“Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасын қуана қолдаймын, – дейді “Ақтөбе-Дарын” қосымша білім беру орталығының директоры Жаңылсын НҰРҒАЛИЕВА
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның…
Тәуелсіз елімізде ғалым да, шахтер де бас иетін ұстаздар күні мерекесінің болғаны қандай керемет десеңші! Бүгін менің қалам алып ұстаз туралы ой толғауыма негізгі себеп болып отырған да осы үлкен кәсіби мерекенің қарсаңында қолға алынған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасының республикалық деңгейде қанат қағуы.
“Ұстаз – мектеп жүрегі” деген салиқалы сөз бекерге айтылмаған. Әр бала ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен өзінің алғашқы мұғалімі кім екенін, қандай екенін бала көзімен бағалап, ең жақын адамындай жақсы көріп суреттеп айтып келеді. Осының өзі мұғалім үшін бір ғанибет көрініс. Мұғалім өз алдына келген әр үйдің бір-бір еркесін басынан сипап, өз аузынан шыққан сөздің олар үшін үлкен заңдылық екеніне, оны орындау керектігіне өз шеберлігімен иландыра біледі.
Еліміздің барлық аумағында әріптестерім мен қалың көпшіліктің көкейіндегіні дөп басқан бағалы бастаманы есітіп-білген бойда көз алдымда мұғалім мамандығының мықтылығын және таудай тұлғаны еске түсіретін, ең алғаш қолыма қағаз бен қалам ұстатып, әріптермен сөз жазғызған, сандармен есеп шығартқан аяулы да, қадірлі ұстазым Рахима апайым тұрды. Оқушылық бал дәурен күндерге бір саяхат жасап, сыныптастарыммен ойнап-күлген шуақты шақтар санаға оралды. Бала кезімде (көп балалы отбасында дүниеге келіп, он екі құрсақ көтерген анам – Бибі Батиманың тоғызыншы баласымын) соңымнан ерген кішкене інілерімнен қашып, текшеленіп жиналған төсектің төбесіне шығып отырып Әліппемді дауыстап оқитыным бір жылт еткендей болды. Қазіргі таңда мен де ұстазымның берген білім нәрі мен тәлім-тәрбиесі арқасында білім саласына өз үлесін қосушы педагогтер қатарынан екенімді мақтан етемін.
Менің алғашқы ұстазым – Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданынындағы Қарақобда кентінің байырғы тұрғыны, қазіргі таңда құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер әже – РАХИМА ЗЕЙІНҚЫЗЫ КӨЗДІБАЕВА. Ұстазым нәзік жанды, атына заты сай, өте қарапайым, қайырымды адам. Ұстазымның ешқашан қатты дауыс көтергенін білмейді екенмін. Жолдасы Бақытжан аға екеуін ұл мен қызды тағылымды тәрбиелеп, немере сүйген елге елеулі мерейлі отбасы ретінде танимын. Мектеп қабырғасынан қанаттанып кеткелі қазанының қайнауы қатты қала өмірінде шыңдалып жүрумен ұстазымды арнайы құттықтап барған кезім болмап еді. “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жоба арқылы ұстазыма ізгі ниеттегі шынайы құттықтауымды жеткізіп, “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің бір жылдық жазылымын сыйға ұсынуға шешім қабылдадым. Тәжірибелі тәлімгерім осы апталық басылым арқылы тәрбиелеп шығарған өз шәкірттерінің тәуелсіз мемлекетімізді ілгері дамыту мұратында атқарған игілікті істерінің куәсі болсын демекпін!
“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің редакциясына “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасы арқылы барлық азаматтарға ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетілуіне жол ашқаны үшін алғыс айтып, шығармашылық табыстар тілеймін!
Жаңылсын Достанғалиқызы НҰРҒАЛИЕВА,
“Ақтөбе-Дарын” өңірлік ғылыми-тәжірибелік
қосымша білім беру орталығының директоры
Ұстаз еңбегін ардақтаған шәкіртіме көп рақмет! Алла жар болсын! Денің сау болып, еңбегің жана берсін, отбасыңа қуаныш тілеймін!
Керемет мақала екен, ұстаз бен оқушы арасындағы үлгілі қарым-қатынас байқалады. Мақаланы оқыған соң өз ұстазымды еске түсіріп, жақсы көңіл-күйге бөлендім. Рақмет, әріптес!
Ұстаз туралы мақалаңызды оқып, әр адамның ұстаз алдынан өтетінін, ол ұстаздың Сенің өміріңнен алатын орны ерекше екенін сағынышпен еске аласың. Бақытты балалық шақ, алғашқы ұстаз бәрі Сенің өміріңнің алғашқы баспалдағы. Сондай ұстаздар арқасында, мен де Сіз секілді ұстаздық жолды таңдадым. Мақалаңыздың мазмұнды әрі ой саларлықтай болғаны соншалық оқи отырып өз балалық шағыма бір сапар шеккендей әсерде болдым. Елмен бөлісер әдемі ойларыңыз бен мазмұнды мақалаларыңыз көбейе берсін дегім келеді.
Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында ұстазға деген жылы сезім мен құрметтің, туған ауылы мен алтын ұя мектебіне деген сағынышын танытқан.
Алғашқы ұстаз – әр адамның санасында мәңгілік сақталатын, өмірінің соңына дейін бас иіп өтетін ардақты да қасиетті тұлға.
Біз де ұстазы туралы өрейлі ойымен бөліскен Жаңылсын Достанғалиқызына шығармашылық табыс тілейміз!
Мен бүгін досым Нұрғалиева Жаңылсынның Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен атты жазған мақаласын оқып, бір қуанып қалдым. Ұстазын сыйлаған, ұстазын бір сәтте есінен шығармай дәріптеп жүрген адам, ең бакытты адам деп ойлаймын. Жаңылсын ұстазынан көргенін, біліп үйренгенін, әрқашан аузынан тастамай достармен жиналғанда айтып отырады. Жаңылсын өзі де ұстаз, көптеген шәкірт дайындаған адам. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық аумактарында еңбекте. Жаңылсын досымыз өзі еңбекқор, досқа берік, жақсы жар, аяулыда ардақты Ана! Біз Жаңылсын досымызға зор денсаулық тілеп, еңбегің жана берсін демекпіз!!!