Балалық шақтың шуақты мекені
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мектебімізде жазғы лагерьлердің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қызықты ұйымдастыру мақсатында үш бірдей бағыттағы лагерьдің есігі айқара ашылды. Олар – «Жазғы Camp» мектеп жанындағы лагері, «Атамекен» киіз үй лагері және «Болашақ Lab» бейіндік лагері.
Мерекелік іс-шара әсем ән мен мың бұралған бимен басталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан кейін оқушылар «Ғажайып лагерь әлеміне» саяхат жасап, арнайы маршрут бойынша үш түрлі локацияда өздерінің ептілігі мен шығармашылығын сынады.
Алдымен «Спорттық станцияда» балалар тартысты эстафеталар мен көңілді ойындарға қатысып, белсенділіктерін көрсетті. Бұдан соң «Киіз үй станциясына» ат басын бұрып, ұлттық ойындар арқылы халқымыздың салт-дәстүрімен жақынырақ танысты. Ал «Шығармашылық станциясында» қыш құмыра жасау, сурет салу және аквагрим өнерімен айналысып, өз қиялдарын еркін өрбітіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдады.
Іс-шара барысында балалардың жүзінен шат күлкі, көздерінен қуаныш пен қызығушылық анық байқалды. Осындай жарқын сәттер олардың жазғы демалысының есте қаларлықтай басталуына негіз болды.
Балалардың жүзіндегі қуаныш – біз үшін ең үлкен бақыт. Барша бүлдіршіндерді мерекемен құттықтай отырып, жазғы демалыстары қызықты оқиғаларға толы, мазмұнды әрі қауіпсіз өтуіне тілектестік білдіреміз.
Алмагүл СЕГІЗБАЙ,
№91 мектептің директоры,
Астана қаласы



