“Бір толқындағы” жарқын жүздесулер
Шәкәрім университетіне Павлодар қаласындағы Ә. Марғұлан атындағы педагогикалық университеті мен Торайғыров университетінен мәртебелі меймандар арнайы келді. Ғасырға жуық тарихы бар университетпен әріптестік-серіктестік байланысын берік орнатқан екі жоғары оқу орнының делегациясын Шәкәрім унверситетінің ректоры Думан Орынбеков бастаған білікті ғалымдар, жоғары санатты ұстаздар қауымы зор ілтипатпен қарсы алды.
«Бір толқында» атты өңірлік оқу орындарының ынтымақтастық мақсатттағы маңызды кездесуі Абай мен Шәкәрім бейнесін сомдап, ұлы тұлғалардың жырлары мен өсиетін жеткізген шағын сахналық көріністен бастау алды. Бас ғимаратқа енген қонақтар университеттің ғылымның сан саласындағы жетістіктері мен ізденістерін айқындайтын ғылыми көрмені тамашалады. Заманауи технологиялардың білім мен ғылымға енуінің жарқын үлгісі ретінде AI-Sana Ұлттық бағдарламасы шеңберінде әзірленген 11 интеллектуалды агенттің мүмкіндіктері таныстырылып, олардың университеттің цифрлық дамуындағы рөлі кеңінен баяндалды.
Университеттің ауылшаруашылығы саласы бағытындағы ғылыми жобалары жайында интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай кеңінен таныстырды.
«Үш анық» ғылыми-конференциялық залында жалғасқан ғылыми шығармашылық байланыстың маңызы туралы сөзінде университет ректоры Д. Орынбеков осы кездесу барысын жоғары бағалап, университеттің алға қойған мақсаттарына тоқталды.
- Ертіс бойындағы жетекші жоғары оқу орындары ретінде бізді біріктіретін басты құндылық – сапалы білім, ғылым және жас маманның болашағына жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, Торайғыров университеті, Марғұлан университеті және Шәкәрім университеті арасындағы әріптестік байланыстар ресми қарым-қатынас емес, ортақ мақсатқа қызмет ететін стратегиялық ынтымақтастық деп білеміз.
Үш университет – бір мақсат: тәжірибе алмасу және серіктестік диалогы қағидатына негізделген бұл кездесу өзара сенімді нығайтып, ортақ құндылықтар мен үздік тәжірибелер алаңын қалыптастырады деп сенемін.
Қазіргі таңда жоғары білім беру жүйесі университеттерден тек сапалы білім мен ғылымды ғана емес, сонымен қатар тиімді басқару тәжірибесін, инновациялық шешімдерді және стратегиялық серіктестікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, тәжірибе және инновация диалогына құрылған мұндай кездесулердің маңызы ерекше.
Біз білім беру үрдісін жетілдіру, ғылым мен инновацияны дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, цифрлық трансформация және басқару тәжірибелері бойынша өзара пікір алмасып, нәтижелі байланыстар орнату мәселелелерін қарастырамыз. Сіздердің сапарларыңыз кәсіби ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, университеттер арасындағы серіктестік көкжиегін кеңейтеді деген ойдамын, – деді Думан Рымғалиұлы.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы тарихи-мәдени бағытта зерттеп, талдаулар жасаған жетістіктерінен хабардар етті. Сонымен қатар ұлы ойшыл, философ, ақын һәм аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлы мен әулиелігімен әйгілі тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бір заманда өмір сүріп, тарихта қалған кездесуі туралы тебірене тілге тиек етіп, бүгінгі кездесудің де тарихи сабақтастығы барын атап өтті.
Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов Шәкәрім университетінің бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған, инфрақұрылымы дамыған, ғылыми әлеуеті жоғары және халықаралық беделі бар жоғары оқу орны екенін айтып, әріптестік байланыстың болашағына шынайы сенімін білдірді.
Оқу ордасының стратегиялық даму бағыты бойынша сөз алған стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов ғылымды игеруге талпынған жас ғалымдардың жобаларына көрсетілетін қолдаулар жайымен таныстырды.
Мазмұнды жүздесу аясында тараптар ғылым, білім және өндіріс интеграциясын дамыту, заманауи зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және болашақтағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында пікір алмасты.
Shakarim Lab мүмкіндіктері
Сапардың алғашқы бағыты – университеттің ғылыми әлеуетінің жүрегі саналатын Shakarim Lab болды. Қонақтар мұнда ғылым, білім және өндірісті ұштастырып отырған заманауи зерттеу инфрақұрылымымен танысты.
Делегация мүшелері Сынақ зертханасы, Биологиялық және тағам қауіпсіздігі зертханасы, Сүтті талдау зертханасы мен Ветеринариялық клиника қызметінің ерекшеліктеріне назар аударды. Аталған орталықтар бүгінде өңірдің ғылыми-зерттеу экожүйесін қалыптастырып қана қоймай, нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған зерттеулер жүргізуде.
Shakarim Lab бүгінде университеттің ғылыми білім беру және инновациялық орталық ретінде дамуына тың серпін беріп келеді.
Инжиниринг орталығы – ғылымның өндірістегі нақты көрінісі
Кездесу аясында делегация Инжиниринг орталығында болып, «Материалдар бетін өңдеудің плазмалық технологиялары» және «Материалтану және материалдардың бетін модификациялау электролиттік-плазмалық технологиялар» зертханаларының жұмысымен танысты.
Орталықтағы ғылыми зерттеулер машина жасау саласындағы бөлшектерді қалпына келтіру, олардың беріктігін арттыру, қызмет ету мерзімін ұзарту және жаңа өңдеу технологияларын енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар материалдардың механикалық және технологиялық қасиеттеріне талдау жасалып, өндірістік міндеттерге арналған практикалық шешімдер әзірленеді. Бұл – ғылым нәтижесін нақты экономикамен ұштастырудың жарқын үлгісі.
Сондай-ақ, делегация университеттің әлеуметтік инфрақұрылымымен де танысты. №1 спорт кешеніндегі спорт залын, күрделі жаңғыртудан өткен бассейнді және фитнес орталығын аралады. Сонымен қатар №1 студенттер үйінде болып, білім алушыларға жасалған тұрмыстық жағдайларды көрді.
Зерттеуден өндіріске дейін
Қазіргі таңда университет ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жалпы көлемі 5 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам ғылыми жобаны іске асыруда. Оның 70 пайызы қолданбалы сипатқа ие. Бұл көрсеткіш университет ғылымының өңірлік әрі ұлттық даму міндеттерімен сабақтасып жатқанын көрсетеді.
«Агротехнопарк» ғылыми орталығы мен «Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығында болған әріптестер ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстармен танысып, атқарылып жатқан жобаларға оң пікір білдірді.
Агроөнеркәсіп өнімдері мен өндірістік қалдықтарды терең өңдеу арқылы құны жоғары өнімдер алу және оларды азық-түлік өндірісінде қолдануға бағытталған «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығымен университеттің Science профессоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың жетекшісі Қайрат Бекбаев таныстырды.
Орталықтың негізгі басымдығы – өсімдік тектес органикалық қалдықтардан биоөнімдер алу, соның ішінде биосутек өндіру. Бұл бағыт қазіргі таңда әлемдік ғылымдағы басты трендтердің бірі саналады. Мұнда ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биосутек өндіру технологиясы зерттеліп, тәжірибе жүзінде іске асырылуда. Бұдан бөлек, орталықта биосутек, биометан, биоэтанол, биобутанол, биомасса секілді өнімдерді алу бағытында зерттеулер жүргізілуде. Ғалымдар ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, оларды тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығына қайта ұсынуды көздейді. Бұл – тұрақты даму мен тұйықталған экономика принциптеріне негізделген тиімді модель.
«Ғылымды дамыту ғана емес, оны тиімді іске асыру маңызды»
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анар Каримова университет тәжірибесіне жоғары бағасын берді.
– Бұл сапарда Шәкәрім университетінің тәжірибе алмасу бағытында берері мол екеніне көз жеткізіп отырмыз. Ғылыми жобалардың көлемі мен нәтижесі университеттің жаңа даму кезеңіне өткенін көрсетеді. Қарапайым көрменің өзінен оқу орнында қаншама жұмыстардың жасалып жатқанын көрдік. Университеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көріп, қуанып отырмыз. Ғылыми тұрғыдан іске асырылған 47 жоба деген – ол үлкен дүние. Ғылымды дамыту – бір белес болса, одан нақты пайда көріп, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру – одан да ауқымды әрі жауапты жұмыс,- дейді.
Өткен мен бүгінді жалғаған кездесу
Торайғыров университетінің «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Оспанова үшін бұл сапар ерекше әсерге толы болды
Ол осыдан отыз жыл бұрын тәмамдаған қарашаңыраққа қайта оралып, бүгінгі өзгерістерге жоғары баға берді.
– Шәкәрім университеті – мен үшін Alma mater. Осыдан 30 жыл бұрын осы университетті тәмамдаған едім. Отыз жылдан кейін қарашаңыраққа азын-аулақ жетістіктеріммен келіп тұрғаным мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі күні қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, оның барлығында Шәкәрім университетінің қосқан үлесі мол. Қазір мұнда жасанды интеллект бағытында үлкен жобалар қолға алынғанын көрдік. Заманауи зертханалар, Huawei компьютерлік сыныптары, студенттерге жасалған мүмкіндіктер ерекше әсер қалдырды. Мұндай кездесулер болашақтағы ортақ ғылыми жобаларға бастау болады деп сенемін. Шынымен де, өңірлік университеттер бір толқында болуы керек. Өйткені, бәріміздің алға қойған мақсаттарымыз бір,- дейді.
Үздіксіз білім беру тізбегі
Қонақтар Шәкәрім жоғары колледжінің қызметімен танысып, директор Тоты Әбдікәрімовамен пікір алмасты.
Колледж басшысы білім беру бағдарламаларын кеңейту, дуальды оқыту, өндірістік тәжірибе және кәсіпорындармен серіктестікті күшейту бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Ортақ мақсат – ортақ толқын
Кездесу университеттің оқу базасында жалғасып, Networking форматында тәжірибе алмасу алаңына ұласты.
«Бір толқында» жүздесуі – жай ғана танысу емес, өңірлік университеттердің өзара қолдауын, ғылыми серіктестігін және ортақ болашаққа ұмтылысын көрсеткен маңызды басқосу болды.
Ғылым мен білімнің бір арнаға тоғысқан мұндай кездесулері жаңа идеялардың тууына, бірлескен жобалардың басталуына және университетаралық байланыстың нығаюына негіз болмақ.
Загрузка...



