Балалық шақ – елдің стратегиялық капиталы
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке көпшілік үшін балалардың шат күлкісімен, түрлі мерекелік шаралармен және көтеріңкі көңіл-күймен астасып жатады. Алайда оның мәні бұдан әлдеқайда терең. Өйткені бұл күн қоғамға балаларға қамқорлық жасау тек бүгінгі күннің міндеті ғана емес, мемлекеттің болашағын айқындайтын маңызды стратегиялық таңдау екенін еске салады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, балалардың жан-жақты әрі үйлесімді дамуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып саналады. Бүгінде баланы ерте жастан бастап дамыту адами капиталды қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде мемлекеттік деңгейде қарастырылып отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында баланың өмірінің алғашқы кезеңінен бастап толыққанды дамуына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілген.
Бұл ұстаным әлемдік үрдістермен де толық үндеседі. Бүгінде Финляндиядан бастап Германияға, Канададан Сингапурға дейін дамыған мемлекеттердің пікірі ұқсас: ерте балалық шаққа салынған инвестиция – мемлекеттің болашағына салынған ең тиімді инвестициялардың бірі. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру тек мектепке даярлық кезеңі ретінде емес, қоғам мен экономиканың дамуына ұзақ мерзім ықпал ететін адами капиталдың берік іргетасы ретінде бағаланады.
Бұл қағида Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің де негізіне айналған. Оның маңызын әсіресе күн сайын балалармен жұмыс істеп, олардың тұлға болып қалыптасу жолын жіті бақылап жүрген мамандар жақсы түсінеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында бұл заңдылық күн сайын айқын көрініс табады. Өйткені дәл осы мектеп жасына дейінгі кезеңде баланың білуге құштарлығы, дербестігі, бастамашылдығы және қоршаған әлемге деген қызығушылығы байқала бастайды. Ал мұндай қасиеттер оның алдағы білім алу жолына ғана емес, тұлға болып қалыптасуына да тікелей әсер етеді. Сонымен қатар отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықтың да маңызы зор. Тәжірибе көрсеткендей, баланың жан-жақты дамуына ең қолайлы орта ата-ана мен педагогтердің ортақ мақсат жолында бірлесіп әрекет етуі арқылы қалыптасады.
Әдетте инвестиция туралы сөз қозғалғанда технология, өнеркәсіп немесе инфрақұрылым салалары аталады. Алайда көптеген зерттеу бойынша мемлекет үшін ең тиімді инвестиция ерте жастағы балалық шаққа бағытталатынын көрсетіп отыр.
Адамзат бұл кезеңнің айрықша маңызын бүгінгі ғылыми зерттеулер мен халықаралық рейтингтер пайда болмай тұрып-ақ түсінген. Белгілі педагогтер Мария Монтессори мен Фридрих Фребель балалардың даму ерекшеліктерін бақылау арқылы осы тұжырымға келген. Ал психологтар Лев Выготский мен Жан Пиаже тұлғаның қалыптасуы, ойлау қабілеті мен танымдық белсенділіктің даму заңдылықтарын зерттеу нәтижесінде дәл осындай қорытынды жасаған. Экономистер де білімнің қоғам әл-ауқаты мен мемлекеттердің экономикалық өсіміне әсерін саралай отырып, осы пікірді қуаттады.
Ғылыми көзқарастар мен зерттеу тәсілдері әртүрлі болғанымен, олардың барлығы бір ортақ тұжырымға келді: адам өмірінің ең алғашқы жылдары оның болашақ тағдырына ең үлкен ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы директоры Гүлшат Онланбекқызының айтуынша, ерте балалық шақтың маңызы педагогтердің күнделікті тәжірибесінде ғылыми зерттеулер мен статистикалық деректерде көрініс таппай тұрып-ақ байқалады.
«Әрбір бала бұл өмірге білуге, зерттеуге және таңғалуға деген ерекше құштарлықпен келеді. Ал ересектердің ең маңызды міндеттерінің бірі сол танымға деген қызығушылықты мүмкіндігінше ұзақ уақыт сақтап қалу», – дейді ол.
Бүгінде бұл пікір педагогикалық тәжірибемен ғана емес, ғылыми зерттеулермен де дәлелденіп отыр. Экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Хекманның зерттеулері адам өмірінің алғашқы бес жылы оның дамуы үшін шешуші кезең екенін көрсетті.
Ғалымның зерттеулеріне сәйкес баланың өмірінің алғашқы жылдарына салынған инвестицияның қайтарымы 13 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне мұндай инвестициялардың ұзақ мерзімді тиімділігі кәсіптік білім беру кезінде бағытталған салымдардың нәтижесінен үш есе жоғары.
Сарапшылар ерте жаста еленбеген қателіктердің салдары тек жеке адамның тағдырына ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикасына да әсер ететінін айтады. Зерттеушілердің бағалауынша, балалардың ерте жастан бастап даму мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеу жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 3-тен 7 пайызға дейін төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ерте жастан бастап дамудың ұзақ мерзімді тиімділігін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері де растайды. PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кемінде екі жыл барған оқушылардың оқу жетістіктері жоғары және өз мүмкіндіктеріне көбірек сенімді болады екен.
Бұл көрсеткіштер мектепке дейінгі сапалы білім беру тек академиялық білімнің негізін қалап қана қоймай, баланың дербестігін, мәселелерді шеше білу қабілетін, ойлау икемділігін және өмір бойы білім алуға деген дайындығын қалыптастыратынын аңғартады.
Зерттеулер саны артқан сайын бір ақиқат айқындала түсуде: балалық шаққа салынған инвестиция бүгінгі шығын емес, ертеңгі қоғамның сапасына қосылған үлес.
Дегенмен, сан түрлі статистика мен зерттеулердің, рейтингтер мен мемлекеттік стратегиялардың ар жағында осы оқиғаның басты кейіпкері – бала. Сол бала үшін даму бағдарламалары әзірленіп, балабақшалар салынып, ұзақ мерзімді шешімдер қабылданады.
Ересектер үшін балалық шақ көбіне белгілі бір тәртіппен өрілетін күнделікті маршрутқа айналып кетеді: балабақша, түрлі үйірмелер, қосымша сабақтар, мектепке дайындық, белгіленген кесте. Ал баланың өз әлемі мүлде басқаша.
Ол адами капиталдың не екенін де, мемлекеттік стратегиялардың мәнін де білмейді. Оның әлемі күн сайынғы жаңалықтардан, әсерлі сәттерден, алғашқы өз бетінше қабылданған шешімдерден, жаңа достардан және кейде ересектердің өзі бірден жауап бере алмайтын сансыз сұрақтардан тұрады.
Дәл осындай сәттерден баланың дүниеге деген қызығушылығы оянады. Ал сол қызығушылықпен бірге үйренуге, зерттеуге, жаңалық ашуға және алға ұмтылуға деген құлшыныс қалыптасады.
Бір қызығы, балалардың өзі бақыт ұғымына ересектерге қарағанда әлдеқайда қарапайым қарайды. Егер олардан: «Күнің жақсы өту үшін не керек?», – деп сұрасаңыз, жауаптары таңғаларлықтай қарапайым болып шығады.
«Анам мені бәрінен бұрын алып кетсе», «Әкем менімен бірге машина ойнаса», «Отбасымызбен бірге серуендеуге шықсақ».
Бұл сөздерден жетістік, рейтинг немесе табыс туралы әңгіме таппайсыз. Балалар өз әлемінің ең басты құндылықтарын айтады. Ол – сүйіспеншілік, қамқорлық, қауіпсіздік, достық және дәл осы сәттегі бақыт сезімі.
Мұндай жауаптар ересектерге тым қарапайым болып көрінуі мүм-ін. Алайда дәл осы сөздердің астарында ешқандай статистикамен өлшеуге келмейтін құндылықтар жатыр. Олар – қорғаныш сезімі, жақындарының ықыласы, ойын ашық айту мүмкіндігі және өзін жақсы көретініне деген сенім.
Балалардың бақыт көзі деп атайтын дүниелері – жақындарының ықыласы, қолдауы мен қауіпсіздік сезімі – олардың болашақ дамуының берік негізіне айналады. Өйткені адамның өзіне деген сенімі, білім алуға деген ынтасы және әлемге деген сенімі тек алған білімнен ғана емес, мейірім мен қамқорлықтан да бастау алады.
Гүлшат Онланбекқызының айтуынша, балаларды күн сайын бақылау олардың дамуына шын мәнінде не әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
«Біз балаларға нені үйрету керек деген мәселені жиі айтамыз. Алайда олар бұл өмірге ала келген ең құнды қасиеттер: білуге құштарлықты, ашықтықты, сенімді және қоршаған әлемге деген шынайы қызығушылықты сақтап қалудың да маңыздылығы ешнәрседен кем емес. Бұл тек педагогтердің ғана міндеті емес. Ең жақсы нәтижеге балабақша мен отбасы серіктес болып, баланың дамуын, бастамашылдығын, өзіне деген сенімін және танып-білуге қызығушылығын бірлесе қолдаған кезде қол жеткізуге болады», – дейді ол.
Мектепке дейінгі білім беру саласының мамандары үшін бұл тұжырымдар ғылыми зерттеулердің ғана нәтижесі емес, күнделікті тәжірибенің ажырамас бөлігі. Олар мұны әр баланың алғашқы сауалынан, өз бетінше әрекет етуге деген талпынысынан, жаңалық ашқандағы қуанышынан және өз ойын тыңдатуға деген ұмтылысынан күн сайын байқайды.
Сондықтан педагогтер үшін балалық шаққа инвестиция салу мәселесі тек ғылыми еңбектер мен мемлекеттік стратегиялардың тақырыбы ғана емес, кәсіби қызметтің күнделікті мазмұнына айналған.
«Балалар күрделі міндеттерден қорықпайды. Олар сұрақ қояды, әрекет етеді, қателеседі және қайтадан талпынып көреді. Олар үшін ең маңыздысы – ересектердің қолдауын сезіну, өздерін тыңдайтынына және түсінетініне сену. Сондықтан заманауи мектепке дейінгі білім беру тек білім берумен шектелмей, баланың өзін еркін сезінуіне, бастама көтеруіне және өз жаңалықтарын ашуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруы тиіс», – дейді Гүлшат Онланбекқызы.
Бәлкім, бүгінгі балабақша тәрбиеленушілерінің бірі жиырма жылдан кейін жаңа технологиялар жасап шығар, адам өміріне араша түсер дәрігер болар, қалалар тұрғызып, ғылымды дамытар немесе мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдар. Қандай мамандық иесі болса да, қоғамға өз ісінің білгірі, жауапты азамат, ел игілігі үшін еңбек ететін әрі өзгеге құрметпен қарайтын тұлғалар әрдайым қажет.
Ал бүгін ол жай ғана өсіп келеді. Сансыз сұрақ қойып, армандап, достасып, айналасындағы әлемді танып-біліп жүр. Осы жолда ересектердің өзіне әрдайым қолдау көрсететініне сенеді.
Сондықтан балаларға қамқорлық жасау – қоғамның өз болашағына жасай алатын ең маңызды инвестициясы. Өйткені Қазақстанның болашағы біз ойлағаннан әлдеқайда ертерек басталады.
Ол балалық шақтан басталады.
Загрузка...








