ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Білімді ел – Образованная страна» газетінің ұжымын құттықтады

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек республикалық білім беру қоғамдық-саяси «Білімді ел – Образованная страна» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанованы салтанатты қабылдады.

Кездесу барысында министр басылым ұжымының ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеуге, жүзеге асырылып жатқан реформаларды жан-жақты әрі объективті жариялауға, қазақстандық ғылымның, жоғары оқу орындарының және академиялық қауымдастықтың жетістіктерін кеңінен насихаттауға қосып отырған елеулі үлесін жоғары бағалады.

Білім мен ғылым саласындағы өзгерістерді жүйелі түрде жариялап, көпжылдық жемісті еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және белсенді ақпараттық қызметі үшін «Білімді ел – Образованная страна» газетінің ұжымына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хаты табысталды.

Сондай-ақ газеттің бас редакторы Ләззат Түркістанова мемлекеттік тілдің дамуына, отандық журналистика мен еліміздің ақпараттық кеңістігінің өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.

Бұл марапаттар 12 жылдан бері педагогикалық, ғылыми және академиялық қауымдастықтың сенімді ақпараттық алаңына айналған «Білімді ел – Образованная страна» газеті редакциясы қызметінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі болды. Редакция ұжымы үшін бұл – атқарылған еңбектің мойындалуы ғана емес, жаңа медиажобаларды жүзеге асыруға, кәсіби ізденісті жалғастыруға және мемлекет пен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етуге берілген үлкен серпін.

Кәсіби мерекемен құттықтаған Саясат Нұрбек журналистерге адал еңбегі, кәсіби жауапкершілігі мен объективті ұстанымы үшін ризашылығын білдірді. Ол газет ұжымына шығармашылық табыс, мазмұнды жарияланымдар, жаңа идеялар, талантты авторлар, табысты жобалар және отандық білім беру бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы көшбасшылық орнын одан әрі нығайта беруге тілектестік білдірді.

Бүгінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білім сапасын арттыруға, отандық ғылымды дамытуға, Қазақстанды әлемдік білім кеңістігіне кіріктіруге және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға бағытталған ауқымды реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде әлемнің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, қазақстандық жастарға елден шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар ғылыми инфрақұрылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға, инновацияларды енгізуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.

Аталған маңызды реформалар, жаңа бастамалар, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, оқытушылардың, ғалымдар мен студенттердің жетістіктері республикалық «Білімді ел – Образованная страна» газетінің беттерінде, bilimdinews.kz ақпараттық порталында, редакцияның әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ ғылым, білім, мәдениет және қоғамның өзекті мәселелері талқыланатын SHAKARIM подкаст студиясында тұрақты әрі жан-жақты насихатталып келеді.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий