Аймақтағы ғылым мен білім және өндірістің үндестігі
Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде ұйымдастырылған «Abai Science Fest» басқосуы аясында облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі жас ғалымдармен кездесті. Бұл іс-шараға Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University, Семей медицина университеті, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығы, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымдары қатысты, – деп хабарлады жергілікті атқарушы биліктің баспасөз қызметі.
Фестиваль аясында ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, агротехнология, медицина, жасанды интеллект, биотехнология, ядролық технологиялар, экология және тағам өндірісі бағытындағы инновациялық әзірлемелер таныстырылды. Сонымен қатар жас ғалымдардың ғылыми өнімдерінің көрмесі мен дегустация аймағы ұсынылды. Шәкәрім университетінің ғалымдары агротехнопарк, инженерлік және зертханалық жобаларын таныстырса, Семей медицина университетінің студенттері онкология, ЭКГ талдау және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жасанды интеллект негiзiндегi жобаларын көрсетті.
Ал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі атом энергетикасы, радиациялық технологиялар және өнеркәсіптік инновациялар саласындағы жұмыстарын ұсынды. Осы өңірдің аумағында бір жүз елу мыңнан астам жас тұрады. Бұл – жергілікті халықтың төрттен бір бөлігі. Облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде 40 мыңнан астам студент білім алса, ғылым саласында 830 жас ғалым мен зерттеуші еңбек етуде. Кездесуде аймақ басшысы өңірдің ғылыми әлеуетін күшейту, қолданбалы ғылымды дамыту және жастардың өңірде тұрақтап, ғылыммен айналысуына жағдай жасау мәселесіне ерекше тоқталды.
– Семей қаласының солтүстік бөлігінде өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту үшін жаңа Smart City ауданы аумағында арнайы заманауи «Ғалымдар үйі» салынатын болады. Осы орталықта облыс үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті зертханалар, заманауи құрал-жабдықтар және тиісті инфрақұрылым қарастырылады. Ғылыммен айналысатын жастардың алаңсыз еңбек етіп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Бірінші кезекте – баспана. Осы орайда қала әкіміне «Otbasy Bank»-пен бірлесіп, жас ғалымдар категориясын «Абай жастары» бағдарламасына қосуды тапсырамын. Жастар, сіздер өңіріміздің қоғамдық белсенді әрі зерделі азаматтары ретінде қоғамдық бірлестік құра аласыздар. Мұндай бастама көтерсеңіздер, Жастар саясаты басқармасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл ұйымды қаржыландырады. Сонда бүкіл өңірлік ғылымға қатысты сұрақтарды әкімдікпен, бизнеспен, ғылыми қауымдастықпен бірлесіп шешетін боласыздар, – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі өңірлік ғылымды дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырды. Жоспар жобасын қалыптастыру барысында жас ғалымдардың ұсыныстары ескерілетін болады. Және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбековке құжатты жас ғалымдармен бірлесіп жан-жақты талқылап, нақты ұсыныстар негізінде қабылдауды жүктеді.
Шәкәрім университетінің базасында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Abai Science Fest» ғылыми фестивалі – ғылым мен инновацияның жаңа тынысын айқындаған айтулы оқиға болды. Бұл фестиваль – ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, аймақтың экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде елдің қуаты табиғи байлықпен ғана емес, ғылым мен технологияның дамуымен өлшенетін кезеңде мұндай іс-шаралардың мәні тіпті тереңдей түскені мәлім, – деп хабарлады осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Фестиваль аясында жүзеге асырылып жатқан және аяқталған қолданбалы ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи зерттеулер мен инновациялық әзірлемелермен танысты. Көрмеде ядролық технологиялардан бастап медицина, азық-түлік өндірісі, экология, энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы тың жобалар ұсынылды. Мұның бәрі ғылымның тек теориялық ізденіс емес, нақты өндіріс пен қоғам игілігіне қызмет ететін қуатты күш екенін айқын аңғартты. Фестивальдің мазмұндық салмағын арттырған маңызды кездесулердің бірі облыс әкімі Берік Уәлидің жас ғалымдармен жүздесуі болды.
Кездесу барысында ғылымның қоғам дамуындағы рөлі, өңірлік ғылыми әлеуетті арттыру, жас зерттеушілерді қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласына ерекше назар аударып отырғанын атап өтіп, ғылымды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру қажеттігін айтты. Әкім өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі білім беру, ғылым және экономика арасындағы алшақтық екенін ерекше атап өтті. Аймақ жетекшісінің айтуынша, бизнес маман таппайды, түлектер жұмыс іздейді, ал ғылыми жобалар өндіріске жетпей қалып жатады.
Осы түйткілдерді шешу үшін облыстық «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» кешенді жоспары әзірленбек. Бұл бастама аясында қолданбалы ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру, коммерцияландыру, ғылымға инвестиция тарту және өндіріске енгізудің нақты жүйесі қалыптастырылмақ. Сондай-ақ ғылымды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде облыс орталығының солтүстік бөлігіндегі Smart City ауданында «Ғалымдар үйі» бой көтеретіні белгілі болды. – Осы орталық ғылыммен айналысатын жастардың түрлі ізденістерін ілгері дамыту барысында жеке әлеуетін толық ашуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл заманауи жоба – ғылымға бет бұрған кейінгі буын өкілдерінің арманын асқақтататын, тың идеяларына қоса зияткерлік қабілетін шыңдайтын ашық алаң болады, – деді ол.
Аймақ басшысының айтуынша, «Ғалымдар үйінде» жас ғалымдар еркін ізденіп, игі бастамаларын жүзеге асырып, ғылым көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алады. Облыс әкімі Берік Уәли жеткізген бұл сүйінші хабар залда отырған жас зерттеушілерге ерекше серпін берді. Ғылымға деген сенім мен үмітті арттырған жаңалықты олар зор ықыласпен, ыстық қошеметпен қарсы алды. Жиында жастарды қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі қала басшысына жас ғалымдарды «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасына енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар олардың алғашқы жарнасын облыстық бюджет есебінен қолдау тетіктері қарастырылатынын жеткізді. Бұл – ғылым жолын таңдаған жастарға көрсетілген нақты қолдаудың көрінісі. Кездесу барысында өңірде аграрлық ғылымды дамытуға да ерекше басымдық беріліп отырғаны айтылды. Әкім жуырда Шәкәрім университетінде қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуда университеттің қалыптасқан ғылыми мектебіне үлкен сенім артылатынын жеткізді. Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өз кезегінде аймақ басшысының көрсеткен сенімі үшін алғысын білдірді.
– Құрметті Берік Уәлиұлы! Баршамыздың туған жеріміз – Абай облысының даму жоспары туралы терең маңызды ақпаратыңыз үшін барша қатысушылар атынан алғыс білдіреміз. Жас ғалымдарды қолдаудағы бастамаларыңыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ғылым саласына берген нақты тапсырмаларының жергілікті деңгейде тиімді орындалуының жарқын көрінісі деп білеміз. Жас ғалымдар осындай қамқорлыққа лайықты нәтижелер көрсетіп, өңір игілігіне қызмет жасайды деп сенеміз. Жаңа өзіңіз айтқандай, тарихи дәстүрді жаңғыртып, Абай өңірі алдыңғы қатарлы ғылым ордасына айналсын! – деді ол.
Өңірдің жетекші ғылыми және білім беру ұйымдары белсене қатысқан ғылыми жобалар көрмесінде Шәкәрім университетінің ғалым-зерттеушілері бірқатар маңызды ғылыми жобаларын жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды. Атап айтқанда, Агросектор платформасы мен Агротехнопарк ауыл шаруашылығы бағытындағы инновациялық жобаларды ұсынса, Shakarim Lab орталығы пошта, қоршаған орта нысандары және тағам өнімдерінің химиялық құрамын зерттеу жұмыстарын көрсетті. Ал Инжиниринг орталығы материалдардың беткі қабатын плазмалық өңдеу және электролиттік-плазмалық модификациялау технологиялары бойынша жобаларын таныстырды.
Сонымен қатар Валоризация орталығы лигноцеллюлозалық жанама өнімдердің құндылығын арттыруға бағытталған биотехнологиялық шешімдерді ұсынды. Бұл жобалардың барлығы университет ғылымының тек академиялық деңгейде емес, өндірістік бағытта да дамып келе жатқанын көрсеткені даусыз. Ұлттық ядролық орталықтың реакторлық құрылғыларды құрастыру және сынау бөлімінің бастығы Нұржан Мұхамедов импульстік зерттеу реакторы бойынша жүргізіліп жатқан халықаралық ғылыми жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Жапония және Франция ғалымдарымен бірлесіп, төртінші буынды натриймен салқындатылатын реакторлардың қауіпсіздігі зерттелуде. Сонымен қатар материалтану зертханаларында реакторлық сәулеленуден кейінгі материалдардың беріктігі зерттеліп, АҚШ ғалымдарымен бірлескен жобалар аясында жоғары байытылған ядролық отыннан төмен байытылған уран отынына көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Фестиваль қонақтарының қызығушылығын тудырған жобалардың бірі – Семей медицина университетінің студенті Сернад Қалиев ұсынған JYREK-AI – «ЭКГ талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық технологияны әзірлеу» жобасы болды.
Электрокардиограмма нәтижелерін талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық технология медициналық диагностика сапасын арттыруға бағытталған заманауи шешім ретінде жоғары бағаланды. Фестивальдің басты ерекшелігі – ғылымды өндіріс қажеттілігімен ұштастыруға басымдық берілуінде. Себебі бүгінгі ғылыми жаңалық нақты нәтижеге айналып, өндірісте көрініс табуы тиіс. Осы мақсатта ұйымдастырылған фестивальде өңір экономикасының сұранысына бағытталған қолданбалы жобалар кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде облыс аумағында ғылыми экожүйені қалыптастыруға, инновациялық бастамаларды дамытуға және технологиялық серпіліске жол ашуға ықпал етеді.
Шәкәрім университетіндегі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Science Bridge: мектеп қабырғасынан – ғылымға» форумы өз мәресіне жетті. Бір ай көлемінде университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен мектеп оқушылары және студенттер бірлесіп, ғылыми ізденіс пен тәжірибеге негізделген жобалармен айналысты. Бұл бастама мектеп пен жоғары білім арасындағы байланысты нығайта отырып, жас буынның зерттеушілік қабілетін дамытуға жаңа мүмкіндік ашты. Форум аясында қатысушылар түрлі бағыттар бойынша өзекті ғылыми тақырыптарды зерттеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді.
Мысалы, «Семей қаласындағы ауыз судың химиялық құрамы» жобасы өңірдегі экологиялық ахуал мен ауыз су сапасын саралауға бағытталса, «Полиплоидты жемістерден ДНҚ-ны бөліп алу және полиплоидтылықтың ДНҚ мөлшеріне әсерін зерттеу» тақырыбы биотехнология мен генетика саласындағы ізденістердің маңызын көрсетті. Сонымен қатар білім беру бағытындағы «Мультфильмдердің көмегімен ағылшын тілін меңгеру» және «Ағылшын тілін үйренуде жасанды интеллект құралдарын қолдану: жоғары сынып оқушылары мен университеттегі бірінші курс студенттерінің тәжірибесі мен көзқарастарын салыстырмалы зерттеу» жобалары заманауи технологиялардың оқу үдерісіндегі тиімділігін дәлелдеді.
Басқосу барысында оқушылар ғылыми зерттеу әдістерін меңгеріп қана қоймай, тәжірибе жасап, деректерді талдау, нәтижені қорғау сынды маңызды дағдыларды игерді. Университет білім алушылары мен оқытушылары жас зерттеушілерге ғылыми жетекшілік жасап, олардың идеяларын нақты жобаға айналдыруға қолдау көрсетті. Осы ретте бірнеше жобаны толығырақ таныстырып көрмекпіз. №16 Төлеубай Аманов атындағы орта мектептің оқушысы Алина Саяхметованың Шәкәрім университетінің Инжиниринг орталығында жүргізілген жұмысы ионды-плазмалық азоттау температурасының болат бетінің қасиеттеріне әсерін зерттеуге арналған.
Алина мен оның командаластары әртүрлі температуралық режимдерді қолданып, беткі қабаттың микроқаттылығы, кедір-бұдырлығы, коррозиялық төзімділігі мен микроструктуралық өзгерістерін анықтаған. Бұл жұмыс барысында олар заманауи құрылғылармен танысып, ғылыми тәжірибе жинақтады. Алинаның айтуынша, бұл құрылғылар зерттеудің дәлдігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік берген. Олардың көмегімен әрбір температуралық режимнің нәтижелерін егжей-тегжейлі талдап, болаттың беткі қабатындағы өзгерістерді нақты анықтауға қол жеткізген.
№26 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары «Білім беру 2D симуляциясында өсімдіктердің өсуін модельдеу» жобасын іске асырды. Өсімдіктердің өсуін екі өлшемді (2D) модельдеуге арналған кейс-жоба барысында мектеп оқушылары, студенттер мен ғалымдар өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарды. Олар өсімдіктердің даму кезеңдерін зерттеп, өсу динамикасын екі өлшемді графикалық модель арқылы бейнелеу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар Қалибек Әмина, Маржан Аманжанқызы, Әлихан Рахимбековтер таныстырған «Arduino платформасында бағдарламаланған автономды ақылды жылыжай кешені: бақша дақылдарының өсуін модельдеу және симуляциялау» тақырыбындағы жоба да үлкен қызығушылық тудырды.
Arduino негізіндегі ақылды жылыжай өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай жасай отырып, ауыл шаруашылығын автоматтандыруға бағытталған. Жобаның ресурстарды үнемдеу, шығындарды азайту, интернет технологияларын біріктіру секілді жаңашылдығы бар. Жүргізілген тәжірибелер оқушылардың ғылыми зерттеудің қыр-сырын тереңірек түсінуіне ықпал етіп, болашақта осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыруға деген ынтасын арттырды. «Science Bridge: мектеп қабырғасынан – ғылымға» форумы қатысушыларының жұмыстарын университет ғалымдарынан құралған комиссия бағалады.
Комиссия шешімімен «Ионды-плазмалық азоттау температурасының болат бетінің қаттылығына әсерін зерттеу» жобасы бірінші орынға лайық деп танылса, «Балқытып қаптау режимі параметрлері мен жылу берудің қапталған қабаттың қалыптасуына әсерін зерттеу» жобасы екінші орынды еншіледі. Ал үшінші орынды «Arduino платформасында бағдарламаланған автономды ақылды жылыжай кешені: бақша дақылдарының өсуін модельдеу және симуляциялау» жобасының жас зерттеушілері иеленді. «Science Bridge» форумы – мектеп қабырғасындағы жас талаптың ғылым әлеміне жасаған алғашқы нық қадамы. Бұл жоба ғылымға қызығатын оқушылардың әлеуетін ашып, болашақ зерттеушілер мен ғалымдардың қалыптасуына жол ашатын маңызды бастама ретінде ерекшеленді.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...




