“Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!”: Қолдауға тұрарлық маңызы зор әлеуметтік жоба
Қазақстан ұстаздарының күнделікті кәсіби өмірінде өте қажетті де сенімді, білім саласындағы озық тәжірибе мен жаңалықтардың жаршысына айналған өз басылымдары бар. Ол – “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газеті!
Жақында осы апталықтың тұрақты оқырмандарының бастамасымен жарияланған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” атауындағы тағылымды да тартымды әлеуметтік бағыттағы жаңа жобамен таныстым. Ұсыныстарымен бөлісушілердің пайымдарын оқығанда біздің аға буын өкілдеріне сабақ берген ұстаздар мен білім алған мектептерді, артта қол бұлғап қалған балалық шағымызды, алтын бесік туған жеріңді сағынышпен еріксіз еске аласың.
Мен бірінші сыныпқа 1961 жылы бардым. Ол кезде біздің ауылымызда мектепке лайықталған арнайы ғимараты болмады. Сондықтан төртінші сыныпқа дейін шағын елді мекеннің ортасында орналасқан және бір бөлмесіне парталар қойып, қабырғасына қара тақта іліп қоятын жекеменшік үйлерде оқыдық (1-класста Керімбаев Алданияз есімді мұғалімнің баспанасы болатын). Біздерге сауат ашуды үйреткен бастауыш мұғалімдері Қыдыр Нұржауов пен Оңғар Болатов ағайларымыздың есімі мәңгі ұмытылмақ емес.
Кейіннен сегіз жылдық мектеп салынды. Қазақ тілі мен әдебиетінен Ұлы отан соғысының ардагері Ақжолов Ережеп, химиядан Үкібаев Сапаралы, географиядан Әріпбаев Тешебай, математикадан Аманбаев Адамбай, оларға қосымша сол кезде мектепке келген бір топ жас мұғалімдер физикадан Елемесов Хамит, геометриядан Мошқалов Тіллабай, неміс тілінен Абилдабеков Әкімбай, денешынықтыру пәнінен Елібек Ақжолов есімді ұстаздар дәріс үйретті. Тау тұлғалы ұстаздарымызды бірге оқыған сыныптастармен кездесулерде ерекше жылықпен және балалық шаққа саяхаттау барысында жиі еске аламыз.
1964-1965 оқу жылдары арнайы ашылған ұядай білім ордасы, бүгінгі таңда заманауи жаңа архитектуралық жобамен салынған Д.Қонаев атындағы №47 орта мектебі аталады. Мен сол мектепті бітірген соң Сарыағаш қаласындағы Қаныш Сатпаев атындағы №10 орта мектеп интернатта 1969-1971 жылдары оқыдым. Ол жерде біздерге тарихтан сабақ берген Ұлы отан соғысының ардагері, запастағы офицер Шарипов Абдыхалық, математика пәнінің мұғалімі Мырқиев Мыңтай, физика пәнінің мұғалімі Мұсылманқұлов Қыдырбай, класс жетекшіміз Қыдырбаев Сұннат сынды ұстаздарымның есімі әркез менің есімде. Қазіргі кезде бұл білім ордасы Қаныш Сатпаев атындағы №10 мектеп-гимназия интернаты атауымен танымал. Алғаш рет әріп пен санды үйреткен, тәлім мен тәрбие дарытып, білім берген, үлкен өмірге жол көрсеткен ұлағатты ұстаздарымыздың қажырлы қызметін кейінгі жастар жарасымды жалғастыруда.
Алдыңғы ағартушылардың бүгінгі ізбасарлары Мырзақұлов Оспан Жылтайұлы және Дәне Мұрат Сейтжанұлы жетекшілік жасайтын ұйымшыл ұстаздар ұжымындарын алда келе жатқан кәсіби төл мереке – педагогтер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге мықты денсаулық пен баянды бақыт тілеймін! Шәкірттеріңіз биік шыңдардан көрініп, еңбектеріңіз ақтала берсін! “Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті” дейді халық даналығы. Сондықтан есімдеріңізді елімізге жария ететін бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болсын! Және осы екі мектептің мұғалімдер бөлмесіне “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің жаңа 2019 жылға арналған басылымын тарту етуді ұйғарғанымды хабарлаймын.
Қадырбек Қозыбайұлы БӨРІБЕКОВ,
Білім және ғылым министрлігінің
қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан
Республикасы білім беру жүйесінің
Құрметті қызметкері, Түркістан облысы
Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы
Загрузка...