Еліміздегі жоғалып бара жатқан мамандықтар қалай сақталады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазіргі оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, нарықтағы мамандықтардың өзі трансформацияланып үлгереді. Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» ұйымы президентінің кеңесшісі Қадырбек Бөрібекұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында болашақтың мамандықтары, құрылатын жаңа Ұлттық орталық және халықаралық тәжірибенің тиімділігі туралы маңызды ақпаратпен бөлісті, – деп хабарлайды салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Елімізде кейінгі жылдары кәсіптік-техникалық білім беру саласына мемлекеттік деңгейде үлкен басымдық беріліп келеді. Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы да осы стратегиялық бағыттың жалғасы. Өйткені білікті жұмысшы күшісіз отандық өндірісті ілгерілету мүмкін емес. Сол себепті биылғы жылғы ақпан айының 11-і күні ұйымдастырылған ел Үкіметінің кезекті кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы маман даярлау ісін түбегейлі өзгертетін жаңа құрылым құруды тапсырған еді.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент үкіметке мамандарды трансформациялайтын арнайы Ұлттық орталық құру туралы тапсырма берді. Қазір бұл міндет үш бірдей ведомствоға – Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне жүктелген. Президент бұл орталық еліміздегі үлкен бизнес өкілдерімен және ірі компаниялармен консорциум жасау арқылы құрылуы керек деп нақтылады. Заң бойынша консорциум заңды тұлға болмағанымен, ол – еліміздің экономикасын дамытып отырған алпауыт кәсіпорындардың басын біріктіріп, үлкен стратегиялық жобаларды бірлесе шешудің тиімді тетігі, – деді отандық техникалық және кәсіби білім беру саласының сарапшы маманы Қадырбек Бөрібекұлы.

Тәжірибелі аға буын өкілінің айтуынша, жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде мұндай орталықтың құрылуы кәсіпорындардың өзі үшін де үлкен қажеттілік. Өйткені, нарыққа қандай маман керек екенін білім ордалары емес, тапсырыс беруші өндіріс орындарының өзі айтуы тиіс. Бүгінде отандық жастардың да таңдауында айтарлықтай өзгеріс бар. Гуманитарлық бағыттарға қарағанда, техникалық мамандықтарға деген қызығушылық еселеп артқан.

Елімізде жаңадан ашылып жатқан автокөлік зауыттары, ірі құрал-сайман шығаратын өндіріс орындары жастар үшін жоғары жалақы мен жақсы әлеуметтік жағдай ұсынып отыр. – Бұл құрылатын орталық, бірінші кезекте, технологияның әсерінен жоғалып кетуі мүмкін мамандықтарды уақытылы трансформациялап, оларды еңбек нарығында жаңа сапада сақтап қалумен айналысады. Білім беру мен өндіріс арасындағы алшақтықты жойып, кадрларды заман ағымына сай даярлаудың жаңа моделін қалыптастырады, – деді ол сөзінің соңында.

Аружан РАУАНҚЫЗЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий