«Білімді ел – Образованная страна» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова «Құрмет» орденімен марапатталды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 23 маусымдағы Жарлығымен республикалық білім беру қоғамдық-саяси «Білімді ел – Образованная страна» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл жоғары мемлекеттік награда – отандық журналистикадағы көп жылғы адал еңбектің, білім беру журналистикасын дамытуға қосқан елеулі үлестің, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдау, ағартушылықты дамыту және еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру жолындағы жемісті қызметтің лайықты бағасы.
Ләззат Түркістанова 2014 жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп келе жатқан республикалық білім беру қоғамдық-саяси «Білімді ел – Образованная страна» газетінің негізін қалаушы әрі бас редакторы. Мемлекеттік наградаларды салтанатты табыстау рәсімі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өтті. «Құрмет» орденін табыстау барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Ләззат Түркістанованың отандық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесін және білім беру саласында сапалы ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жолындағы көп жылғы еңбегін ерекше атап өтті.
Ол «Білімді ел – Образованная страна» газетінің қызметі ұзақ жылдар бойы педагог мамандығын кеңінен насихаттауға, білімнің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, отандық үздік білім беру тәжірибелерін дәріптеуге және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформаларды жан-жақты түсіндіруге ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.
Министрдің бірінші орынбасары Мемлекет басшысы жүзеге асырып отырған ауқымды жаңғырулар жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық сенімді нығайтуда, оқу мәдениетін дамытуда, ағартушылық құндылықтарды ілгерілетуде және зияткер ұлт қалыптастыруда аса маңызды рөл атқаратынын ерекше айтты.
Редакция ұжымын жоғары мемлекеттік наградамен құттықтаған Қанат Ысқақов газетке алдағы уақытта да қарқынды даму, жаңа шығармашылық жобалар, кәсіби табыстар және отандық білім беру бұқаралық ақпарат құралдарының қатарындағы көшбасшылық ұстанымын сақтап қалуына тілектестік білдірді.
Газет редакциясының ұжымы үшін бұл – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Біз бұл марапатты 12 жылдан бері Қазақстанның педагогикалық қауымдастығына арналған сапалы кәсіби басылымды шығару жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан шығармашылық ұжымның қызметіне берілген жоғары баға деп қабылдаймыз.
Осы жылдар ішінде басылым бірегей медиажобаға айналды. Отандық медиа-нарыққа жүргізілген талдау бүгінде бұл Қазақстандағы білім мен ғылым жүйесінің дамуын жан-жақты жариялап, білім беру, тәрбие, цифрландыру, адами капиталды дамыту және оқырман ұлт қалыптастыру бағытындағы ҚР Президентінің мемлекеттік реформалары мен бастамаларын жүйелі түрде қолдайтын, дәйекті редакциялық саясат ұстанатын жалғыз мамандандырылған апталық білім беру газеті екенін көрсетеді.
Он екі жыл ішінде газет педагогикалық, ғылыми және академиялық қауымдастықтың зор беделі мен сеніміне ие болды. Басылым беттерінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, жетекші мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметі, халықаралық білім беру жобалары мен үздік педагогикалық тәжірибелер туралы материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді.
Бүгінде «Білімді ел – Образованная страна» – газеттің баспа және электрондық нұсқаларын, bilimdinews.kz ақпараттық порталын, әлеуметтік желілердегі парақшаларын, сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет және қоғамды дамыту мәселелерінің өзекті тақырыптары талқыланатын SHAKARIM шығармашылық подкаст студиясын біріктіретін заманауи білім беру медиаресурсы.
Редакция ұжымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа еңбегімізге берілген жоғары баға, көрсетілген сенім және отандық журналистика мен білім беру саласын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдау мен назар үшін шынайы ризашылығын білдіреді.
Біз алдағы уақытта да өз оқырманымызға адал әрі кәсіби қызмет етіп, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты қолдауды, еліміздің үздік педагогтері, қазақстандық ғылым мен жастардың жетістіктері туралы кеңінен ақпарат таратуды жалғастыра отырып, оқу мәдениетін, ағартушылықты дамытуға және Қазақстанның зияткерлік болашағын қалыптастыруға өз үлесімізді қоса береміз.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...

