Шәкәрім университеті: Қой шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа қадам

Шәкәрім университетінде республикалық деңгейдегі «Ғылым онкүндігі» аясында «Қой шаруашылығының селекциялық орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің шығыс өңірінде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды ғылыми бастамалардың бірі.

Бұл орталық Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Селекцияның тиімді әдістерін әзірлеу мен ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу негізінде өнімділігі жоғары қой популяцияларын құру» мақсатты-бағдарлы ғылыми жобасының шеңберінде ұйымдастырылғанын білдік. Шәкәрім университетінің жанындағы Агротехнопарк ғылыми орталығында орналасқан зертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, Шәкәрім  университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, Директорлар кеңесінің мүшесі Думан Орынбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, ветеринария ғылымдарының докторы, екі жүзге жуық ғылыми мақала мен студенттерге арналған әдістемелік оқу құралының авторы, жергілікті аға буын ардагерлердің көшбасшысы Тоқаев Зейнолла Қалымбекұлы, Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой тұқымы республикалық палатасының өкілдері, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысып, сөз сөйледі.

Жаңа орталықтың негізгі қызмет бағыттары – қой шаруашылығында селекциялық әдістерді жетілдіру, генетикалық зерттеулер жүргізу, жоғары өнімді тұқымдарды іріктеу, өндірістік сынақтар ұйымдастыру және жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетуді көздейтіндігімен ерекше маңызға ие. Бұл бағалы бастама ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда ғана отандық ғалымдар қауымымен кездесуінде: – Кез келген дамыған, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны меңгеруіміз керек, – деген болатын. Осы тұрғыда жаңа орталық – ғылымның нақты өндірісте көрініс табуының жарқын үлгісі саналады.

– Бүгінде бейіндік ведомствоның қолдауымен біздің жоғары оқу орнының базасында қырықтан астам ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Соның 70 пайызы қолданбалы сипатқа ие. Жаңа орталық – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл бағалы бастаманың өңір экономикасын нығайтып, ғылым мен ауыл шаруашылығын ұштастыратын маңызды алаңға айналатындығына сенім мол, – деді осы орталықтың ашылу салтанатында жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін арнаған осы жоғары оқу орнының білікті басшысы Думан Рымғалиұлы.

– Өндірісті ғылыммен ұштастырмай өрге жылжу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Ғылыми негізге сүйенбей атқарылған іс ұзаққа бармасы тағы анық. Сол сияқты қой шаруашылығын да ғылыми селекциялық жұмыстардың оң нәтижесіне икемдеп, болашағы зор сала ретінде дамыту күн тәртібіндегі мәселе. Орталықтың ашылу салтанатына жиналған ғалымдар да, сала басшылары да осы тұжырымды бір ауыздан мақұлдағаны бізге соны серпіліс сыйлайды.  

– Семей облысы кезінде қой шаруашылығы саласының дамуы бойынша ең алдыңғы қатардағы аймақ болғаны баршамызға бұрыннан белгілі. Кейін облыс мәртебесінен айырылғаннан соң басқа салалармен қатар бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың тұралап қалғандағы қиындықтарын көзімізбен көрдік. Өңір жетекшісі Берік Уәлидің бастамасымен қой шаруашылығын дамытудың стратегиялық құжаты әзірленді. Бұл ауқымды жоба дер кезінде қолға алынып отыр. Жоғары өнімділікке ғылыми зерттеулерсіз қол жеткізу әрине мүмкін емес. Шопан атаны – қойдың пірі деп байырғы бабаларымыз бекерге атамаған. Себебі бұл құтты кәсіп қазақ халқының келер ұрпағына ғасырлармен сабақтастырған ұлттық мұрасы, – деді аймақ жетекшісінің орынбасары Думан Рыспекұлы.

– Бүгінгі таңда қой шаруашылығымен айналысатындар мемлекеттің аз-кем қолдауына сүйеніп, қолдарынан келгенінше жеке дара жұмыс жүргізіп жатыр. Гиссар және басқа да қой тұқымдарын әкеліп, жергілікті түліктердің сапалы түрімен будандастыру арқылы жаңа тұқым шығаруға талпынып жүр. Бірақ ізденістердің ғылыми дәлелі жоқ. Өнімділігі жоғары әрі сапалы қой тұқымын қалыптастыру ұзақ жылдарды талап ететін қиын да күрделі шаруа. Семей қаласындағы елімізге танымал әрі беделді жоғары оқу орнының базасында жергілікті ғалымдардың ортақ мақсаттағы ұтымды үйлестіруімен заманауи құрылғылардың негізінде жаңадан ұйымдастырған бұл селекциялық орталық облыстың аумағындағы ғана емес республикамыздың қой шаруашылығы бағытын уақыт ағымына сай жетілдіруге сүбелі үлес қосатын ғылыми алаңға айналатындығына сенеміз.

Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы он тәжірибелік шаруашылықта бұл бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарының жүйелі атқарыла бастағанын да айрықша атап айтқанымыз абзал. Осы жобаны ілгерілетуге елуге жуық ғалым, докторанттар мен магистранттарға қоса еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары және серіктес университеттер тартылған екен. Жоба аясында қазірге кезде төрт патент алынып, халықаралық Scopus және Web of Science базаларында ғылыми мақалалар жарияланған. Сонымен қатар, шаруашылықтарға арналған нақты практикалық ұсынымдар әзірленіпті.

– Ең басты ұстаным – өңірдегі қой шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыру, өнім сапасы жақсарту. Бұл бағытта жергілікті және шетелдік асыл тұқымдарды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Сол себепті орталықта ең заманауи селекциялық әдістер қолданылып, жергілікті қой тұқымдарының сапалық көрсеткіштерін арттыруға басымдық беріледі. Өткенге көз жүгіртсек осыдан отыз жылдан астам уақыт мұғдарында біздің өлкедегі бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институттың базасында «Байыс қойы» деген атаумен тарихқа енген «Байыс» тұқымдық түрі шығарылғанын мақтанышпен еске аламыз, – дейді  университеттегі ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Балнұр Ахметова.

– Осы орайда заманауи үлгіде жабдықталған бұл орталық тарихи игі дәстүрді қайта жалғастырудың келісті қадамы. Әрі отандық селекцияны жаңа деңгейге көтерудің нәтижесінде мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді өндірістің қарқынымен ұтымды ұштастыруды көздейді. Демек бұл бағыт алдағы кезде өңірдегі шаруашылықтардың тиімділігін арттыратын мол мүмкіндіктерді шоғырландыруы тиіс. Және осы орталықта жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің мазмұны терең әрі кешенді сипатқа ие.

7М08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының магистранты Гүлім Камзаева қолға алған жеке зерттеу жұмысының барысымен таныстырды. Жас ғалымның мәлімдеуінше түрлі зерттеудің шеңберінде зоотехниялық, селекциялық және биометриялық әдістер кешені кеңінен қолданылыпты. Қойлардың негізгі өнімділік көрсеткіштері – тірілей салмағы, жүн өнімділігі мен өсімталдығы – жалпы қабылданған зоотехниялық әдістер негізінде бағаланған. Малдарды іріктеу мен жұптау жұмыстары селекциялық-генетикалық тәсілдер арқылы жүргізіліп, будандастыру әдістері негізінде әртүрлі тұқымдардың шаруашылыққа пайдалы белгілерін жетілдіру басты назарда болған.

– Сонымен қатар, малдардың экстерьерлік ерекшеліктері арнайы өлшеу және көзбен бағалау әдістері арқылы анықталатындығы айтылуда. Алынған деректерге биометриялық өңдеу жүргізіліп, вариациялық статистика әдістері қолданылған. Бұл тәсілдер зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен ғылыми негізділігін қамтамасыз ететіндігімен тиімді. Осы орталықтың қабырғасында жүзеге асырылып жатқан зерттеулер тек теориялық емес, нақты өндірістік маңызы бар нәтижелерге бағытталатындығымен өміршең, – дейді бұқаралық ақпрат құралдарының өкілдеріне қажетті мағұлматтарды жедел ұсынған осы жоғары оқу орнының баспасөз хатшысы, әлеуетті әріптесіміз Күлия Райыс.

Демек бұл ғылыми кұрылымның көп күттірмей үздіксіз ізденістер мен инновациялық идеяларды толық жүзеге асыратын жетекші орынға айналатындығы ақиқат. Өйткені бұл орталықтың жұмысын жандандыруға саланың іргелі ғалымдары, қой шаруашылығының селекциясын жасауға дайын және ғылымға құштар жас мамандар ортақ мақсат пен мүддеге сай батыл жұмылдырылған. Үздік үлгідегі технологиялардың негізінде озық құрал жабдықтармен жарақтандырылған жаңа орталықтың ресми ашылу салтанатына жиналған құрметті қонақтар атқарылатын жұмыстардың жүйесімен толық танысып, ұйымшыл ұжымдар аға буын ардагерлердің сәттілік тілеген ақ батасына бөленді.

Нұрлан МЕРАЛЫ,
Астана-Семей-Астана

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий