетуге мүмкіндік беруде. Бұл тәуелсіз мемлекетіміз үшін нені білдіреді? Біз өз орнымызды айқындауымыз қажет. Не дайын шешімдерді пайдаланушы ел болып қаламыз, не өз технологияларымызды жасайтын елге айналамыз.

– Бүгінде математика тек іргелі ғылым ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік саясатты қалыптастырудың, технологиялық дамуды ілгерілетудің және ұлттық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етудің негізгі құралына айналды. Ол үлкен деректерді талдаудың, өнеркәсіптік нысандар мен көлік жүйелерінің цифрлық егіздерін құрудың, мемлекеттік басқаруда шешім қабылдауға арналған стратегиялық модельдерді әзірлеудің негізінде жатыр. Энергетикалық жүйелерді басқарудан бастап инфрақұрылымды жоспарлауға дейінгі әрбір стратегиялық шешім нақты математикалық модельдерге негізделеді, – деді осы бірегей басқосуға жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген ведомство басшысы.

– Негізгі халықаралық үрдістер математиканың технологиялар мен экономиканы дамытудың шешуші факторына айналғанын көрсетеді. Ал жетекші елдер іргелі зерттеулерге және жасанды интеллект саласы үшін кадр даярлауға қомақты инвестиция салып отыр. Әлемдік ғылым жасанды интеллектіні тек қолданбалы мақсатта пайдаланудан оның математикалық негіздерін терең зерттеуге бет бұрды. Заманауи зерттеулер математикалық аппараттың жасанды интеллект жүйелерінің сенімділігін, түсіндірмелілігін және болжамдылығын қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі екенін дәлелдеп отыр.

Министрдің мәлімдеуінше, бұл жаһандық бәсеке жағдайында мемлекеттің стратегиялық шешімдері үшін аса маңызды. Математика технологиялық тәуелсіздіктің іргетасын қалыптастырады: меншікті алгоритмдерді, цифрлық платформаларды және жасанды интеллект шешімдерін жасау елді технологияларды жай тұтынушыдан инновациялардың авторына айналдырады. Іргелі ғылымды қолданбалы жобалармен сабақтастыра дамыту интеллектуалдық шешімдер жасай алатын, мемлекеттік басқару мен өнеркәсіптегі цифрлық трансформацияны ілгерілететін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашады.

– Мемлекет ғылымды қолдауды, университеттерді жаңғыртуды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді дәйекті түрде жалғастыруда. Ғылыми адалдық, сыни ойлау және талдамалық мәдениет секілді іргелі құндылықтар қашанда басымдыққа ие. Математика дәл әрі негізді шешім қабылдау мәдениетін қалыптастырып, қоғам өмірінің барлық саласының тұрақты дамуына негіз болады. Бірінші конгресс практикалық шешімдер әзірлеуге, ғылыми байланыс пен кәсіби қауымдастықты нығайтуға қызмет ететін маңызды алаңға айналады деп сенемін. Барлық қатысушыларға нәтижелі жұмыс, батыл ғылыми ізденіс және толымды жетістіктер тілеймін, – деді Саясат Нұрбек.

Бірақ мықты математикалық негізсіз екінші жол мүмкін емес. Себебі математикасыз ЖИ – қалай жұмыс істейтіні толық түсініксіз, күрделі шешімдерде сенім арту қиын құрал ғана. Сондықтан біз жүйелі жұмысты жолға қойып жатырмыз. Өз алгоритмдеріміз бен модельдерімізді дамытамыз. Кадр даярлау тәсілін өзгертеміз, математиканы ЖИ-дің негізі ретінде күшейтеміз. Қауіпсіздік бағытында да, соның ішінде посткванттық криптография бойынша жұмыс жүргізілуде. Ғылымды, индустрияны және мемлекетті біріктіріп отырмыз. Ең бастысы – инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз: есептеу қуаттары, платформалар, зерттеу орталықтары.

Бұл жұмыстардың барлығы мемлекет басшысы ұсынған кең ауқымды «Digital Qazaqstan» стратегиясының (2029 жылға дейін) шеңберінде жүзеге асуда, оның аясында біз ЖИ-экономикасының толыққанды архитектурасын қалыптастырып келеміз. Жаһандық бәсекелестік жағдайында Қазақстан өз моделіне сүйенеді, яғни, қолжетімді энергияға, жас әрі цифрлық буынға және дамыған eGov инфрақұрылымына. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені де ескеру маңызды. Frontier AI бүгінде әлемнің шектеулі ғана орталықтарында бар – АҚШ-та, Қытайда және жекелеген еуропалық экожүйелерде қалыптасуда.

Мұнда негізгі фактор тек технологияның болуы емес, институт деңгейінде қалыптасқан математикалық мәдениет, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ғылыми мектептер және толық этаптарға: кадрларға, деректерге, модельдерге және есептеу қуаттарына ие болу. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелер қысқа уақытта қалыптаспайды. Оның артында ондаған жыл бойы білімге және ғылыми ортаға жасалған инвестициялар жатыр, мұнда математика іріктеудің, ойлаудың және технологиялық дамудың өзегіне айналады.

Технологиялық көшбасшылық үш шарттың тоғысында қалыптасады: математикалық мәдениет институт ретінде орныққанда, ғылыми мектептер оны үздіксіз дамытып отырғанда және мемлекет пен нарық ірі жобаларды іске қосып, білімді нақты жүйелерге айналдыра алғанда. Жаһандық ЖИ ландшафты қазірдің өзінде құрылымдалған: ядроны жасаушылар, дамыған интеграторлар және тек қолданумен шектелетін елдер бар. Осы деңгейлер арасында өту уақытты, жүйелі саясатты және толық циклді тұйықтауды талап етеді – білімнен ғылымға, ғылымнан индустрияға және қайтадан кері байланысқа дейін.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тек инфрақұрылымға инвестиция салу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – өз ойлау мәдениетімізді қалыптастыру және технологияны қолданумен қатар оны жасай алатын мамандарды даярлау. Осы бағытта алдымызда бірнеше негізгі міндет тұр. Біріншіден, өз алгоритмдеріміз бен математикалық модельдерімізді әзірлеу. Бұл тек технология емес, ел экономикасынан бастап өнеркәсіпке дейінгі нақты міндеттерге шешім жасай алу қабілеті.

Екіншіден, кадр даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру. Біз AI-Enabled University форматына көшіп, іргелі математиканы күшейтіп, студенттер үшін зерттеу ортасын дамытамыз. Үшіншіден, математикалық қауіпсіздік. Бұл посткванттық криптографияны дамыту және жаңа цифрлық қауіптер жағдайында сыни инфрақұрылымды қорғау. Төртіншіден, ғылым мен технологияның интеграциясы. Іргелі зерттеулерді экономиканың нақты сұраныстарымен байланыстырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Бесіншіден, инфрақұрылым. Суперкомпьютерлер, есептеу кластерлері, платформалар және студенттерге, ғалымдарға және индустрияға ашық қолжетімділік.

– Бүгіннің өзінде алты жүз жетпіс мыңнан астам ЖИ сертификаты берілді, студенттердің басым бөлігі базалық дайындықтан өтті. Үш жүзден астам қолданбалы шешім бар. Алдағы кезеңде 100 мың студентті тереңдетіп оқыту және шамамен бір мың бес жүз AI-жобаны іске қосу жоспарлануда. Қысқаша айтқанда, бүгінгі математика – бұл дәл шешім қабылдай алу және технологиялардың «ішкі логикасын» түсіну қабілеті. Ал бұл елдің әлемдегі орнын айқындайды. Бұл конгресс бәрін қайта пайымдап, саналы түрде алға жылжуға мүмкіндік беретін маңызды алаң деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға идеялары мен ашық диалог үшін алғыс білдіремін, – деп түйіндеген желідегі жазбасының тобықтай түйінін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий