Конституциялық құндылықтарды қалыптастыру және ілгерілету
«AMANAT» партиясының жергілікті филиалы мен қала әкімдігі, техникалық колледж білім басқармасының қолдауымен «Білім беру мекемелерінде конституциялық құндылықтарды қалыптастыру және ілгерілету» тақырыбындағы форум ұйымдастырды. Бұл басқосудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық санасын дамыту, білім беру жүйесінде конституциялық құндылықтарды дәріптеу, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталған еді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Абзал Құспан және Ислам Сұңқар, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, сондай-ақ қоғам қайраткері, кәсіпкер Дәулет Тәңірберген, Астана халықаралық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ләзат Нұрсұлтанова, ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Динар Нөкетаева бастаған құрметті қонақтарға қоса елордалық педагогтер қауымдастығы мен білімгер жастардан құралған үш жүзден астам адамның назарына түрлі тақырыпта баяндамалар ұсынылды.
Келелі кеңеске арнайы шақырылған аға буын өкілдері өскелең ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, конституциялық құндылықтарды терең меңгерту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелеріне кеңінен тоқталып, тағылымды тәрбие мен заңнамалық сауаттылықты жетілдіру бағытындағы бірегей бастамалардың маңыздылығын айрықша атап айтты. Бұл кезекті шараның білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті нығайтуға және конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында жасалған маңызды қадам болғандығы даусыз.
– Форум негізінен жаңа Конституцияның негіздерін, олардың мазмұнын жалпы жастардың арасында насихаттау, жеткізу. Бұл жердегі негізгі мақсат – құқықтық тәрбие. Қазір қоғамда, барлығымыз көріп отырмыз, құқықтық мәдениеттің кей салаларда жетіспей жатқандығын. Жалпы халықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз осы тек адамдардың құқықтарын ғана емес, жауапкершіліктерінің де негізін қалыптастырған. Құқықтық тәрбие, ең алдымен, отбасынан басталады. Сол себепті құқықтық білім беру барысында баланың жас ерекшелігін ескеру – ең басты талаптардың бірі, – деді алғашқылардың бірі ретінде («Құқықтық тәрбие – жауапкершілік негізі»: Еркіндік пен жауапкершілік тепе-теңдігін бала санасына сіңіру әдістері» негізінде) сөз сөйлеген сенатор Амангелді Ғабдылкәрімұлы.
– Үйдегі ережелер мен ортақ жауапкершілік балада тәртіптік сезімін қалыптастырып қана қоймай, оның өзіндік жауапкершілік деңгейін арттырады. Отбасы – баланың тұлғалық қалыптасуындағы ең маңызды институттардың бірі. Ата-ананың тәртібі, мінез-құлқы және сөздерінде бірізділік болуы бала үшін басты үлгі. Егер ата-ана өз іс-әрекеті арқылы жауапкершілік пен тәртіпті көрсетсе, бала да соны қайталайды. Оған қоса мектептің де осы мәселеде зор маңызы бар. Өйткені бала алғашқы әлеуметтік тәжірибесін дәл осы ортада алады. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, тәртіп – мектеп табалдырығынан басталады. Сондықтан мектеп балаларға білім беріп қана қоймай, қоғамдық ортаға бейімделуге үйретеді.
Еркіндік – адамға таңдау жасау құқығын қамтамасыз ететін маңызды әрі іргелі құндылықтардың бірі саналады. Еркіндік адамның жеке дамуына кең мүмкіндік береді. Алайда кез келген еркіндік жауапкершілікпен толықтырылғанда ғана өзінің шынайы мәнінде болады және қоғам үшін пайдалы сипат алады. Егер бала өз іс-әрекетінің салдарын түсінбесе, онда еркіндік шектен шығуға да әкелуі мүмкін. Сондықтан бала өз әрекеттерінің нәтижесін түсініп, оның салдарына жауап беруді үйренгенде ғана еркіндікке саналы түрде әрі жауапкершілікпен қарай бастайды.
Мұрат Абдуламитұлы халық қалаулысы ретінде («Қоғамдық кеңестер – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің институционалдық негізі» – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамытудағы тәжірибесімен бөлісу» тақырыбында) жаңа Конституцияда адами капиталға басты басымдық берілгенін, сонымен қатар білім мен ғылымды, инновацияны ілгерілету жағы да заңмен бекітілгеніне екпін түсірді. Мұхаммед Әбдіәшімұлы беделді партияның жергілікті ұйымының жетекшісі ретінде жастарға білім беру ісінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген астаналық ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, ол азаматтық сананы қалыптастыратын басты құндылықтар жүйесі. Сондықтан конституциялық мәдениет, ең алдымен, білім беру кеңістігінде қалыптасуы тиіс.
– Еліміздің ертеңін айқындаған тарихи бетбұрыс жасадық. Біз биыл осы реформа арқылы ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжатты бекіттік. Яғни, бұл құжаттың маңызды қадамы – білім, ғылым, инновация айқын көрініс тапты. Әрине, референдум тәжірибесі жастар үшін ерекше саяси мектепке айналды. Жас буын тек бақылаушы емес, ел болашағына әсер ететін шешімдердің қатысушысы екенін сезінді деген ойдамыз. Әрине, референдум тәжірибесі жастар үшін ерекше саяси мектепке айналды. Жас буын тек бақылаушы емес, ел болашағына әсер ететін шешімдердің қатысушысы екенін сезінді деп ойлаймыз, – деді ол «Сайлау мәдениеті»: Жастар арасында саналы дауыс беру мен саяси жауапкершілікті тәрбиелеу» тақырыбында.
– Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет, инновация мемлекеттік дамудың бағдары ретінде бекітіледі. Бұл дегеніміз – білім саласы алғаш рет тек әлеуметтік міндет емес, сонымен қатар еліміздің басым бағыты ретінде айқындалады. Яғни, болашақта біз еліміздің жетістігін пайдалы қазбалармен емес, адами капиталдың жетістігімен өлшейтін боламыз деген сөз, – деді ҚР Парламентінің депутаты Ислам Еркінұлы («Жаңа Конституция және білім беру»: Саланың мемлекеттік саясаттағы басымдықтары» тақырыбындағы баяндамасында). Қоғам белсендісі, кәсіпкер әрі меценат, «Серпін Экспо» компаниясының директоры Даулет Дулатұлы Конституциялық құндылықтар тек қағаздағы заң емес, бұл әрбір азаматтың жауапкершілігі мен отаншылдық рухы болуы тиістілігіне тоқталды.
– Әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта Мемлекет басшысы білім мен дипломатияның, яғни парасатты саясаттың үлгілі ынтымақты әрі бітімгерлік жолымен еліміздің тұрақтылығын сақтап отыр. Ал Конституциямызға енгізілген соңғы реформалар – бұл қарапайым халықтың, әсіресе, сіздердің, яғни жастардың болашағын қорғайтын данышпандық шешім. Біз – ұлттық мүддені бизнеспен, білімді тәжірибемен ұштастыра отырып, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі жасампаз мемлекетке айналдыруымыз керек, – деді ол сөзінің соңында («Экспо-технологиялар және жас мамандарды еңбекке баулу»: Инновациялық ортада жастардың шығармашылық еркіндігін жүзеге асыру мүмкіндіктері» бойынша).
Абзал Темірғалиұлы («Адвокат – конституциялық құқықтардың кепілі»: Білім алушыларға білікті заң көмегін алу құқығын түсіндіру әдістемесі» бойынша); Ләззат Нұрбайқызы өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры ретінде («Академиялық еркіндік пен ғылыми шығармашылық»: Жаңа Ата Заңдағы инновациялық даму кепілдіктері» тақырыбында) және Maqsut Narikbayev University-дің профессоры Әлия Әлкенқызы Оразбаева («Цифрлық дәуірдегі құқықтар»: Білім беру үдерісіндегі дербес деректерді қорғаудың конституциялық негіздері» негізінде) пайымды пікірлерін білдіріп, оралымды ойларын ортаға салды.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...



