Заманауи оқу-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев өткен аптада Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларымен бірге Мемлекет басшысының қолдауымен салынған, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының ашылу рәсіміне қатысты.
Оқу жылы аяқталуға жақын қалғанда оқушылар демалысын тиімді ұйымдастыру үшін іске қосылған орталық Президент саябағы аумағында орналасқан. Құрылысы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған болатын. Бүгінде өңірде 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Олар жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін кешенді жұмыс жоспарланған. Биыл бір жүз жетпіс мыңнан астам жеткіншек тынығу лагерьлеріне, 150 мыңға жуығы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады.
Өңірде жеті лагерь жұмыс істейді. Рәсімде аймақ жетекшісі жаңа орталық жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, демалысына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды жоба екенін атап айтты. – Президент саябағы аумағында Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығын ашып отырмыз. Он миллиард теңгеге салынған жаңа нысанның материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. Үш жүз орындық орталық аумағында бес мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ бар, – деді ол.
– Заманауи кешеннің кең аумағында 4 жайлы жатақханаға қоса қонақүй үлгісіндегі ғимарат орналасқан. Сонымен қатар балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен заманауи жабдықтар орнатылып, демалыс аймақтары жасақталды. Алдағы уақытта он жеті мыңнан астам шаршы метр аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отырған бұл орталық – Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту.
Оқу-сауықтыру орталығының басты ерекшелігі – қасында заманауи стандарттарға сай Ботаникалық бақтың болуы. Мұнда балалардың экологиялық білімін жетілдіруге және өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсіндіруге бағытталған оқу-танымдық жұмыстар жүргізіледі. Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Қытайдан әкелінген өсімдіктер өсіріледі. Президент саябағы аумағы да Қызылордадағы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындары біртіндеп бой көтеріп келеді.
Оқу-сауықтыру орталығы – мұндағы іске қосылған алғашқы нысан. Кейінгі жылдары аймақта Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен екі жүзге жуық әлеуметтік нысан салынғаны белгілі. Бір ғана білім беру саласында 43 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы он мектеп, физика-математика бағытындағы «Білім-Инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы, «Оқушылар сарайы» және «Сыр жұлдыздары» академиясы бар.
Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жас жеткіншектердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етіп жатыр. Рәсімде Мұрат Абдуламитұлы, Руслан Рүстемұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйледі. Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар қауымы, жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңа саябақтың аумағында заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, биіктігі елу метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орналасқан. Жалпы көлемі отыз бір гектарды құрайтын аумаққа екі мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және он жеті түрлі көпжылдық гүл егілген. Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда алты гектарында үш жүз орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектар аумаққа Ботаникалық білім беру орталығы, 8,2 гектарға тоғыз қабатты он бес тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар екі жүз төсектік жаңа перинаталдық орталық, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы қарқынды жүруде. Балалар тынығу лагері жеткіншектерді саламатты ортада тәрбиелеуге арналған. Лагерь спорт кешені, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған event-аймақ, бес киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдары және амфитеатрдан тұрады, жыл он екі ай қызмет көрсетеді.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...
