Елу жылдан соң…
Тоқсан бес жастағы қариядан “Ата, жарық дүниеге, өмірге келіп аз жас жасамапсыз, тоқсан бек жасқа келіпсіз, тағдырыңызға ризасыз ба?”– деп, сүрапты немересіндей бір азамат. Сонда, әлгі кәрия: “Е, шырағым, қарағым! Біздің өміріміз, аумалы-төкпелі, ашаршылық пен тар жол, тайғақ кешу, ұрыс-соғыс, қиыншылық заманда өтті ғой! Көрмеген қорлығымыз жоқ десек те болады… Дегенмен, әрбір пенденің өз жолы, өз тағдыры, өз өмірі болады ғой. Қаншалықты біздің өміріміз қиыншылықпен өтсе де, Аллаға шүкір, азды-көпті, халықпен бірге көрдік. «Көппен бірге көрген – ұлы той» деген. Ал, бір жағынан ойласам: “тоқсан бес жас жасапсыз, ол дегеніңіз – үлкен жас қой” деп, таңырқап та, қызығып та отырсың. Осы өткен өмірім – «Бір есіктен кіріп, екіншісінен шыққандай, көзді ашып-жұмғандай, қамшының сабындай қысқа өмір, шіркін, өтті-кетті ғой, шырақ! – деген екен қария. Сол секілді бұл жалған дүниеде адам баласының өмірінің желдей есіп өтіп те кетерін сезбей де қалатыны рас.
1967 жыл, жаз айлары…
Біз, бір топ мектеп бітіруші өскелең он жеті, он сегіз жастағы жас түлек орта мектепті бітіріп, көбісі жоғарғы оқу орындарына оқуға талап білдірді. Бір айта кететін жәйт – біздер ол кездерде Өзбекстанға қарайтынбыз. Турасын айту керек, көбіміз арман болған ертегі қала, жастар қаласы Алматыға оқуға түсу – арманның арманы еді. Біздің Мырзашөлдегі Мақтаарал ауданынан он төрт талапкер ұсыныс-өтініш жолдама хатпен Алматы қаласына, сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Маханбет Бекболатов ағамыздың басшылығымен шілде айының бастапқы күндерінде Алатау тауының бойында ғимарат, көшелері бойжеткен қыздардың мұнтаздай етіп жинап қойған жүгіндей орналасқан керемет, ғажайып қалаға келіп, өзіміз қалаған жоғарғы оқу орындарына құжаттарымызды тапсырдық.
Біз, үш жігіт Тұрсынбек Бекболатов, Қасымхан және мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының құрылыс-инженері факультетіне аттестаттарымызды өткізіп, «абитуриент» (үміткер) деген уақытша құжат алдық. Күндіз-түні тынымсыз дайындықтың арқасында негізгі үш пәннен 13-14 балл алып, үшеуміз де бірінші курстың студенттері атандық. Сол кезеңнен бастап бес жылдық баға жетпес студенттік өміріміз басталып-ақ кетті…
Оқуға түсе салысымызбен бізді Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Педжим елді-мекеніне жүгері дақылдарын жинауға апарды. Міне, сол жерде Қазақстанның әртарапынан келген болашақ студенттік достарымызбен жүзбе-жүз шүйіркелесе танысқан болатынбыз.
Студенттік бес жылдық өміріміз де аса қызықты өтіп жатты, қатал жоғарғы оқу талаптарын да бастан кешуге тура келді. Әрбір жарты жыл сайынғы сессияларда, зачет, емтихандарды тапсыру да көп жігіт-қыздарымызға оңайға соқпады, әсіресе, бірінші, екінші курстар қазақ мектебін бітіріп келгендерге орыс тілінде оқып, сынақтардан өту көптеген қиыншылықтар туғызды.
Студенттік өмірдегі бір-екі жағдайлар есіңе түседі екен. Біздерге жалпы химия пәнінен Тұрсын Сәлібаев деген кісі (әйгілі әнші Жамал Омарованың туған інісі) өзі толық келген, жүріс-тұрысын көргенде кімді болса да еріксіз күлдіріп, үнемі хош көтеріңкі көңілде жүретін ұстазымыз еді. Бірінші курстың қысқы сессиясы басталар алдында бүкіл поток студенттеріне лекция сабағын оқып тұрып, ағайымыз Қызылордадан келген бір жігітті орнынан тұрғызып:
«Балам, сен айтшы, менің қарапайым сұрағыма жауап берші: Мына қабырғада ілулі тұрған Менделеевтің химиялық картасындағы Алюминий мен Мыс, қайсысының салмағы ауыр?» – деп, сұрады.
Әлгі, жас жігіт, тосыннан қойылған сұрақтан абдырап, сасқалақтап қалды ма, қойшы:
– Ағай алюминий ауыр деп жауап берді. Ағайымыз: Қайдан келдің, балам? – деп, сұрап, біліскен соң, сөзін жалғастырып: Е, балам! Сенің жағдайың белгілі болды. Менің саған ағалық, әкелік ұсынысым, сен мына Алматыда қысылып, қиналып, әбіржіп жүргеннен гөрі, өзіңнің кең жайлау, ата қоңысың, туған жеріне барып, бір отар қой, 4-5 үйір жылқы, түйе алып, таза ауада еркін, кең тыныстап, қымыз, қымыран, шұбатты, қазы-қартаны, құрт, ірімшік, сары майды қарның тойғанша ішіп-жеп, қызара бөртіп жүрмейсің бе? – деп, бәрімізді бір жағынан күлдіріп айтса да, қатты ойландырып тастаған еді…
Сол жылдары техникалық институттарда мынандай әзіл-шыны аралас сынақ сөз қалыптасқан болатын: «Сопрамат сдашь – можешь жениться! Сопрамат сабағын тапсырсаң – үйлене бер!» деген. Расында да, біз оқыған инженерлер дайындайтын он факультеттің барлығынан да қиыны осы сопрамат болатын. Өзге сабақтарда одан осал емес-тін. Мысалы, строймех, железобетон, металл, ағаш конструкциялары, теормех деген сабақтар…
Үш-төрт жыл бойы әр жаз айларында Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы аудандарға стройотряд қатарында барып, мектептер, аурухана, тұрғын үйлер салдық. Шетелдерден, бір жылдары Павлодардың Майқайын – алтын кентіне Венгриядан он студент жігіт, қыздар келіп, біргелесіп мектеп, үйлер салдық. Бір қызығы, бір-бірімізбен шүйіркілесіп, амандасып, тіл табысып кеттік. Ойын-оспақ, әзілдеріміз де өте жарасатын расында да, біршама, біраз тілдерді біздің қазақ тілімізге ұқсастығын қайран, таң қалатынбыз.
Қара нанды бөліскен, бір қазаннан сорпа-көже ішкен, туған күндерімізді тойлап, алғашқы жігіттеріміз өмірлік жарларына жолығып, «Досмұқасандық» достарымыз «Той жырын» айтып, қуаныштарымызды бірге бөлісіп жүріп, бір-бір қызыл-көк түсті диплом алып, кеудемізге жоғары білімді деген ромбиктерімізді тағып алып, костюмімізді күннің ыстығына қарамастан киіп алып, елге ата-анамыздың алдына марқая, мақтанышпен, кеудемізді ерекше қуаныштар кернеп қайтқан, кездеріміз де көз алдымызда…
Міне, сол студенттік жылдар, ең бір қымбат та, қайталанбас жастық шақты еске алу сәті де желдей есіпкеліп те қалыпты. 1967 жылдан бері – 55 жыл өтіп кетті…
Осы ұлағатты мерекені тойлап, атап өтуге биылғы жылдың маусым айының 9-10 жұлдыздарында оқу ордамыз, бүгінгі академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық Университетінің орталық оқу ғимаратында ректор, ұстаздармен 1972 жылы бітірген Құрылыс инженерлері, біздер, Қазақстанның әртарапынан, түпкір-түпкірінен жиналдық. Бір-бірімізді көрісіп, шүйіркелесіп, табысып жаттық.
Ұстазымыз Тілек Ақбердин бізді көріп өзінің де жігерлі жастық шағын еске алды, ағалық жақсы тілегін білдірді.
Турасын айтсақ, жасымыз келіп, самайларымызға ақ түсіп, жүздеріміздің қартайғаны болмаса, көңіл, шіркін, қартаймағандай. Өткен-кеткендерімізді еске алып, бір марқайып қалдық.
Ортамызда академик, экономика ғылымдарының докторлары Жөкен Мәкейұлы, Дельфруза Есенберлина, елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер, ардагерлер, «Құрметті құрылысшылар» Қайрат Шотпақов, Мелик Алпысбаев, Сапарғали Омаров, Амантай Қуанышев, Бақыт Құлтанов, Жұмабек Қыстауов, Марат Ғабитов, Нұрқанат Исабаев, Талап Шилманов, Санат Сырғабаев, Ибрагимов Шакизада, Байымбетов Сатқар, Асанов Болыс, Тілеуберді, Саттаров Пердебай, Өскенбаев Мамыр, достарымыздың жұбайлары Мира, Нәйлалар болды.
Екі күндік елу жылдық мерекелік кеш Қарғалыдағы қазақтың ұлттық дәстүрлі, сәулетті дизайнымен, соңғы үлгіде салынған комплексті жеті қара үйлерден құралған табиғаты тамаша жерде өткізіп, Құдай қаласа, бес жылдан кейін кездесуді нәсіп етсін деген ниетпен, қайда жүрсек те, аман-есен, сау-саламат болайық деген тілектестікпен, бір-бірімізді қимастан қоштастық…
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
құрылыс инженері
Алматы қаласы
Загрузка...