Дарынды балаларға арналған заманауи білім беру кеңістігі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин мамыр айының 28-і, яғни өткен аптаның бейсенбі күні онлайн форматта «Сириус – Қазақстан» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты. Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, «Сириус» федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды.

«Сириус – Қазақстан» жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр. «Сириус» моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды. Жобаның мақсаты – дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару. Білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – дарынды балаларды ерте анықтау және олардың әлеуетін жан-жақты дамыту.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі осы бірлескен жоба. Бұл ізгі іс талантты оқушыларды қолдаудың тиімді экожүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ ғылым мен технология саласына қызығушылығы жоғары жастардың қабілетін дамытуға бағытталған. «Сириус – Қазақстан» жобасы екі мемлекет басшыларының ортақ мақсаттағы бірлескен тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Негізгі мақсат – білім сапасын арттыру, қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейту және адами капиталды дамыту.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жоба аясында білім беру мазмұны заманауи талаптарға сәйкес ұйымдастырылатынын айтады. – Атап айтқанда, математика, жаратылыстану ғылымдары, инженерия, робототехника, жасанды интеллект және жобалық-зерттеу қызметі бағыттарына басымдық беріледі. Бұл оқушылардың тек теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың зерттеу дағдылары мен практикалық құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол республикалық беделді басылымға жариялаған мазмұнды мақаласында. Және сонымен қатар жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше назар аударатынын айрықша атап айтты.

– Оқу бағдарламаларына «Домбыра», «Ұлттық өнер», «Ұлттық спорт» курстары және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке құрметін арттырып, заманауи білім мен ұлттық тәрбиені үйлестіруге жағдай жасайды, – деді Майра Тұрғанбайқызы. Жобаның маңызды бағыттарының бірі – педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін күшейту. – Педагогикалық құрамның сексен пайызы қазақстандық мамандарды құрайды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені енгізу және «Талант және табыс» қорының біліктілікті арттыру бағдарламаларын пайдалану көзделіп отыр. Бұл отандық білім беру жүйесіне озық тәжірибелерді тиімді енгізуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

«Сириус – Қазақстан» жобасы «Сириус» федералдық аумағымен және «Талант және табыс» қорымен ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылады. Бұл әріптестік байланыс дарынды балалармен жұмыс істеудің үздік тәжірибелерін енгізуге, білім беру әдістемелерін жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Вице-министрдің айтуынша, жоба қазақстандық оқушылардың олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және зерттеу қызметіне қатысу мүмкіндіктерін арттырады. Сонымен қатар ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша ерте кәсіби бағдар беруге жағдай жасайды.

– Жобаны Алматы және Астана қалаларында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердегі талантты балалар үшін заманауи білім беру мүмкіндіктерін қалыптастырып қана қоймай, болашақта еліміздің барлық аумағына таралатын тиімді білім беру моделінің негізін қалайды», – деді ол. «Сириус» жобасына сексен пайыз қазақстандық мамандар тартылады, – дейді журналистермен сұхбатында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев. «Сириус – Қазақстан» жобасы дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға және олардың оқуы мен дамуына арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Ең басты ұстаным – бұл дарынды балаларды ерте анықтап, оларды ғылым, технология және жобалық қызмет бойынша тереңдетілген бағдарламалар арқылы жүйелі дамыту. Бұл тәуелсіз еліміздің барлық аумағындағы талантты оқушылардың тұрақты экожүйесін қалыптастырады. Комитет төрағасының сөзіне сүйенсек, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында және білім сапасын арттыруға, отандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді көздейді. – Бұл жоба аясында мектеп салынады. Сонымен қатар мектеп жанында жыл бойы жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған орталық болады. Оқу үдерісі еліміздің мемлекеттік стандарттарымен оқытудың заманауи тәсілдерін үйлестіру негізінде құрылады, – деді ол.

Негізгі басымдық математика, жаратылыстану, инженерия, жасанды интеллект және робототехника және жобалық зерттеу қызметтеріне беріледі. – Оқу-тәрбие процесі ұлттық мазмұнда енгізіледі. Мәселен, «Домбыра», «Ұлттық өнер», «Ұлттық спорт» курстары, сондай-ақ «Адал азамат», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да енгізіледі. Бұл заманауи білім мен ұлттық құндылықтардың мәдени бірегейлігін ұштастыруға мүмкіндік береді, – деді комитет төрағасы. Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, жобаға 80 пайыз қазақстандық мамандар тартылады. Сондай-ақ Ресейдің «Сириус» федералдық аумағының біліктілік арттыру бағдарламаларын қолданып, педагогтердің халықаралық деңгейдегі озық тәжірибелерін үйлестіруге де мүмкіндік береді.

– «Сириус» жобасы еліміздегі оқушылардың олимпиадаларға, ғылыми жобалық конкурстарына, зерттеу қызметімен айналысуға да кең мүмкіндіктер ашады деп отырмыз. Сонымен қатар бұл Қазақстанның барлық өңіріндегі математика, инженерия, физика бағытындағы дарынды балаларды оқытуға жағдай жасалады. «Сириус – Қазақстан» жобасы Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылады. Сондай-ақ дарынды балалармен жұмыс істейтін жүйені, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, – деді Қаныбек Жұмашев.

Бүгінде әлемдегі ең дамыған мемлекеттер білім мен ғылымды негізгі капитал ретінде қарастырады. Қазақстан да осы бағытты ұстанып отыр. Сондықтан «Сириус – Қазақстан» жобасы еліміздің болашағы үшін ерекше маңызды жобалардың бірі болмақ. Қазіргі таңда Қазақстанның алдында бірнеше маңызды міндет тұр: экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті азайту, технологиялық тәуелсіздікті күшейту, ғылым мен инновацияны дамыту, инженерлік және IT салаларын жаңа деңгейге көтеру. Бұл міндеттерді орындау үшін ең алдымен сапалы адами капитал қажет.

– «Сириус – Қазақстан» жобасы дәл осындай жаңа буын мамандарын дайындауға негіз болады. Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – оқушыларды ерте жастан зерттеу мәдениетіне, аналитикалық ойлауға және нақты мәселелерді шешуге үйретуі. Көп жағдайда дәстүрлі білім беру жүйесі теорияға көбірек көңіл бөледі. Ал бұл жоба тәжірибелік және жобалық жұмыстарға басымдық береді. Оқушылар ғылыми зерттеулер жүргізіп, инженерлік шешімдер ұсынып, заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйренеді, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Президенті Зүлфия Төребекова.

Бұл болашақта олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба өңірлік білім теңсіздігін азайтуға да ықпал етуі мүмкін. Қазақстанның әр аймағында талантты балалар бар, бірақ олардың барлығы бірдей сапалы білім мен заманауи ресурстарға қол жеткізе алмайды. Жоба осындай оқушыларға жаңа мүмкіндік ашып, олардың қабілетін дамытуға жағдай жасайды. Бұл әлеуметтік әділдік пен білімдегі тең мүмкіндіктің маңызды көрінісі.

– Меніңше, бұл мектептердің еліміздің білім жүйесіне әсері өте үлкен болады. Біріншіден, олар жаңа білім стандарттарын қалыптастырады. Яғни, басқа мектептер де осы тәжірибеге қарап, оқыту тәсілдерін жаңарта бастайды. Екіншіден, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді. Өйткені жоба аясында халықаралық тәжірибе, жаңа әдістемелер мен заманауи педагогикалық технологиялар енгізіледі. Үшіншіден, мектептер арасында бәсекелестік артып, білім сапасына деген талап күшейеді, – деді ол сөзінің соңында.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий